Accessibility links

Қырғыз діншілі саясаткерлерді көп әйел алуға шақырады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғызстандық әлеуметтік желі сегментінде жұртқа танымал саясаткерлерді екі-үш әйел алуға шақырған беделді діни қайраткердің үндеуі тарап жатыр.

Қырғызстан құқық қорғаушыларының мәлімдеуінше, көп әйел алуды заңдастыруға тырысу әрекеттеріне бұл мәселеге қатысты ел заңдарының жұмыс істемеуі себеп.

38 жастағы Шынар – төрт баланың анасы. Ол «бірер мәрте тұмауратқаным болмаса, ғұмырымда бір күн ауруханаға жатып емделген емеспін» дейді. Бірақ ері дені сау келіншектің үстіне екінші әйел алған. Шынардың айтуынша, күйеуі бұл қадамға оның еркіне қарамастан барған.

– Ерің тоқал алса, қатты уайымдайды екенсің. Балаңды босанып, перзентханадан келген кезде күйеуің басқа әйелге кетіп қалса, істер шараң бар ма? Ал кейде ол әлгі келіншекке бармай қояды. Ондай кезде жас тоқалы телефон соғып, «Неге жібермейсің?» деп маған байбалам салады. Мұндай кезде не істеріңді, кімнен көмек сұрарыңды білмейсің, – деп шағынады Шынар.

Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарын қорғаумен айналысатын «Сезім» дағдарыс орталығының басшысы Бүбісара Рысқұлованың айтуынша, көп әйел алудың кесірінен әйелдер ғана емес, балалар да зардап шегеді.

Мұндай кезде отағасының бірінші, екінші, үшінші әйелінің де құқығы бұзылады.

– Мұндай кезде отағасының бірінші, екінші, үшінші әйелінің де құқығы бұзылады. Көп әйел алуға заң жүзінде тыйым салынғандықтан балалар әлгі ер кісіні «әкем» деп ашық айта алмайды, – дейді Бүбісара Рысқұлова.

Полигамия құрбандары мен құқық қорғаушылар көп әйел алуды әйелдердің құқын бұзу деп мәлімдегенімен, бұл құбылыспен күресуі тиіс заң жұмыс істемейді. Қай депутат, шенеунік немесе дін қызметшісінің қанша әйелі барын жұрт жақсы біледі. Мұны олардың өздері де кейде ашық айтады, бірақ күні бүгінге дейін сотталған ешкім жоқ. Парламент отырыстарының бірінде Қырғызстан вице-премьері Әбдірахмен Маматәлиев соңғы төрт жылда бұл бап бойынша небәрі бес қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.​

Діни қызметшілер ортасында полигамияны заңдастыруға шақырған үндеулер тарай бастады. Қырғызстанның әлеуметтік желілер сегментінде белгілі саясаткерлерді екі-үш әйел алуға шақырған беделді діни қайраткер Шұбақ қажы Жалиловтың үндеуі тарады. Дін қызметшісі бұл үндеуді таратуға қатысты «соңғы кезде қырғыз қыздары шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатыр» деген уәж келтіреді.

Шұбақ қажының «кемі екі әйелі жоқ ер адам депутат бола алмайды» деген норма енгізу туралы ұсынысына депутат мандатынан үміткерлердің ешқайсысы қарсы сөз айтпады.

Полигамия институтын енгізуді 2005 жылы Қырғызстанның сол кездегі әділет министрі Марат Қайыпов төңкеріске іле-шала алғаш көтерген. Бірақ оның ұсынысы әлеуметтің жаппай наразылығына ұшыраған. Оны «ерлі-зайыптылардың опасыздығын заңдастырғысы келеді» деп айыптаған.

Публицист Қален Садықова бейбіт заманда дін қызметшілері мен саясаткерлердің көп әйел алуды заңдастыруға шақыруы ұлтқа қарсы зиянкестікпен айналысумен бірдей әрекет деп санайды.

Ұлттық идеология мен салт-дәстүрден хабары жоқ діни қайраткерлер жеке бастарының мүддесі үшін адамның жаратылысына немесе көшпелілердің салт-дәстүріне сүйенгісі келеді.

– Қазір – 21-ғасыр. Қырғыздар көшпелі халық болып, көшіп-қонып жүрген бағзы замандарда, жауынгерлер шайқастан оралмай қалатын зұлмат кезде олардың жесірлері амалсыздан өзге ер адамдарға тұрмысқа шығып, екінші әйел болған. Ол заман келмеске кетті емес пе? Бірақ енді ұлттық идеология мен салт-дәстүрден хабары жоқ діни қайраткерлер жеке бастарының мүддесі үшін адамның жаратылысына немесе көшпелілердің салт-дәстүріне сүйенгісі келеді, – дейді ол.

Қырғызстан заңдары бойынша ерлердің көп әйел алуына тыйым салынған. Полигамия екі жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған қылмыс болып саналады. Бірақ елде қозғалған мұндай қылмыстық істер саусақпен санарлық қана.

Орталық Азия мемлекеттері ішінде ең демократиялық ел саналатын Қырғызстанда неліктен полигамияға тыйым салу мүмкін болмай отыр? Құқық қорғаушылар мұның себебін қоғамның енжарлығы мен әйелдердің өз тағдырына деген немкеттілігімен түсіндіреді.

– Ер адамдар мұндай әрекетке әйелдерінің келісімімен барады. Егер әйеліңмен жараспасаң, бұл проблеманы екінші немесе үшінші неке арқылы шешуге болмайды. Бұл дұрыс емес, – дейді психолог Назира Қубанычбек.

Сондықтан кейбір құқық қорғаушылар мен феминистер ел заңдарында көп әйел алған ерлер ғана емес, екінші, үшінші әйел ретінде тоқалдыққа келісімін берген қыз-келіншектер үшін де жауапкершілік қарастыруды ұсынады.

Азаттықтың Қырғыз қызметіның мақаласы.

XS
SM
MD
LG