Accessibility links

Мадияр Путин оған қоңырау шалса, соғысты тоқтат деп кеңес беретінін айтты

Венгриядағы парламент сайлауында жеңіске жеткен "Тиса" партиясының лидері Петер Мадияр
Венгриядағы парламент сайлауында жеңіске жеткен "Тиса" партиясының лидері Петер Мадияр

Венгриядағы парламент сайлауында жеңіске жеткен "Тиса" партиясының лидері, елдің болашақ премьер-министрі ретінде қарастырылып отырған Петер Мадияр Ресеймен прагматикалық диалогқа дайын екенін мәлімдеп, дауыс беру қорытындыларын мойындағаны үшін Ресей мен Қытайға алғыс айтты.

"Кремль мен Пекин өз пікірін білдірді. Венгриялық сайлаушылардың таңдауына құрметпен қарағаны және Венгрия сияқты прагматикалық ынтымақтастыққа ашық болғаны үшін оларға ризамын, өйткені география деген — география", деді Мадияр 13 сәуірдегі сөзінде.

Ол Венгрия Ресейден мұнай сатып алуды жалғастыратынын, алайда мұнай жеткізу бағыттарын барынша әртараптандыруды қолдайтынын айтты.

Бұған қоса Мадияр Ресей президенті Владимир Путиннің "досы" болмайтынын және оған бірінші болып қоңырау шалмайтынын мәлімдеді. Егер Ресей жағының бастамасы бойынша әңгімелесетін болса, онда Путинді Украинадағы соғысты тоқтатуға шақыратынын жеткізді. Оның пікірінше, Украина — басқыншылық құрбаны болып отыр және ешкім одан өз жерінен бас тартуды талап етпеуі тиіс.

Мадияр сондай-ақ Киевке 90 миллиард еуро көлемінде несие бөлуге бұған дейн Виктор Орбан қойған ветоны алып тастайтынын аңғартты. Сонымен бірге ол Венгрия бұл несиеге кепіл болмайтынын және Украинаның Еуроодаққа жеделдетілген жолмен мүше болуына қарсы екенін мәлімдеді. Киевпен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мәселесін ол Украинадағы венгр азшылығының құқықтары сақталуымен байланыстырды.

Бұған дейін Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу венгр халқының таңдауын құрметтейтінін айтқан. Алайда оның сөзінше, президент Владимир Путин Мадиярды жеңісімен құттықтамайды, себебі Венгрия "дос пиғылдағы ел емес" саналады.

Петер Мадиярды сайлауда жеңіске жетуімен Еуроодақтағы көптеген елдердің басшылары, сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленский құттықтады. Брюссель мен Киевте өзін еуропашыл саясаткер ретінде таныстыратын Мадияр өзіне дейін 16 жыл Венгрияны билеген Орбанның бағытын қайта қарап, Венгрияның Украинаға қолдау шараларын бұғаттауын тоқтатады деген үміт бар.

Айдар
XS
SM
MD
LG