Accessibility links

Сирияға аттанған қырғыздардың ортақ сипаты қандай?


Мәскеудің көкөніс базарында жұмыс істеп жүрген Орталық Азиядан барған мигранттар. (Көрнекі сурет)
Мәскеудің көкөніс базарында жұмыс істеп жүрген Орталық Азиядан барған мигранттар. (Көрнекі сурет)

Үйлерін, бала-шағасын тастап, Сирияға аттанған Қырғызстан азаматтарына қатысты жаңа зерттеу жасалды. Бұрынғы қалыптасқан пікірлерге қайшы келетін қызықты, күтпеген фактілер анықталған.

Болгариядағы София мемлекеттік университетінің терроризм жөніндегі сарапшысы Татяна Дронзина қаңтардың соңында Қырғызстанның солтүстік және оңтүстік аймақтарында зерттеу жүргізді.

«БӘРІ БІРДЕЙ САУАТСЫЗ, КЕДЕЙ, ӘСІРЕДІНШІЛ ЕМЕС»

Мамандар «Ислам мемлекеті» (ИМ) сияқты экстремистік ұйымдарға қосылу үшін Сирияға кеткен қырғыз азаматтарының туыстарымен және ол жақтан елге қайтып оралған бірнеше азаматпен сөйлескен. Осы айдың басында Дронзина Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбат беріп, зерттеу нәтижесімен бөліскен еді.

Зерттеушілер 30 қырғыз жауынгерінің өмірбаянын талдап шықты. Сирияға соғысқа кеткен 22 адамның отбасымен сұхбаттасып, сол жақта болған үш адаммен сөйлесті, қалған бесеуіне қатысты деректі баспасөзден алды. Жауынгерлердің жетеуі осы елдің солтүстігіндегі Чу облысынан шықса, қалғандары - оңтүстіктегі Ош ауданы тұрғындары.

Орталық Азиядан соғысқа кеткен жауынгерлерді әдетте «кедей, білімсіз, некеге тұрмаған, әсіредіншіл, зорлық-зомбылыққа әуес ер адам» деп сипаттайды, бірақ зерттеу жұмысы Сирияға аттанғандардың арасында жоғарыдағы сипаттамаға сәйкес келмейтіндердің де бар екенін анықтады.

Болгариядағы София мемлекеттік университетінің терроризм жөніндегі сарапшысы Татяна Дронзина.
Болгариядағы София мемлекеттік университетінің терроризм жөніндегі сарапшысы Татяна Дронзина.

Сирияға кеткен Қырғызстан азаматтарының көбі 22-28 жас аралығында болып шықты. Отанын тастап ИМ-ге қосылуға аттанған әйелдердің көбі кәмелетке толмаған немесе ажырасқан не ері тастап кеткен әйелдер екені анықталды. Зерттеу тобындағы ең жас қыз 16-да. Жауынгерлердің көбі үйленген, орта есеппен 2-3 баласы бар.

Зерттеушілер Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) сияқты экстремистік ұйымдарға қосылғандардың бәрі сауатсыз деген таптаурын пікірді теріске шығарды: олардың ішінде білімділері де бар, мәселен төрт адам университет бітірген, 18-і мектеп бітірген.

Жауынгерлердің діни сипаты да әрқилы, олардың үштен бірі ғана әсіредіншіл болып шықты. Қалғандары дінге ұстамды қарайтындарын айтқан.

Сириядағы соғысқа қатысуға немесе содырларды қолдауға аттанған азаматтардың ешбірі бұрын зорлық-зомбылық жасап көзге түспеген, тек екеуі ғана «сабырсыз, қызба» адам ретінде сипатталған.

Жауынгерлердің бәрі кедей отбасынан шықпаған. Көпшілігі «ел қатарлы» өмір сүрген. Ал екі азамат тіпті өте ауқатты үйдің баласы. Төрт адамның тұрмысын кедейлікке жатқызуға болады, Сирияға кеткендердің ішінде бір адамның ғана аттанар алдында қаржылай қарызы болған.

Жауынгерлердің көпшілігіне ортақ сипат – спортпен айналысу. Зерттеу Сирияға аттанған жауынгерлердің мақсаты туралы да көптеген жайттарды анықтады.

НЕ ТҮРТКІ БОЛҒАН?

«Сирияға кетуге не түрткі болды?» деген сауалға көбі әдеттегідей «дінсіздермен соғысу», «исламның жауларына қарсы шығу» деген діни және идеологиялық жауаптар берген. Дінге қатысы жоқ себептер де айтылған. Біреулер «Әлсіздерді қорғап, Сирия президенті Башар Асад режиміне қарсы күрескім келді» дейді.

Сирияға Орталық Азиядан барды деген "жиһадшылар". Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
Сирияға Орталық Азиядан барды деген "жиһадшылар". Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.

Енді біреулері еңбек мигранты болып Ресейге барғанда ол жаққа бейімделе алмай, қиналғандарын айтады.

Кейбір жауынгерлер шетелде соғысу, қаһарман атану тәрізді армандары болғанын баяндаса, енді бірі шытырман оқиғаны қызық көрген, өзін құрбан еткісі келгендер де бар. «Күнделікті тірліктен жалықтым» дегендер де болған. Сауалнамаға жауап берген кейбір әйелдер Сирияға барып, тұрмысқа шығуды қалағандарын айтқан.

Қорытындылай келе, қырғыздардың Сирияға кетуіне экономикалық жағдай немесе діни сенім себепкер болды деп, бір ғана түйін жасау мүмкін емес. Дегенмен Дронзинаның зерттеу тобы бір нәрсеге көз жеткізді: Сирияға аттанған қырғызстандық жауынгерлер радикалдық идеяларға елде жүріп емес, шетелге шыққан соң шырмалған.

Оған интернет пен әлеуметтік желілер де көп ықпал еткен. Интернет арқылы азғырушылар тобы «жаңа адамдарды» Сирияға жеткізумен де айналысады. Шетелде жұмыс істеп жүріп немесе шетелдік діни оқу орнында білім алып жүріп әсіредіншілдікке ұрынғандар көп.

Дронзинаның зерттеуі бойынша, қырғыздардың радикалдану деңгейі әртүрлі болса да, оларды қоғамға қайта бейімдеу үшін әрқайсысына жеке стратегия әзірлеп, әрбірімен жеке жұмыс жүргізген жөн.

(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG