Accessibility links

«Араб көктемі» Ливияға жаздың соңына қарай жетті


Жергілікті тұрғындар көтерілісшілермен бірге жеңісті тойлай бастады. Триполи, 22 тамыз 2011 жыл
Жергілікті тұрғындар көтерілісшілермен бірге жеңісті тойлай бастады. Триполи, 22 тамыз 2011 жыл

Ливия астанасы Триполидің басым бөлігін өздеріне қаратқан көтерілісшілер Муаммар Каддафидің резиденциясын басып алуға ұмтылып жатыр. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, резиденциядағы Каддафи жақтастары әлі берілмеген.


Ал Еуропа Одағы пен НАТО Ливияда жаңа билікті бейбіт түрде орнатуға шақырды.

Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, мемлекеттік әскердің басым бөлігі көтерілісшілер жағына өткен. Солдаттарға қаруларын тастау туралы бұйрық берілген. Тамыздың 22-сі күні оппозиция қаланың 80 пайызын бақылауға алғанын мәлімдеді.

КҮЙРЕУ

Демалыс күндері көтерілісшілер қалаға тегеурінді шабуыл жасап, Триполидің батысынан 27 шақырым жерде орналасқан Каддафидің әскери базасын басып алған болатын. Бұл жерде 300-ден астам тұтқын босатылған. Кейбір деректерге қарағанда, бұл қарулы қақтығыста екі жақтан шамамен 1300-ден астам адам қаза тапқан.

Ал Ливия басшысы Муаммар Каддафидің қайда екені қазір белгісіз. Оның екі «мұрагер» ұлының көтерілісшер қолына түскені хабарланып отыр. Дүйсенбі күні Халықаралық қылмыстық сот Каддафидің кіші ұлы Сейф әл-Исламның тұтқындалғанын растады. Ақпарат бойынша, оған әкесімен бірге әскери қылмыс жасады деген айып тағылған.
Көтерілісшілердің бірі Муаммар Каддафидің суретін таптап тұр. Бенгази, 22 маусым 2011 жыл

Каддафидің үлкен ұлы Мохаммед Каддафи қазір үйқамақта. Ақпарат бойынша, оны өткен түні «Әл-Джазира» телеарнасына тікелей эфирде сұқбат беріп отырған жерінде атуға аз қалған. Қазір оның үйі қоршауда.
Халықаралық агенттіктер елдегі ақпарат құралдарының бірте-бірте көтерілісшілер қолына өтіп жатқанын хабарлайды. Рейтер агенттігінің жазуынша, дүйсенбі күні көтерілісшілер Триполидегі мемлекеттік радиостанцияның ғимаратын басып алған. Ал жергілікті арналар тікелей эфирде хабар таратуын тоқтатқан.

France Press агенттігінің жазуынша, бүгін алты айдан бері Триполиде тұңғыш рет интернет қосылды.

Көтерілісшілердің біржола жеңіске жетпегеніне қарамастан Қатардың «Әл-Джазира» телеарнасы дүйсенбі күні кейбір қала тұрғындарының көшеде жеңісті тойлауды бастап кеткенін хабарлады. Кейбір қала тұрғындары Каддафидің үлкен портретін көшеде аяқтарымен таптап, көтерілісшілерді қошаметпен қарсы алған.

ЛИВИЯДА ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІЛІГІ ІСТЕП ТҰРҒАН ЖОҚ

Тамыздың 22-сі күні Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Ливиядағы елшілігіндегі қызметкерлердің барлығы елге оралғанын хабарлады.

- Ақпан-наурыз айларында біздің 20-дан астам азаматтарымыз Ливиядан шығарылған болатын. Қазіргі кезде біздің қызметкерлеріміз Ливияда жоқ, - деді есімін айтпаған министрлік өкілі тамыздың 22-сі күні Азаттық тілшісіне.
Ұрыс кезінде қаза тапқан көтерілісшінің мәйіті. Триполи, 22 тамыз 2011 жыл

Оның айтуынша, елден шығарылған азаматтардың арасында консулдық қызметкерлерімен қатар қарапайым азаматтар да болған. Министрлік өкілінің айтуынша, осы уақыт бойы Ливияда бір ғана дипломат қызмет атқарып келген. «Бірақ ол қазір демалыста. Ливияда емес» деді ол.
«Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ливияда болып жатқан оқиғаға қатысты өз көзқарасын білдіре ме?» деген сұрағымызға ол: «Жағдайдың дамуына байланысты көреміз» деді.

Биылғы ақпан айында Муаммар Каддафидің кетуін талап етіп, Ливияда жаппай наразылық шарасы басталған болатын. Келе-келе бұл Каддафи әскері мен көтерілісшілер арасында қарулы қақтығысқа ұласып кетті. Қақтығыс кезінде қаза тапқандарға қатысты нақты ақпарат жоқ.

68 жастағы Муаммар Каддафи Ливияны 42 жыл бойы басқарып келген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG