Accessibility links

"Ұят" туралы пікірім мүлде басқаша


Зере Асылбек.

Қыркүйек айында қырғыз әншісі Зере Асылбектің “Қыз” атты клипі жарық көрді. Қоғамның қызу реакциясын тудырған клиптен соң Зере бір мезетте танымал әншіге айналды.

Зере бұл музыкалық шығармасында қоғам қысымына қарамастан табиғатыңды жоғалтпай, өз-өзіңді ұстай білу қасиеті туралы сыр шертеді. Бұл клиптен соң Қырғызстанда, Орталық Азияда және өзге де елдерде видеоролик пен оның мазмұнына қатысты пікір білдірушілер санында шек болмады. Жағымды-жағымсыз пікірлер, тіпті арасында ашумен жазылғандары да ұшырасады. Бұл клип үшін әншіге қоқан-лоқы жасағандары да болды.

9 қарашада Еревандағы жастар форумында “Ұят емес: дәстүрлі қоғамда адал болып қалу жолы” тақырыпта пікірлерімен бөліскен Зере Асылбек Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында да тікелей эфирде сұхбат берді.

Азаттық: “Ұят”, “ұят емес” ұғымдарын қалай түсінесіз?

Зере Асылбек: Өкінішке қарай, бұл тұрғыда менің пікірім көпшілік пікірімен сәйкес келмейді, тіпті айырмашылықтары өте көп деп айтар едім. Егер өзім туралы ғана айтсам, мен үшін пайдасыз тірлікпен айналысу, қоршаған ортаға немесе елге зиян тигізу "ұят". Бұл - мен үшін қорқынышты. Бірақ, өкінішке орай, көп адамдар үшін менің клипімді көру "ұят" сияқты. Менің ойымша, мұның үш себебі бар. Діни сенім: "бұлай жасауға болмайды, дінде бұған тыйым салынған". Дәстүрлі көзқарас: "қырғыз қыздарына бұлай жасауға болмайды". Үшіншісі "бодишеймер": "дене бітімің сұлу емес, бұлай істеу саған жараспайды".

Зере Асылбектің "Кыз" клипінен алынған скриншот
Зере Асылбектің "Кыз" клипінен алынған скриншот

Азаттық: - Сіздің клипіңіз Қырғызстанда ғана емес, Қазақстанда да үлкен резонанс тудырды. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Зере Асылбек: - Бұл мәселенің Қырғызстанда ғана маңызды еместігін көрсетіп отыр. Маған Украина мен Беларусьтен жазғандар болды. Мұндайды күтпеп едім, себебі олар бәрібір шығыс мәдениетіне жатпайды ғой. Киім сияқты белгілер бойынша алалау культы тек шығыс мәдениетіне ғана тән деп ойлаушы едім. Бұл дискриминацияның көп елдерде барын көрсетеді.

Азаттық: Сіз өзіңізді әншімін деп санайсыз ба әлде белсендімін деп ойлайсыз ба?

Зере Асылбек: Өз-өзіме анықтама беру жағынан ылғи қиналам. Әншімін немесе белсендімін деп кесіп айта алмаймын. Жалпы өзім туралы кесіп айту қиын. Ал енді басқа қырынан алып қарасақ, бәлкім, қоғамдық мәселелер мен әлеуметтік белсенділікті насихаттап жүрген әнші шығармын. Ал әндерім - сол жолдағы құрал.

Азаттық: - Алдағы уақытта қоғамда резонанс тудыратын клип түсіруіңіз мүмкін бе?

Зере Асылбек: - Өкінішке орай, нақты айта алмаймын. Бірақ маңызды тақырыптарға арналған видеороликтер мен жобалар болады.

Азаттық: - Жаңа альбомыңыз туралы айтып бересіз бе?

Зере Асылбек: - Ол жуық арада жарыққа шығады. Бәлкім қараша айының соңында шығып қалар. Бірақ әлі анық емес. Бұл - "Қыз" клипі шыққаннан бері болған оқиғалардың қисынды қорытындысы.

Азаттық: - Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Зере Асылбек: - Мен кеңес айта алмаймын. Өйткені жағдайға, жастарға, адамдарға қатысты объективті пікірім жоқ. Бірақ тәжірибемнен түйгенім, не нәрсені қажет деп санасаңыз, соны жасаңыз. Саралаудан жалықпаңыз, ара-тұра артқа қарап, дамуды тоқтатпаңыз.

Азаттық: Әлеуметтік желіде де сізге сұрақтар қойып жатыр. Солардың бірі: сіз клипте көкірегіңізді ғана ашып, белден төмен қарай жабық киіндіңіз. Бұл қоғамда әйелдердің тұтас жалаңаштану еркіндігін қолдамайтыныңызды білдіре ме?

Зере Асылбек: - Өте жақсы сұрақ. Білесіз бе, [клип түсірген кезде] мына жағым ашық болсын немесе жабық болсын деп арнайы мақсат қойған жоқпын. Бұл - көзді ашып-жұмғанша қабылдана салған шешім. Қолда бар киімді кие салдым. Ал енді қолдау немесе қолдамау деген нәрсеге келсек, ешкім ешкімге "сен былай киін", "өзіңді былай ұста" деп айта алмайды. Кез келген адам қалаған нәрсесін жасай алады, тек өзгеге зияны келмесе болғаны.

Азаттық: Тағы бір қолданушының сұрағы бар екен. Орталық Азия аймағында Қырғызстанда ғана еркіндіктің лебі сезіледі. Сіз түсірген клип болсын, елдегі сайлау болсын, оған бәрі кіреді. Осындай қарапайымдылыққа, ел президентін сайлау құқығына, көзбояушылық емес, шынайы нәрсемен айналысуға қалай қол жеткізуге болады деп ойлайсыз?

Зере Асылбек: - Жағымды естіледі екен. Қолданушыға осындай жылы пікірі үшін рахмет. Постсоветтік кеңістікте Қырғызстандағы еркіндік ерекше байқалады. Алғашқы әйел-президент те бізден шықты. Ал бұған қалай жетуге болады деген мәселеге келсек, мен сарапшы емеспін. Мен интиуциямды тыңдайтын адаммын. Әркімнің өзін жігерлендіретін нәрсесі, принциптері бар. Әр адам өз заңын белгілеп, сонымен өмір сүреді. Мен де сондаймын.

Азаттық: Болашақтағы жоспарларыңыз жөнінде айтып өтсеңіз. Продюсерлікпен айналысқыңыз келмей ме?

Зере Асылбек: - Мүмкін. Бірақ қазір емес. Жас әртістерге қатты көмектескім келеді. Алдағы уақытта шығармашылықпен айналысам, бірақ музыкамен ғана шектелмеймін. Театрға қатты қызығам. Осы саланың маманы болғым келеді. Қалай болғанда да алдағы уақытта атқаратын шаруалардың бәрі шығармашылық және әлеуметтік белсенділікпен байланысты. Дәл қазір де осыған көңіл бөліп отырмын. Өзіме ұнайтын істерді адамдарға, келесі буынға қажет нәрсемен ұштастыруға тырысып жатырмын. Кейде менен "белсенділіктен басқа нәрсемен шұғылдануыңыз мүмкін бе?" деп сұрайды. Неге айналыспасқа?! Интиуциямды тыңдап, соған сай әрекет етем.

Сұхбатыңызға рахмет!

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG