Accessibility links

«Қақтығысты қарапайым өзбек пен қырғыз бастаған жоқ»


Өзбек әйел жоғалып кеткен туысқанының суретін ұстап, наразылық танытып тұр. Ош, 20 маусым 2010 жыл
Өзбек әйел жоғалып кеткен туысқанының суретін ұстап, наразылық танытып тұр. Ош, 20 маусым 2010 жыл

Былтырғы маусым айында Қырғызстанның оңтүстігінде болған этникалық топтар арасындағы қақтығыстың себептерін анықтауға тырысқан Ұлттық комиссия сейсенбі күні тергеудің қорытындысын жариялады.


Комиссия өткен жылы 400-ден аса адамның өмірін қиған қақтығысқа не түрткі болды деген мәселені анықтап, ұлтараздық тудырған арандатушыларды табу мақсатында құрылған.

Қаңтардың 11-і, сейсенбі күні баспасөз мәслихатын өткізген комиссия Қырғызстанның оңтүстігінде маусым айында қырғыздар мен өзбектер арасында болған қанды қақтығысқа жергілікті өзбек диаспорасының жетекшілері, бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің туыстары, есірткі саудагерлері, діни экстремистер мен сыртқы күштер жауапты деп мәлімдеді. Сонымен қоса уақытша үкіметті де этникааралық толқулардың алдын алмады деп сынап өтті.

КІМ КІНӘЛІ?

Комиссияның төрағасы Абдығани Еркебаевтың мәлімдеуінше:

«Түрлі күштер, оның ішінде этникалық өзбек жетекшілері үкіметтің әлсіздігін пайдаланып, өз мүдделеріне жету үшін әрекет етті. Ол қырғыз халқының наразылығын тудырып, қарсылыққа тап болды. Бұған дейін саяси күресті қолданып келген Бакиевтер осы жағдайды да пайдаланып қалуға тырысып, тағы бір қоздырушы күш ретінде қосылды. Қақтығысқа қылмыстық топтар, есірткі тасымалдаушылар, бірқатар экстремистік ұйымдар, тіпті шетелдіктер араласқан».
Қақтығысқа қылмыстық топтар, есірткі тасымалдау-шылар, бірқатар экстремистік ұйымдар, тіпті шетелдіктер араласқан

Билік өкілдері бұған дейін де дәл осындай айыптаулар айтып келген. Бірақ, бұл жолғы есепте уақытша үкіметте қызмет атқарған бірқатар жоғары лауазымды адамдардың аты-жөні аталады. Маусым айындағы ұлтаралық толқуды тоқтата алмады деген айып тағылған шенеуніктердің бірсыпырасы әлі де мемлекеттік қызметкер. Олардың ішінде бұрынғы вице-премьер Азимбек Бекназаров, үкіметтің оңтүстіктегі арнайы өкілі Исмаил Исаков, қауіпсіздік қызметінің басшысы Кенешбек Дүйшебаев, бас прокурор Байтемир Ибраев және ішкі істер министрі Болот Шерниязов бар.

Бүгінде Дүйшебаев пен Бекназаров бұрынғы қызметтерінде қалса, Исаков – Социал-демократиялық партиядан парламентке өтіп, қорғаныс комитетін басқарып отыр. Атамекен партиясының мүшесі Болот Шерниязов - депутат, ал Ибраев зейнетке шыққан.

Тергеу жұмыстарын жүргізгендер билік өкілдерінің қақтығыстың алдын алуға болатын мүмкіндіктері болды деп отыр. Оған дәйек болатын мәліметтері бар екенін де алға тартқан. Осы тұрғыда Ұлттық комиссия қырғыз президентін, парламент пен үкіметті бұл азаматтарға қатысты қатаң шара қолдануға шақырды.

«АЙМАҚ БАСШЫЛАРЫ ДА ТЕРГЕЛСІН!»

Комиссия төрағасының орынбасары болған этникалық өзбек Бахтойор Фаттохов Азаттық радиосына берген сұқбатында, аймақтық және жергілікті ресми өкілдер де есепке алынуы тиіс деді:

«Жергілікті биліктің басым бөлігінің қылмыстық құрылымдарға қатысы бар. Сол кездегі қылмыстық мүдделер этникааралық жағдаймен араласып, әрқайсысы өздеріне тиімді жағын қармап қалуға тырысты. Қырғызстанның оңтүстігі есірткі тасымалының дәлізіне айналған. Біз қазір парламент пен президентке жергілікті билік өкілдерінің маусым оқиғаларына қатысы болған-болмағанын тергеуді ұсындық.

Бұл ұсынысымызды әлі өз орындарында отырғандарға да жолдадық. Олар қауіпсіздік үшін тікелей жауапты адамдар, яғни Ош пен Жалал-Абад қалаларының әкімдері, Ош облысының басшысы мен Базар-Қорған, Қара-Су әкімдері. Біздің нақты ұсынысымыз - осылардың бәрін тексеру керек».
Кінәлі өзбектер емес, өзбек диаспорасының кейбір жетекшілері

Бұл есепте маусымдағы қайғылы оқиға кезінде арандатушы болған “Қырғызстанның оңтүстігіндегі қарапайым өзбек немесе қырғыз тұрғындар емес”, өзбек диаспорасының жетекшілері деп жазылған. Онда этникалық өзбектердің жетекшісі, белгілі кәсіпкер Қадыржон Батыровтың аты аталды.

Тергеу қорытындысына сәйкес алғашында Батыров президент Бакиев сәуір айында биліктен кетуге мәжбүр болғанда, уақытша үкіметпен бірге жұмыс істеген. Бірақ, мамыр айында Бакиевтің үйіне өрт қойылған соң үкімет күштерінен бөлініп кеткен.

Құжатта жазылған мәліметке сәйкес Батыров сол кезде жетекші болуға тырысып, Қырғызстанның оңтүстігіндегі өзбектер басым тұратын аймақтарды аралап, түрлі талаптарын айтып, 25 шақты кездесу өткізген.

Батыров ұлтараздық қақтығыс басталмай тұрып, елден кетіп қалған. Соңғы хабарларға қарағанда, ол Украинада жүр.

ӨЗБЕК СЕПАРАТИЗМІН ЖОҚҚА ШЫҒАРУ

Комиссияның есебінде көрсетілген тағы бір маңызды жайт – қақтығыстың алдында өзбек диаспорасының жетекшілері автономия талап етіп мәлімдеме жасамаған. Бұл ақпарат былтырғы жанжал кезінде жергілікті қырғыздардың таратқан мәліметін жоққа шығарып тұр.

Этникалық қақтығыстың басталуына түрткі болған тағы бір адам – Қырғызстаннан қашып кеткен бұрынғы президенттің баласы Максим Бакиевтің Ұлыбританияда жүргені айтылады. Ұлттық комиссия Құрманбек Бакиевтің қол астында қауіпсіздік күштерін басқарған інісі Жаныш та осы көтерілісті қаржыландырған дейді.

Этникалық қақтығыс оқиғаларын зерттеген ұлттық комиссия 2010 жылғы маусымның 10-ы мен 14-і аралығында жүздеген мың өзбек босқыны шекарадан өтіп кетпек болғанда, көрші Өзбекстанның ұстамдылық танытқанын да оң бағалаған.
XS
SM
MD
LG