Accessibility links

Қазақстан үздік ондыққа ілініп қана тұр


Қазақстандық боксшы Біржан Жақыпов (қызыл). Лондон, 31 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық боксшы Біржан Жақыпов (қызыл). Лондон, 31 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Тамыздың 8-і күні Қазақстан қоржынына олимпиада ойындарының қола жүлдесі түсті. Боксшы Марина Вольнова жартылай финалда Клариссе Шилдстан ұтылып, қола медаль тағынды.

БОКСТА ҮШ-АҚ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАЛДЫ

Алайда ерлер боксында қазақстандық спортшылар жанкүйерлерін қуанта алған жоқ. Жүлде алады деген екі бірдей боксшы жартылай финалға шыға алмай қалды. 49 килограмм салмақ бойынша Біржан Жақыпов қытайлық қарсыласы Зоу Шиминнен ұтылды - 10:13. Бұл боксшылар осымен төртінші рет кездесіп, барлығында Зоу Шиминь жеңіске жетіп отыр. Пекин олимпиадасының ширек финалында да Жақыпов пен Шиминь жолығысқан. 2010 жылғы Азия ойындарының финалында да жолдары түйіскен. Барлық кездесуде Жақыпов жеңе алмай келеді.
Қазақстан қоржынына енді бір алтын қосады деген боксшы Серік Сәпиев. Алматы, 8 мамыр 2012 жыл.
Қазақстан қоржынына енді бір алтын қосады деген боксшы Серік Сәпиев. Алматы, 8 мамыр 2012 жыл.

64 килограмм салмақ дәрежесі бойынша бапкерлер алтын алады деп болжаған Данияр Елеусінов ширек финалда күтпеген жерден италиялық Винченцо Манчикапреден жеңіліп, жүлдесіз қалды.

Ал Әділбек Ниязымбетов (81 килограмм) ирандық қарсыласы Эхсан Рузбаханиді 13:10 есебімен ұтып, жартылай финалға шықты. Ниязымбетовтің еншісінде қазір кем дегенде олимпиаданың қола жүлдесі бар. Боксшының жартылай финалдағы қарсыласы украиналық Александр Гвоздик болмақ.

Сонымен, бокс бәсекесінде қазақстандық үш боксшы ғана жартылай финалға шықты. Олар: Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко.

ОНЫНШЫ ОРЫНҒА СЫРҒУ

Қазақстандық балуандардың да жолы болар емес. Әйелдер күресінен Пекин олимпиадасының қола жүлдегері Елена Шалыгина (63 килограмм) бірінші қарсыласы украиналық Юлия Остапчуктен жеңіліп қалды.

48 килограмм бойынша 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Жұлдыз Ишимова да жүлдеге жете алмады. Ол Беларусь балуаны Ванесса Каладжинскаядан жеңілді.

Таэквондодан Нұрсұлтан Мамаев та бірінші кездесуінен кейін жарысты аяқтады. Ол египеттік Тамир Баюмиден ұтылды. Каноэ және байдарка есу жарысында Александр Дядчук «В» финалында соңғы орын алып, жалпы есепте 16-сатыға тұрақтады.
Қазақстан құрамасын үздік ондықта ұстап тұрған қола медальдың иесі, боксшы Марина Вольнова (қызыл) АҚШ спортшысы Кларесса Шилдспен кездесті. Лондон, 8 тамыз 2012 жыл.
Қазақстан құрамасын үздік ондықта ұстап тұрған қола медальдың иесі, боксшы Марина Вольнова (қызыл) АҚШ спортшысы Кларесса Шилдспен кездесті. Лондон, 8 тамыз 2012 жыл.

Ал Алексей Дергунов пен Евгений Алексеев жұбы да каноэ есу жарысында 11- орын алды.

Жеңіл атлетика бәсекесінде сырықпен секіруші Никита Филиппов 5.58 метрге секіріп, 18-орынға тоқтады.

800 метрге жүгіруден Азия чемпионы Маргарита Мацко іріктеу кезеңдерінде 15- орын алып, жартылай финалға шықты.

Қазақстан жалпыкомандалық есепте күннен күнге төмен сырғып барады. Тоғызыншы орында тұрған ел енді оныншы орынға түсті. Қазір Қазақстан қоржынында алты алтын, екі қола жүлде бар.
XS
SM
MD
LG