Accessibility links

Манафорт Бакиевке жұмыс істеген бе?


Дональд Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафорт
Дональд Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафорт

Дональд Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафорттың Қырғызстандағы "ықтимал әрекеттері" туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр. "Проект" басылымы 2005 жылы Манафорттың Бішкекке барып, АҚШ-тың "Манас" әуе базасын "жабу идеясын көтергені" туралы деректерді жариялады. Бірақ сол кезде Бакиевке жақын болған адамдар мен 2005 жылы жұмыс істеген шенеуніктер "мұндай ақпараттан хабарымыз жоқ" дейді.

"Проект" басылымы дерек көздеріне сілтеме жасап, Пол Манафорт Бішкекке әріптесі Константин Килимникпен бірге барған деп жазды. Журналист-зерттеушілердің дерегінше, саяси технологтардың Бішкекке сапарын ресейлік олигарх Олег Дерипаска қаржыландырған. Мұны олар сарапшылармен жұмыс істеген адамдарға сілтеп мәлімдеген.

"Ар-намыс" партиясының лидері Феликс Кулов 2005 жылғы наурыз айындағы төңкерістен кейін Құрманбек Бакиевпен тандем құрып, ол президент болып сайланғаннан кейін премьер-министр болған. Азаттыққа берген сұхбатында ол АҚШ әуе базасын жабу идеясын көтерген саяси технологтар жайлы ештеңе білмейтінін айтты.

Феликс Кулов.
Феликс Кулов.

- Бұл жайлы ештеңе білмеймін. Өйткені саяси технологтардың жұмысына араласқан жоқпын. Ал Бакиевтер өз саяси технологтарының командасын құрған. Бірақ әлгі командаға кімдердің кіргенін айтқан емес, - дейді ол.

Азаттықтың сұрағына Бакиевтермен тығыз жұмыс істеген өзге адамдар да осы сарында жауап берді. Олар - 2007 жылға дейін президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған Токон Мамытов, бұрынғы сыртқы істер министрі Аликбек Жекшенқұлов, сол кездегі мемлекеттік хатшы Адахан Мадумаров, бұрынғы бас прокурор Элмырза Сатыбалдиев.

Бірақ олар 2005 және 2009 жылғы сайлаулар кезінде бұрынғы президент шетелдік саяси технологтардың қызметіне жүгінуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

"ШЕТЕЛДІК САЯСИ ТЕХНОЛОГТАР КЕЛГЕНІ ЕСІМДЕ"

2005 жылы Бакиевтің Бішкектегі сайлауалды штабын басқарған, ал кейінірек сыртқы істер министрі болған Эднан Қарабаев "шетелдік саяси технологтар келгені есімде" дейді.

- Саяси технологтар сайлаулардың бәрінде жұмыс істейді емес пе? Мәселе олардың қайдан келгенінде - ТМД елдерінен бе, әлде алыс шетелден бе? Мысалы, Бішкектегі сайлауалды штабын мен басқардым. Бізде саяси технологтар болған жоқ. Бірақ республикалық штабта кеңесшілер болған шығар. Ал кім болғаны қазір есімде жоқ, - дейді ол.

Қарабаевтың сөзін Құрманбек Бакиевтің бұрынғы баспасөз хатшысы Нұрлан Шакиев те растайды.

- 2005, 2009 және 2015 жылдары өткен сайлауларда шетелдік саяси технологтар болған. Кейбіреуін өзім де көрдім. Қызметі үшін қыруар ақша сұрағандықтан, арамызда кикілжің де туған, - дейді ол.

Бірақ Азаттық әңгімелескен сарапшылардың сөзінше, саяси технологтар америкалық базаны жабу мәселесін көтермеген, сайлауда жұмыс істеген.

Сондықтан Манафорт пен Килимник Бішкекке "Проект" басылымы жазғандай, америкалық базаны жабу идеясын өткізу үшін емес, сайлау кезінде Бакиевке қызмет ету үшін барған деген болжамдар айтыла бастады.

Қоғам қайраткері Эдиль Байсалов Манафорттың Қырғызстанмен байланысы туралы тараған соңғы ақпаратты өздігінен зерттеп көрген. Ол саяси технологтың Бішкекке сапарын "Олег Дерипаска қаржыландырған" деген ақпаратқа сенеді.

Байсаловтың топшылауынша, Дерипаска саяси технологтарды Қырғызстанға өзінің бизнес-мүддесі үшін жіберген.

Эдиль Байсалов.
Эдиль Байсалов.

- Манафорт пен Килимник Дерипаскаға жұмыс істеген және 2005 жылы Қырғызстандағы сайлауалды компанияға қатысқан деген ақпаратқа таң қалмаймын. Өйткені ол кезде Дерипаска Қырғызстанға келіп жүрген. Біздің елде бизнес-мүдделері болған.

Шындығында, сол жылдары Олег Дерипаска Қырғызстандағы бірнеше жобаға көз тігіп жүрген. Ол "Қамбар ата" ГЭС-і мен "Сандық" кенішінен кен өңдейтін зауыт құрылысын жүргізуді жоспарлаған. Дерипасканың жобалары туралы кезінде жергілікті басылымдар жазған.

Бірақ Пол Манафортты Қырғызстанмен өзге жайттар да байланыстыруы мүмкін. Ол Украинаның сол кездегі президенті Виктор Януковичтен алған ақшаны Бішкектегі "АзияУниверсалБанк" арқылы аудартқан.

2017 жылы наурыз айында украиналық депатут Сергей Лещенко "кей табысын жасыру үшін Пол Манафорт 2009 жылы Белиз аралдарында тіркелген офшор компания мен қырғызстандық банкті пайдаланды" деп мәлімдеген.

Ол кезде "АзияУниверсалБанкі" Құрманбек Бакиевтің баласы Максим Бакиев пен оның әріптесінің иелігінде болған.

Эдиль Байсалов америкалық саяси технолог Қырғызстанның бұрынғы билігімен Максим Бакиевтің шетелдік әріптестері арқылы байланыс орнатуы мүмкін деп топшылайды.

- Егер ол кезде бұл банк арқылы ақша аударылған болса, сайлау науқанына жетекші консультанттар шақырылған шығар. Михаил Надель ("АзияУниверсалБанкі" директорлар кеңесінің төрағасы – ред.) мен өзгелер Манафортты шақырып, Бакиевке сайлау науқаны кезінде көмектесуі әбден мүмкін. Украина президентінің сайлау науқанын жүргізген адамның көмегіне жүгіну Қырғызстан билігі үшін өте маңызды болды, - дейді сарапшы.

ПОЛ МАНАФОРТ

Кезінде Филиппин аралдары мен Африканың кей елдерінде жұмыс істеген саяси технолог Пол Манафорт 2005-2015 жылдары Украинада саяси кеңесші болып жұмыс істеген. Ол Еуромайдан басталғаннан кейін елден қашып кеткен Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің және ресейшіл "Аймақтар" партиясының сайлау штабында жұмыс істеген.

2016 жылы наурыз айында АҚШ-та сайлау науқаны қызып тұрған кезде Пол Манафорт Дональд Трамптың сайлау штабына қосылып, сол жылы маусымда оның жетекшісі болды. Бірақ украиналық "Аймақтар" партиясының оған 12,7 миллион доллар көлемінде ақша төлегені, ал оның салық төлеуден жалтарғаны жария болған кезде штаб бастығы қызметінен кетуіне тура келген.

АҚШ-тағы президент сайлауына Ресейдің ықтимал килігуін тексеріп жатқан арнайы прокурор Роберт Мюллер 69 жастағы Пол Манафортқа 18 пункт бойынша айып таққан. 21 тамызда алқабилер соты оны сегіз пункт, оның ішінде банктік алаяқтық, салықтан жалтару, шетел банкіндегі есепшоты барын жасыру баптары бойынша кінәлі деп тапты. Бұл айыптар Манафорттың Трамптың сайлауалды штабында атқарған жұмысына я болмаса Ресейге тікелей қатысы жоқ. Саяси технолог бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, кінәсіз екенін айтқан.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Бақыт Асановтың мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG