Accessibility links

Қырғызстанның 20 шақты азаматы Оңтүстік Кореяға бару үшін төлқұжатындағы аты-жөнін мемлекеттік тіркеу қызметі өкілдері көмегімен өзгерткені анықталды.

ОсОО Bishkek Alliance LTD компаниясы өкілдері виза жасап беруге уәде беріп, құжаттарды ресімдеу үшін үш мыңнан жеті мың долларға дейін ақша талап еткен, бірақ ақыры алдап кеткен. Бішкек қаласы ІІД түскен арыз негізінде қылмыстық іс қозғаған, бірақ фирма жабылып қалған, ал компания өкілдері жасырынып жүр.

ТӨЛҚҰЖАТ АУЫСТЫРУ ҮШІН НЕСИЕ АЛУ

Атбашы ауданының Терексу ауылы тұрғыны Марат Ақылбеков Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу жайлы ұсынысқа қызығып, кеңес алу үшін ОсОО Bishkek Alliance LTD фирмасына жүгінген. Компания қызметкерлері Рахат Сматова мен Кәрім оған виза жасап беруге уәде етіп, көрсететін қызметтері үшін 7 мың доллар сұраған.

Марат Ақылбеков несие алып, ақшаны төлеген, ал компания өкілдері оған «төлқұжатыңда кәрістің аты-жөні көрсетілсе, виза ашу анағұрлым оңай болады» деп мәлімдеген. Сондықтан Марат әйелімен ажырасқанын ресми түрде ресімдеп, 60 жастағы жергілікті кәріс әйел Дора Киммен жалған неке тіркеген. Марат сөйтіп Анатолий Кимге айналған.

«Ажырасу, некені тіркету және төлқұжаттағы деректерді өзгертуге мүлде аз уақыт кетті. Сайқал есімді адам делдал болды, халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкері Бақыт пен Свердлов аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің Самара атты қызметкері көмектесті» дейді Ақылбеков.

​Марат тіпті АХАЖ бюросына барып әуре болмаған, бүкіл шаруа автокөлік салонында біткен. Екі күннен кейін ол қолына кәріс атымен төлқұжат алған.

Фирма өкілдері Мараттың бүкіл деректерін кәріс етіп өзгерткен, бұған қоса, олар құжаттардың бәрін, тіпті әке-шешесінің туу туралы куәліктері мен әжесінің өлімі туралы куәлікті де Анатолий Антонович Кимнің атына жинаған. Ұлты - кәріс деп жазылған туу туралы куәлігінің нағыз құжаттан еш айырмашылығы жоқ. Олар мұндай құжаттарды жергілікті кәрістермен бірлесіп жинаған.

Марат алданғанын Бішкектегі Оңтүстік Корея елшілігіне барған кезде білген. Виза беруден бас тартқаннан кейін ол әлгі компанияға барып, ақшасын қайтаруды талап еткен, бірақ ештеңе өнбеген. Әлгі фирма бір ай бұрын жабылып қалған, оның қызметкерлерінен ешкімді таба алмаған.

- Виза ресімдеуге құжаттарымды өткізу үшін елшілікке барғанда жалған құжаттарды көріп, өзім қорқып кеттім. Тіпті әке-шешемді де кәріс қылып жіберіпті. Бәрі шын сияқты көрінеді. Мені алдап кеткен Рахат пен Жомарт Сыдықов «құжаттарыңды өткізуден қорықпа, барлық жерде таныстарымыз бар» деген болатын, - дейді ол.

​Екі баланың анасы Айжан да Анна Ем деген есіммен төлқұжат алған. Ол компанияға алты мың доллар берген. Айжан қағаз жүзінде үш рет күйеуге тиіп, аты-жөнін және төлқұжатын өзгерткен. Ал фирма өкілдері таза параққа қол қойдырып алып, қалған шаруаны өздері бітірген. Айжанның сөзінше, елшілік оның өтінішін үш рет қабылдамаған.

- Бірінші ретінде жұбайымды әрең көндірдім. Дұрыс өмір сүрсек, Кореяға кетіп неміз бар?! Менің құжаттарыммен фирманың Кәрім деген қызметкері жұмыс істеді. Бірінші сәтсіздіктен кейін «енді не болады?» деп сұрадым. Ол «қағаз жүзінде тағы бір рет неке тіркету керек» деді. Сөйтіп, қағаз жүзінде үш мәрте тұрмысқа шықтым. Бәрі бір тізбек бойынша жұмыс істейді. Мен сияқты тағы бір жігітке кәріс әйелмен жалған неке тіркеді, ол «әйелінің» тегіне жазылды, - дейді ол.

ОсОО Bishkek Alliance LTD фирмасының кеңсесі «Восток-5» ықшам ауданында болған. Кей құжаттарды куәландырған нотариустың кеңсесі де сол жерде болған. Зардап шегушілердің сөзінше, алаяқтармен нотариус Шолпан Қазыбекованың ым-жымы бір, өйткені ақша төлеу туралы келісімдерді сол куәландырған. Қазыбекова олардың сөзін теріске шығарады.

- Кәріммен, нақтырақ айтқанда, Дениз Мелисовпен біз бұрын жұмыс істегенбіз. Оған бөлмелерімнің бір бөлігін жалға бергенмін. Екеуіміз бір жылға келісім бекіткенбіз, оның мерзімі қаңтардың 1-інде бітті, - дейді ол.

ҚҰПИЯ КОД - «САЙҚАЛ»

Марат пен Айжан сияқты тағы 100-ден көп адам алданып қалған, олардың бәрі кәрістер арасында жиі кездесетін аты-жөндер жазылған төлқұжаттар алған. Олар компания кеңсесіне барып жүрген, бірақ ешқашан бір-бірімен сөйлеспеген. Фирманың Кореяға бәрін бір уақытта аттандыруға уәде еткені милицияға арыз жазуға жиналғанда ғана анықталды. Қазір алданғандардың 16-сы ғана милицияға жүгінген. Қалғандары Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген туыстарына кесірі тиеді деген қорқынышпен арыз беруден бас тартқан.

Алданған клиенттер құжаттарды әзірлеуге мемлекеттік тіркеу қызметі өкілдерінің де қатысы болған деп санайды. 10 шақты адам Азатттық тілшісімен бірге «Тұңғыш» ықшам ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжаттарды қай жерден алғанын көрсетіп, оларды кім бергенін айтты.

- Міне, мына жерде Бақыт деген жігіт отырған. Қазір бәрі өзгеріп кетіпті ғой. Самара мына жерде отырған. Құжаттарымызды осында әкелген кезде Бақыт «біз мұндаймен айналыспаймыз» деді. Сосын кодты айтуды өтінді. Код дегені «Сайқал» деген сөз болып шықты. Кодты атағаннан кейін ол құжаттарды қабылдап, қолын қойды, - дейді ол.

Әлгі Бақыт пен Самара деген қызметкерлер мұнда болмай шықты. Бірақ Бақыт Ақашев қазір аудандық бөлімшені басқаратыны, ал Самара Малашеваның Свердлов ауданында неке тіркеу бюросында жұмыс істейтіні анықталды.

«Инфоком» мемлекеттік кәсіпорны басшысының орынбасары Ақын Мәмбетәлиев егер қарамағындағы қызметкерлер заңсыз әрекеттерге барғаны анықталса, бұл мәселенің тексерілетінін мәлімдеді.

- Азаматтар аты-жөнін өз қалауымен өзгерткен. Заңда бұған рұқсат етіледі. Бірақ біздің қызметкерлер оларға туу туралы куәліктерді қай кезде бергенін анықтау керек, - дейді ол.

"САЙҚАЛДЫ ТАНЫМАЙМЫН"

Бақыт пен Самара №2 халыққа қызмет көрсету орталығынан табылды. Бақыт Ақашев Ленин аудандық төлқұжат бөліміне, Самара Малашева сол ауданның АХАЖ бюросына ауысыпты. Ақашев демалыста болып шықты. Марат Ақылбеков кореялық әйелмен некесі тіркелгені туралы актінің күшін жойдырып, өз әйелімен некеде екені туралы құжат алармын деп үміттеніп барған, бірақ Самара Малашева бәрін жоққа шығарды.

- Сайқал деген адамды танымаймын. Қандай Сайқалды айтып тұрсыз? Мен ол әйелмен сөйлескен жоқпын.

Бірақ Самара Малашева сөз арасында «Сайқал» деген делдал әйелді халыққа қызмет көрсету орталығында «бәрі біледі» деп айтып қалды.

- Мүмкін, Сайқал әжей шығар, ол кісі осында жүреді. Мен оны танымаймын. Менің қатысым не?

Азаттық: Сіз әжей деп тұрсыз ғой, демек білетін шығарсыз?

- Оны мұнда бәрі таниды.

Зардап шегушілердің сөзінше, мемлекеттік органдардың бәрінде алаяқтардың таныстары болған, олар Оңтүстік Кореяның Қырғызстандағы елшілігінде де олардың «өз адамы» болған деп күдіктенеді. Марат Ақылбеков елшілікке диктофон алып кіргенде Эрнис деген қызметкер «бүкіл құжатты компания өкілдері алып кетті» деді.

Марат: Сәлеметсіз бе, Эрнис бар ма?
Елшілік қызметкері: Иә.
Марат: Эрнис, құжаттарымды қазан айында өткізгенмін, бірақ елшілік виза беруден бас тартты. Енді құжаттарымды алуға келдім.
Эрнис: Аты-жөніңіз кім?
Марат: Ким Анатолий.
Эрнис: Құжаттар жоқ, оларды алып кеткен.
Марат: Кім алып кетті?
Эрнис: Өзіңіз алып кетпедіңіз бе?
Марат: Жоқ, алғаным жоқ. Есіңде ме, сен фотода көздерің жасыл түсті деп айтып едің ғой? Бұған қоса, оларды қарақоңыр етіп өзгерт дегенсің...
Эрнис: Ааа...
Марат: Құжаттарды Рахат алып кетті ме, әлде Кәрім алды ма?
Эрнис: Жомарт.
Марат: Аа-а, Жомарт алып кеткен екен ғой...

Оңтүстік Кореяда этникалық кәрістерге жеңілдіктер беретін бағдарлама бар. Әлгі бағдарлама аясында олар визаны жеңілдікпен ала алады.

«Бішкек Альянс» компаниясы өкілдері осы мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келген сияқты. Алғашқы клиенттер кәріс аты-жөні жазылған визаны алса да, кейін Корея билігі күдіктеніп, бақылауды күшейткен болуы мүмкін.

Бұған қоса, компанияда Кәрім деген есіммен Дениз Мелисов жұмыс істегені, ал фирма өкілі Рахат Сматованың бұрын алаяқтығы үшін сотталғаны анықталды. Әлгі ақпарат sot.kg сайтында жарияланған. Зардап шеккендер ол Диана Рысалиевна Курманованың атына берілген төлқұжатпен Қырғызстаннан кетіп қалуы мүмкін деп топшылайды.

«Сотталған азамат қалай аты-жөнін өзгертіп, төлқұжат алуы мүмкін?» деген сұраққа мемлекеттік тіркеу қызметі бастығы Тайырбек Сарпашев кейінгі кезде этникалық кәрістерге үйленіп, аты-жөнін ауыстыратын азаматтар көбейгенін мойындады.

- Азамат сотталған, бірақ ісі жабылған немесе жазасы өтелген болса, оның барлық процедураларды алуға құқығы бар. Әрине, ведомствоның барлық істерін тексеріп шығамыз. Кез келген азаматтың аты-жөнін өзгертіп немесе жұбайының тегіне жазылу құқығы бар. Олардың дербес деректері бәрібір өзгермейді. ПИН-код арқылы іздегенде төлқұжатты алу процесіне қатысты барлық деректер шыға келеді, - дейді ол.

Қырғызстан заңына сәйкес, кез келген азамат есімін қанша рет өзгертсе де еркі. Бірақ аты-жөнін өзгерту үшін дәлелді себеп керек, жұбайының тегін алу тілегі - осындай себеп болып саналады.

Заңгер Нұрбек Абдалиевтің айтуынша, егер ерлі-зайыптылардың балалары болса, неке бұзу процесі сотта ғана қаралуы мүмкін. Бірақ әлдебір себеппен бұл талап кәріс есімдерін алғандарға қатысты орындалмаған.

- Егер балалары жоқ болса немесе олардың жасы 18-ге толған болса, әке-шешесі ажырасу жайлы арыз жазып, екеуінің арызы сол күні қанағаттандырылады. Егер балалары кәмелетке толмаса, сот шешімімен ғана ажырасады. Бұдан өзге жолы жоқ, - дейді ол.

Нұрбек Абдалиевтің айтуынша, егер төлқұжаттан «ұлты» деген жолды алып тастаса, шатасу тіпті көбейеді.

Ресми дерекке сәйкес, Оңтүстік Кореяда Қырғызстанның 15 мыңға жуық азаматы жұмыс істейді. Жұмысқа кету үшін олардың қаншасы аты-жөнін өзгерткені белгісіз.

Бішкек қаласы ІІД дерегінше, 16 зардап шегушінің арызы негізінде қылмыстық іс қозғалған. Істі Свердлов аудандық ІІБ тексеріп жатыр.

Кейінгі 10 жылда Қырғызстанда қырғызстандықтарды Оңтүстік Кореяға жұмысқа жіберу бағдарламасы жұмыс істейді.

Нұржан Тоқтоназарованың мақаласы орыс тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG