МҰНАЙ ҚАЛДЫҒЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ҚАУІПТІ ЗАТТАР
Жайық — трансшекаралық ірі өзендердің бірі. Ресейдегі Башқұртстан аумағынан бастау алып, Қазақстанның Атырау облысы арқылы Каспий теңізіне құяды.
Батыс Қазақстан үшін Жайық баяғыдан су көзі ғана емес, қоршаған ортаның жай-күйін айқындайтын басты көрсеткішке айналған. Кейінгі жылдардағы ең көкейкесті мәселе — өзен қатты тартылып кетті. Бұған климаттың өзгеруі ғана емес, адамның іс-әрекеті де тікелей әсер етіп отыр: су ресурстары ұтымсыз пайдаланылады, ал өзеннің жоғарғы жағында, Ресей аумағында, қаптаған бөгет пен су қоймасы салынған.
Ең ірісі — Иреклі (Иректі) су қоймасы — Қазақстанмен шекаралас Орынбор облысында орналасқан. Көктемде су жинап ұстайтын бұл қойма Жайықтың тасуына жол бермей, көктемде өзен бұрынғыдай толықпайды. Бұл жағдай Жайықтың орта және төменгі тұсында, яғни Қазақстан аумағында суы азайып, ағысы баяулауына әсер етіп отыр. Бұрын өзен ағысы лай мен кір-қоқысты өздігінен шайып әкетіп, суды тазартып отырған болса, қазір су тоқырап қалады.
Соның салдарынан суда оттегі деңгейі төмендейді, балық қырылады, ауру тудыратын микроағза көбейіп, өзеннің жағалауы мен түбін шөп басып, лайланады. Бұл жағдай судағы тіршілік атаулыға кері әсер етіп, өзеннің өзін-өзі тазарту қабілетін айтарлықтай әлсіретеді.
2025 жылдың аяғында Орталық Азия климат қорының (CACF) сарапшылары Жайықтағы судың жай-күйін "орташа деңгейде ластанған" деп бағалап, өзенді мұнай өнімдері, ауыр металдар және өзге де зиян заттар үнемі ластайтынын мәлімдеді. Қор жүргізген зерттеулерге сәйкес, бірыңғай жіктеу жүйесі бойынша Жайық үшінші деңгейлі ластану санатындағы өзенге жатады. Бұл — кейбір заттардың мөлшері шекті шамадан асып кеткенін және суды тұрмыс қажетіне әрі ауызсу ретінде пайдаланар алдында міндетті түрде тазарту қажет екенін білдіреді.
Оған қоса зерттеулер химиялық көрсеткіштердің артуын ғана емес, су түбіндегі шөгінділерде және тірі ағзаларда жиналуға қабілетті улы қосындылар үнемі болатынын да анықтап отыр.
"Шекарасыз өзендер" халықаралық экологиялық коалиция ресейлік ғалымдар Оксана Никитина мен Алексей Косолаповтың зерттеулеріне сүйене отырып, Жайық экожүйесінің деградацияға ұшырап, алуан түрлі биологиялық құрамы күрт кеміген деп хабарлады .
Коалиция сайтында келтірілген деректерде Жайықтың орта ағысында фитопланктон түрлері саны 35-ке қысқарғаны, ал сазан, табан, көксерке, шортан сияқты балықтар едәуір азайғаны айтылған. Ең қиын жағдайда бекіре тұқымдас балықтар қалып отыр: өзеннің төменгі ағысындағы уылдырық шашатын орындардың шамамен 90 пайызын батпақ мен өсімдік басып кеткен деп жазды коалиция.
Зерттеушілер сондай-ақ "экологиялық ағыс" деп аталатын көрсеткішті есептеген. Бұл — табиғи экожүйе сақталуы үшін Жайықта үнемі қалуы тиіс ең төменгі су көлемі. Зерттеу есебі өзеннің Ресей мен Қазақстан шекарасындағы учаскесіне жүргізілген.
Жайықтың қалыпты жағдайын сақтау үшін өзеннің жылдық ағысы 59-83 пайыздан кем болмауы керек екені анықталған. Бұл көрсеткіш қолданылған әдістемеге және жылдың су мөлшеріне байланысты өзгеріп отырады. Басқаша айтқанда, табиғатқа зиян келтірмей пайдалануға болатын су көлемі 17-41 пайыздан аспауға тиіс. Демек, бұл өңірде кез келген су шаруашылығына қатысты шешімдер табиғи шектеулер мен жыл сайынғы су көлемінің ауытқуын ескере отырып, аса қатаң түрде жоспарлануы керек.
Ол үшін Жайық суын Қазақстан мен Ресей арасында бөлуге қатысты қолданыстағы келісімдерді қазіргі ғылыми деректер мен өзгерген табиғи жағдайларды ескере отырып қайта қарау қажет. Алдыңғы келісім 1996 жылы қабылданған және сарапшылар пікірінше, бүгінгі талаптарға мүлде сай келмейді, әбден ескірген.
Қазақстан мен Ресей Жайықтағы ахуалды трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі комиссия аясында үнемі талқылап келеді. Алайда Ресей аумағындағы су қоймаларынан тұрақты түрде су жіберу көлемін арттыру мәселесі әзірге күн тәртібіне қойылған жоқ.
2024 жылғы көктемде Жайыққа рекордтық деңгейде мол су келді: Иреклі су қоймасына апат қатері төнген соң артық суды төгуге мәжбүр болды. Алайда бұл да жағдайды түбегейлі жақсарта алмады. Ресейдің Орск пен Орынбор қалалары, сондай-ақ Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы бірнеше елді мекен, оның ішінде Орал қаласы да тасқыннан зардап шекті. Дегенмен экологтар мен азаматтық белсенділер бұл құбылысты жақсы нышанға балады: Жайық кемінде алдағы екі жылға жететіндей суға қанып қалады деген үміт пайда болды.
БАЛЫҚ ПЕН ҚҰСТЫҢ ЖАППАЙ ҚЫРЫЛУЫ
2025 жылғы күзде Атырау облысында Жайықтағы ең маңызды кәсіптік балық түрінің бірі — көксерке күрт көбейді. Кейінгі жылдары су азаюы мен экологиялық проблемалар салдарынан өзеннің төменгі ағысындағы балық қоры айтарлықтай кеміп кеткен еді. Сондықтан 2025 жылы көксеркенің көбеюі балықшылар үшін де, экологтар үшін де тосын жағымды жаңалық болды. Мамандар балықтың көбеюін 2024 жылғы тасқынмен және өзен түбін тереңдету жұмыстары белсенді жүргізілгенімен байланыстырады. Бұл шаралар өзен ағысын жақсартып, балықтың солтүстік Каспийден Жайыққа уылдырық шашуға өтуіне мүмкіндік берген.
Қарашаның аяғында Атыраудағы Жайық жағалауы балықшыға толды, әрбірінің қолында — олжа. Ұсақ балықтарды бірден қайтадан суға жіберіп отырды, ал кейбірі тіпті қызық үшін ғана қармақ салып, түскен балықты түгел қайта босатып жіберді.
— Қармаққа мұнша көп балық түскенін талай жылдан бері көрмеген едім, — дейді өзеннен ұстаған кезекті көксеркені қармақтан шешіп, еркіне жіберген балықшылардың бірі. — Су мол болғандықтан балық та көп, Жайық сағасы жақсы тазартылды. Соның арқасында балық Каспийден өзенге еркін өте алды. Кейінгі жылдары су аз болғандықтан, саға да дұрыс тазаланбады. Тек тасқын басталғанда ғана, қаланы судан қорғау үшін өзен сағасын тазалауға кірісті.
Жергілікті жұрт мол су мен балықтың көбейгені уақытша құбылыс, көп ұзамай Жайық бұрынғыдай суы тартылған, мұнайлы өңірдегі қаптаған экологиялық проблемадан көз ашпаған таз қалпына қайта түседі деп есептейді.
2018 жылғы желтоқсанда Атырау қаласы аумағындағы Жайық өзенінде кейінгі жылдардағы ең даулы әрі резонансты экологиялық оқиғалардың бірі тіркелді — балық жаппай қырылды. Ресми деректерге сәйкес, сол кезде өзенде шамамен 119 тонна балық қырылған, оның ішінде бағалы әрі сирек кездесетін бекіре тұқымдастары да болған.
Тексеру қорытындысы "Атырау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорны өзенге ластайтын заттар төккенін анықтады. Су құрамын тексерген экологтар ондағы хлоридтер мөлшері шекті шамадан асып кеткенін анықтаған. Бұл көрсеткіш техногендік ластануға тікелей дәлел болып, ауқымды экологиялық залалдың негізгі себептерінің біріне айналды.
Жергілікті экобелсенділер балықтың жаппай қырылуына Атырау мұнай өңдеу зауытынан зиянды заттар Жайыққа тікелей төгілуі себеп болған болуы мүмкін деп топшылаған. Алайда бұл болжамды нақты дәлелмен растау мүмкін болмады.
2024 жылы жазда Атырау қаласында "Тухлая балка" деп аталатын аумақта құс жаппай қырылды. Ол жерге қаланың кәріз суы мен Атырау мұнай өңдеу зауыты қалдықтары ағып жиналады. Облыстық орман шаруашылығы инспекциясы мамандары сол аумақтан 55 құс өлексесін тапқан: алтауы — аққу, 49-ы — жабайы үйрек. Келесі күні оқиға орнына барған арнайы комиссия құс өлекселерін таба алмады: әлдекімдер жойып жіберген . Тек жаңа өлген бір аққу өлексесін тауып, оны сараптамаға жіберді. Алайда зерттеу қорытындысы әлгі аққудың неден өлгенін анықтай алмады .
ЖОЙҚЫН ӘСЕР
Оралдық экобелсенді Злата Удовиченко Жайық мәселесімен көп жылдан бері айналысып жүр. Ол өзен суының сапасы жайлы қазіргі деректерді өткен кезеңдер көрсеткішімен үнемі салыстырып отырады. Алайда, оның сөзінше, жағдай жақсармаған.
— Жайық суы ішуден қалғанына көп болды. Әкемнің кішкентай бала күнінде етпетінен жатып, өзен суын ішіп жатқан суреті бар. Қазір оны кімге көрсетсең де сенбейді, — дейді Злата Удовиченко. — Бүгінгі Жайықтың жай-күйі жайлы айтар болсақ, өзен суы тасқынның арқасында ғана молайған. Одан басқа жақсы ештеңе айта алмаймын. Біз Жайықта су адам өз қателігін түзетем деп ұмтылғаннан емес, 2024 жылы өзен деңгейі ең жоғары шегіне жете көтерілген соң ғана молайғанын жақсы түсінеміз.
Удовиченконың сөзінше, Батыс Қазақстан облысында Жайыққа ең үлкен зиян оның жағалауында ашылған құм-қиыршық тас өндіретін карьерлерден келіп отыр. Мұндай жұмыстар өзен арнасын бұзып, ылғалдың шамадан тыс булануына, соның салдарынан өзеннің тартылуына әсер етеді. Бұған қоса өзен бойындағы орман-тоғайдың азаюы да бұған себеп: олар Жайық бойында ылғал сақтауға көмектесетін.
Экобелсендінің айтуынша, Жайық пен оның салаларында бақылаусыз салынған бөгет пен тоған өте көп. Ал елдегі су шаруашылығын реттейтін "Қазақ су шаруашылығы" мекемесі тек өзіне ерікті түрде берілген ақпаратпен жұмыс істейді. Басқаша айтқанда, фермерлер өзі салған бөгет жайлы ешқандай дерек бермейді.
— Бірде біз қайыққа мініп, ұзындығы небәрі 30 шақырымдай ғана "Крутенькая" деген шағын өзенмен жүзіп өттік. Сол 30 шақырымның бойында қалай болса солай үйілген шамамен 15 бөгет бар екен, — дейді Злата Удовиченко. — Бұл өзен Жайықтың саласы — Шағанға құюы тиіс еді. Бірақ дәл құяр тұсында тағы бір қолдан жасалған бөгет оны толық жауып тастағаған. Бұл жағдайды баяндап Жайық-Каспий бассейні инспекциясына жаздым. Ал олар маған ол бөгет жайлы ешқандай дерек жоқ деп жауап берді. Олардың бұл мәселеге араласуы осы жауаппен шектелді.
Удовиченконы қынжылтатыны — Жайықтың ластануы мен оның табиғи арнасының адам қолымен өзгертілуі мемлекет назарынан тыс қалып отыр. Өзен суы молайып, балығы көбейген кезең ұзаққа созылмайды, оның орнын көп ұзамай соған кереғар көрініс басатынын өмірдің өзі аңғартып отыр.
— Көп ұзамай өзен суы қайта азаяды, адамдар Жайыққа орасан зор зиян келтіруді тоқтатпағанын ескерсек, жағдай бұрынғыдан да мүшкіл болады, — дейді Орал қаласында тұратын экобелсенді.