Accessibility links

Украина Манафорттың істі болғанына неге қуанды?


Дональд Трамптың сайлау штабын басқарған Пол Манафорт федералдық сот ғимаратынан шығып барады. Вашингтон, 30 қазан 2017 жыл.
Дональд Трамптың сайлау штабын басқарған Пол Манафорт федералдық сот ғимаратынан шығып барады. Вашингтон, 30 қазан 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлау науқанын басқарған Пол Манафортқа Вашингтон айып тақты. Украинаны Янукович басқарған кезде оның кеңесшісі болғаны үшін Манафортты ұнатпайтын Украина азаматтары қазанның 30-ы күні қабылданған ФБР шешіміне қуанып жатыр.

2016 жылы өткен АҚШ президенті сайлауында Дональд Трамптың үгіт-насихат науқанының жетекшісі болған Манафорт пен оның бизнес-әріптесі Рик Гейтсті арнайы прокурор Роберт Мюллер ФБР тұтқынына түсірді.

АҚШ қаржы министрлігі Мюллерге Ресейдің АҚШ президенті сайлауына араласуын және Трамптың сайлау науқанына ресейлік шенеуніктердің қатысы бар-жоғын тексеруді тапсырған болатын.

Нәтижесінде Манафорттың украиналық қаражатты шетелдік жалған компаниялар арқылы шетке шығарып, жылжымайтын мүлік, қымбат көліктер мен сәнді костюмдерге жұмсағаны белгілі болды.

Манафортты 2010 жылы Украина билігіне Януковичтің келуіне көмектесті деп айыптайды. Одан алты жыл бұрын Януковичтің жеңісіне халық қарсы шығып, Украинада «қызғылт-сары» төңкеріс болған.

Манафортқа тағылған айыптың басым бөлігі Украинадағы жұмыстарына қатысты, оны Мәскеуге қатысы бар немесе сайлауға әсер етуге тырысқан Ресейдің қолшоқпары деп тікелей атамаған.

Пол Манафорттың бизнес-әріптесі Рик Гейтстің сот ғимаратынан шығып бара жатқан сәті. Вашингтон, 30 қазан 2017 жыл.
Пол Манафорттың бизнес-әріптесі Рик Гейтстің сот ғимаратынан шығып бара жатқан сәті. Вашингтон, 30 қазан 2017 жыл.

Азаттыққа Барселона әуежайынан телефон арқылы хабарласқан украиналық депутат Сергей Лещенко Манафорттың істі болуына қуанышты екенін жасырмады. Ол «бұл - тамаша жаңалық!» дейді. Лещенко - Януковичтің Аймақтар партиясының Манафортқа 2007-2012 жылдар аралығында 12,7 миллион АҚШ долларын жасырын төлегені туралы алғаш шу көтерген адам.

Янукович 2014 жылы Ресейге қашқан кезде украиналық шенеуніктер мен журналистер Янукович пен оның командасы мемлекеттік қордан миллиондаған долларды ұрлады деп айыптады, қазіргі билік ол 2013-2014 жылғы бейбіт шеруде шерушілерді атуға бұйырған деген айыпты да дәлелдеуге тырысып жатыр.

«Манафорттың қамауға алынғанына өте қуаныштымын, себебі ол Украинадағы ең жоғары деңгейдегі жемқорлыққа араласты. Ол украиналық салық төлеушілерден ақша ұрлады. Әлемдегі ең жемқор адамдардың біріне президент болуға көмектесті» дейді Лещенко.

Украина депутаты Сергей Лещенко. Киев, 19 тамыз 2017 жыл.
Украина депутаты Сергей Лещенко. Киев, 19 тамыз 2017 жыл.

«Қара касса» ісі туралы алғаш рет 2016 жылдың тамызында The New York Times газеті жазған, содан соң Манафорт Трамптың сайлау науқаны басшылығынан кеткен.

Манафорт пен Гейтске прокурор Мюллердің кеңсесі 12 бап бойынша айып тақты, оның ішінде «АҚШ-қа қарсы астыртын келісімдер жасаған, ақша жымқыру үшін сөз байласқан, шетелдік агент ретінде тіркелмей әрекет еткен, жалған мәлімдемелер жасаған, шетелдік банк және қаржы шоттарын жасырған» деген баптар бар. Айыбы дәлелденсе Манафорт ондаған жылдарға түрмеге қамалуы мүмкін.

Айыптау қорытындысында 2006-2015 жылдары Манафорт пен Гейтстің Януковичтің және оның Аймақтар партиясының тіркелмеген агенттері ретінде жұмыс істегені айтылады. Кейін ол партияның орнына келген «Оппозициялық блокқа» да сондай «қызмет көрсеткен».

Янукович көптеген одақтастарын ертіп 2014 жылы Украинадан қашып кетті, одан кейін елде «Еуромайдан» аталған Батыс елдерімен жақындасуды қолдайтын наразылық шеруі өтті. «Оппозициялық блок» жетекшілерінің көбі Киевте қалды, Манафортпен ұзақ уақыт әріптес болған Константин Килимник ақпан айында Азаттыққа берген эксклюзивті сұхбатында «Оған Украина туралы ақпараттар беріп отырдым» деген еді. Манафорттың айыпталуы туралы оның пікірін білу мүмкін болмады.

Айыптау қорытындысында Манафорттың «АҚШ-та аста-төк өмір сүру үшін 18 миллион доллар жымқырғаны, бірақ оған салық төлемегені» айтылады. Гейтс офшорлық шоттардан үш миллион доллардан астам қаржы жымқырғаны үшін айыпталды.

Украиналықтардың көбі, әсіресе жемқорлыққа қарсы белсенділер мен сол саланы зерттеуші журналистер бұл жаңалыққа қуанып жатыр. «Америкалық журналистер «Манафорттың берілгені» туралы хабарлап жатқанда, украиналықтар қуаныштарын жасырмады» деп жазды «Новая газета» журналисті Кристина Бердинских.

Танымал украиналық блогер Алена Яхно Facebook парақшасында «Бүгін Сергей Лещенко үшін мейрам. Кекеткенім емес. Осының бәрін сол бастаған болатын» деп жазды. Украиналықтардың біразы енді Киев Манафортқа қарсы өзінің тергеуін бастайды деп болжады.

Бірақ Украинаның жемқорлыққа қарсы бас прокуроры Назар Холодницкий Азаттық радиосына Манафортқа тағылған айыпқа таңданғанын айтып, Киевтің тергеу бастайтын-бастамайтынын мәлімдеуге әлі ерте екенін ескертті. «Бұл қызық екен» деген ол енді өз кабинеті Мюллердің айыптау актісін зерттейтінін хабарлады.

Украина президенті Петр Порошенконың әкімшілігі айыптау актісіне пікір білдіруден бас тартты. Порошенконың биліктегі партиясының мүшелерінің бірі Владимир Ариев Азаттыққа «Манафортты айыптау дұрыс не бұрыс екенін білмеймін. Көре жатармыз» деді.

Оның пікірінше, «АҚШ билігі өтініш білдірсе, Украина көмек көрсетуге әзір». Соған қарағанда Украина Манафорт ісімен белсенді түрде айналыспайтын тәрізді. Украина прокурорлары 2015 жылғы іске қатысты Манафортты тергемек болып, АҚШ-қа бірнеше рет өтініш білдірген еді. Бірақ олардың өтініші жауапсыз қалған.

Қыркүйек айында Азаттыққа пікір білдірген Килимник 2014 жылдан бері Манафортпен жұмыс істемейтінін, бірақ онымен байланысын үзбегенін айтты. «Олар аяусыз тексереді, демек Манафорт қаржылық былығы үшін жазасын алады» дейді ол.

XS
SM
MD
LG