Accessibility links

Атамбаевтың Ресейге баруы түрлі жорамалға себеп болды


Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен Бішкектің бұрынғы мэрі Нариман Түлеев. Екі саясаткердің ұшақтағы селфиі. 22 қазан 2018 жыл
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен Бішкектің бұрынғы мэрі Нариман Түлеев. Екі саясаткердің ұшақтағы селфиі. 22 қазан 2018 жыл

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың Ресейге баруы түрлі болжамға себеп болды.

Атамбаевтың "Манас" әуежайынан Мәскеуге ұшатын ұшаққа отырғанын сол рейспен ұшып бара жатқан Бішкектің бұрынғы мэрі, жемқорлыққа қатысты айыпталып, түрмеге отырып шыққан Нариман Түлеев хабарлады. Оның бұл туралы жазбасы әлеуметтік желіде талқыланып жатыр.

Түлеев Мәскеуге жеткенін де жазып, бір кездері "бітіспес қарсыласым" деген адаммен бірге түскен суретін де салды. Екі саясаткердің ұшақтағы селфиі Қырғызстан әлеуметтік желісіндегі ең танымал сурет болып тұр.

Алмазбек Атамбаев жетекшілік ететін Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) ресми түрде "бұрынғы президент келінін жерлеуге бара жатыр, одан соң Азия, Африка және Латын Америкасы саяси партияларының халықаралық конференциясына қатысады" деп мәлімдеді.

Бұрынғы мемлекет басшысының сапары Атамбаевтың ең жақын серіктесі саналған Икрамжан Илмияновтың қамалуымен тұспа-тұс келді. Сондықтан да қоғам ҚСДП басшысының Ресейге сапарын түрліше жорып, пікірлер айтты.

Оның үстіне Қырғызстанның бұрынғы президенттеріне тиіспеу мәртебесін қайта қарау туралы мәселе елдің конституциялық палатасына жеткен. Палата қорытындысын жариялағанда бұрынғы мемлекет басшыларының абсолютті тиіспеу құқығына ие болмайтындығы айтылды.

Жақында белсенді Еділ Байсалов Алмазбек Атамбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғауды талап етті, оның айтуынша, "2016 жылы бұрынғы президент Түркиядағы бизнесін сату туралы қоғамға жалған ақпарат берген".

Еділ Байсалов.
Еділ Байсалов.

​"Бірнеше күн бұрын 2017 жылдың сәуірінде Түркиядағы бірнеше ресми құжаттарды жариялағанымды еске алып (соған қатысты баспасөз конференциясын да өткізгенмін), Қырғызстан бас прокуратурасына тағы хабарластым. Олардан "бұрынғы президент билікте отырған кезде байлыққа кенелді, соны тексеріп беріңдер" деп сұрадым. Ресми жарияланған құжаттар бойынша тергеу жүргізіліп жатыр ма? Алмазбек Атамбаев, экс-прокурор Индира Жолдубаева мен президент баспасөз қызметінің бұрынғы басшысы Алмаз Үсеновті тергеуді талап етемін. Алмазбек Атамбаевтың сапары туралы ақпарат пайда болған соң оны елден кетіп қалды ма деп мазасыздана бастадым. Оның келмеуі де мүмкін. Келер-келмесін ешкім білмейді. Елге оралса да, сол жақта қалса да, тергеу басталуы керек" деп мәлімдеді Еділ Байсалов.

ҚСДП баспасөз қызметі "Алмазбек Атамбаев елден кетті" деген сыбысқа арнайы жауап берген. Партияның ресми өкілі Құндыз Жолдыбаева ондай болжамға негіз жоқтығын айтып отыр

Құндыз Жолдыбаева.
Құндыз Жолдыбаева.

- Алмазбек Атамбаев жоспарлы шараларға қатысқан соң қазанның 28-і күні Бішкекке оралады. Келе ме, келмей ме деген пікірталас орынсыз. Ол ешқашанда Қырғызстаннан кетпейтінін айтқан болатын. Елден кетуіне еш себеп жоқ, - деді Жолдыбаева.

Қалай дегенмен де, саяси ортада бұрынғы президенттің Мәскеуге сапарына күмәнмен қарайтындар бар. Азия, Африка елдері саяси партияларының халықаралық конференциясы Қырғызстан үшін маңызды шара емес. 2016 жылы Куала-Лумпурде өткен конференцияға Қырғызстан атынан үлкен саясатта айтарлықтай танымал емес "Онугуу-Прогресс" партиясының мүшелері Алмазбек Матисаков пен Асел Кулумбаева барған. ​

Саясаткер Эмильбек Қаптағаевтың айтуынша, саяси саладағы соңғы өзгерістер бұрынғы президентке қатысты түрлі жорамалдар жасауға негіз болды.

Эмильбек Қаптағаев.
Эмильбек Қаптағаев.
  • - Соңғы уақытта "Илмиянов ұсталды, ол (президент - Азаттық) болса үнсіз" деген әңгімелер туды. Сондықтан партия конференциясын желеу етіп, "сол кезде Ресейде болдым" дегісі келетін сияқты. Мұндай кезде елде болса, жағдайға реакция танытып, пікір білдіруге тиіс. Сондықтан басқа елде болдым деп сылтауратуға жақсы, - деді Каптагаев. Ал саяси сарапшы Алмазбек Акматалиев Атамбаевтың Ресейге баруына "қызметін күшейтіп, қолдау алғысы келгені себеп болды" деген болжам айтады.
Алмазбек Акматалиев.
Алмазбек Акматалиев.

- Экс-президенттің жақтастары келтірген екі себеп те адам иланатындай емес. Оның басқа мақсаты бар. Әлдебір саяси күштермен кездескісі келеді. Мүмкін отбасылық бизнеске қатысы бар шығар, - деді Акматалиев.

Сарапшы қырғыз саясатында түрлі саяси күштердің өзара текетіресі күшейген кезде саясаткерлердің шетелге кеткенін еске салады. Оның айтуынша, экс-президенттің бұл сапарына қоғамның ерекше қызығушылық танытуының бір себебі осында жатса керек.

2018 жылдың көктемінен бері қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков пен бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың арасы күрт суығаны байқалды. Сооронбай Жээнбековтің "Атамбаевтан қалған кадрларды" ауыстыруы да саясаткерлер арасындағы түсінбеушілікті ұлғайта түскен.

Экс-президентке ең жақын саналған Сапар Исаков, Қубанычбек Кулматов, Албек Ибраимов пен өзге де саясаткерлер түрлі себептермен қамауға алынды.

Бұрынғы және қазіргі президент бір-бірін ашық сынамаса да, қоғамдық-саяси ортада олардың қарым-қатынасы нашарлағаны біраздан бері айтылып жүр. Жақында Алмазбек Атамбаевты қорғайтын мемлекеттік күзеттің қысқартылғаны туралы ақпарат тарады. Экс-президенттің командасы бұл мәліметті растағанымен, ресми билік оны жоққа шығарды.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG