Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияға екі күндік сапармен барып, Еуроодақ басшыларымен, еуропалық компаниялардың жетекшілерімен кездесіп, "Қазақстан – Еуроодақ" дөңгелек үстеліне қатысты. Сапар қарсаңында құқық қорғау ұйымдары Еуроодақ басшыларына хат жазып, Қазақстан президентімен кездесуде елдегі адам құқығы мәселелерін қозғауға шақырған. Азаттық хат авторларының бірі, құқық қорғаушы Роза Ақылбековамен осы хаттың мақсаты жайлы сұхбат құрды.
Тоқаев 22-23 маусым Бельгия астанасы Брюссельде болып, Еуропа кеңесінің президенті Антониу Коштамен және Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесіп, "Қазақстан – Еуроодақ" дөңгелек үстеліне қатысты. Қазақстан президенті Еуропа елдерін Қазақстанға инвестиция құюға, бірақ шикізат тасудан гөрі өңдеу саласына зер салуға шақырды. Сондай-ақ ол Қазақстан Еуропаға қажет 34 сирек металдың 21-ін бере алады деген. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы сапарда 12 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімге қол қою жоспарланған.
Сапар қарсаңында штаб-пәтері Брюссельде орналасқан Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (International Partnership for Human Rights, IPHR) және Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы Еуроодақ басшыларын Қазақстанмен қарым-қатынаста адам құқықтары мәселесіне назар аударуға шақырды .
Хат авторларының жазуынша, Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімде (2015 жылы қол қойылып, 2020 жылы күшіне енген) адам құқығы, заң үстемдігі және демократия қағидаттары қарастырылған. Құқық қорғау ұйымдары осы мәселелерді алға тартып, Қазақстандағы адам құқығының бұзылуының мысалы деп бірнеше істі атап өткен. Оның ішінде конституциялық референдум кезінде "саналы бойкот" туралы бастама көтеріп, төрт жылға бас бостандығы шектелген (Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі жасау бабы бойынша) Оразалы Ержановтың, "жалған ақпарат тарату" тергеліп жатқан Orda.kz және ҚазТАГ агенттігі бас редакторлары Гүлнәр Бажкенова мен Әмір Қасеновтің, экстремизм айыбы бойынша сотталған белсенділер Марат Жыланбаев, Думан Мұхамедкәрім және Амангелді Жахиннің, "Атажұрт" ұйымы белсенділерінің, православ дін қызметкері Иаков Воронцовтың істері сөз болған. Сондай-ақ Азаттық радиосы сайтының бұғатталғаны да жазылған.
Бұдан бөлек, ЛГБТ қауымына қысымның күшейгені, Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптаулар бойынша жауапты адамдардың жазасыз қалғаны, Украинада кісі қолынан қаза тапқан қазақстандық журналисинт Айдос Садықовтың ісі бойынша әділ тергеу жүрмегені, оның жұбайы Наталья Садықоваға қысым көрсетіліп жатқаны айтылады.
Азаттық хат авторларының бірі, құқық қорғаушы Роза Ақылбековадан сұхбат алып, бұл үндеудің мақсаты жайлы сұрады.
Азаттық: 2026 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстандағы адам құқықтары ахуалының жүйелі түрде нашарлап жатқаны туралы мәлімдемелер қаншалықты негізді деп ойлайсыз? Хатта келтірілген мысалдардың қайсысы осы үрдістерді айқын көрсетеді деп ойлайсыз?
Роза Ақылбекова: Ең алдымен, Конституцияны сынағаны үшін көптеген адамдардың елеулі жазаға тартылғанын немесе қудалауға ұшырағанын атап өткен жөн. Яғни, азаматтық қоғамға және ЛГБТ құқықтарын қорғаушыларға айтарлықтай қысым жасалғанын сезіндік. Мысалы, ЛГБТ қауымдастығының өкілі Жанар Секербаеваға қатысты жағдайды бәріміз көрдік. Бұл тақырыпты қабылдамайтын кейбір азаматтар олардың қауымдастығына қарсы түрлі шабуылдар мен қысымдардың бастамашысы болды.
Бәлкім, бұл мәселелер туралы Президент Тоқаевқа толық ақпарат жеткізілмеген шығар.
Бұл – төзімсіздік пен өшпенділіктің көрінісі. Қарапайым адамдардың көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ мемлекет мұндай жағдайларға міндетті түрде қарсы тұруы керек. Біз белгілі бір халықаралық міндеттемелерді өз мойнымызға алдық және оларды орындауға тиіспіз. Әрине, билікке айтылған сын үшін қылмыстық қудалау құралдарының қолданылуы, түрлі алауыздықты қоздыру баптарының пайдаланылуы өте өкінішті жағдай. Біз кейбір арналардың жабылғанын, бас редакторларға қысым жасалғанын көрдік. Мұның бәрі өте өкінішті. Брюссельдегі кездесу Қазақстан үшін маңызды. Біз мұндай кездесулерді Еуропалық Одақтың назарын осы мәселелерге аудару үшін пайдаланамыз.
Мұндағы мақсат – біреуді кінәлау немесе кезекті қарар қабылдату емес. Мақсат – ел ішінде естілмеген мәселелерді мемлекетке жеткізу. Біз әйтеуір сын айтылсын деп сынамаймыз. Біз осы елде өмір сүріп жатырмыз және мемлекетке көмектескіміз келеді. Әрине, белгілі бір белсенділерді, оппозиция өкілдерін немесе журналистерді қудалауды мемлекет басшысының өзі тікелей қолдады деп айту қиын. Мұндай шешімдерді судьялар, тергеушілер және басқа да лауазымды тұлғалар қабылдаған болуы мүмкін. Бәлкім, бұл мәселелер туралы Президент Тоқаевқа толық ақпарат жеткізілмеген шығар. Сондықтан біздің хатымыз арқылы Еуропалық Одақ басшылары мен Президент Тоқаевпен кездесетін басқа да тұлғалар осы мәселеге назар аударуға шақырады деп үміттенеміз. Елдегі осы проблемаларға көңіл бөлінгені керек.
Азаттық: 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары және адам құқықтарын бұзғандардың жазасыз қалғаны да сөз болыпты. Сол оқиғадан бірнеше жыл өтсе де бұл тақырып неліктен әлі де өзекті болып отыр және қоғамның сенімін қалпына келтіру үшін билік қандай қадамдар жасауы керек деп ойлайсыз?
Ақылбекова: 2022 жылғы Қанды Қаңтарға дейін Жаңаөзен оқиғасы болды. Бірақ сол кезде не болғанын, бейбіт тұрғындар қанының төгілуіне кім кінәлі болғанын ел толық біле алмады. Бұл жергілікті деңгейдегі қақтығыс күйінде қалып қойды. Сол кезде біз, құқық қорғаушылар, бұл мәселені бірнеше рет көтердік.
Азаптау салдарынан күйеуінен айырылған әйел бар. Босанарда күйеусіз қалған жас ана бар.
Мен өзім Еуропалық Одақ форумдарында және ел ішіндегі түрлі алаңдарда сөз сөйлеп, депутаттарды, мемлекеттік органдар мен министрлік өкілдерін Батысқа, Жаңаөзенге барып, адамдармен сөйлесуге шақырдым. Өйткені олар сегіз ай бойы бейбіт түрде наразылық білдіріп отырды. Олар бейбіт наразылық танытушылар еді. Алайда бүгінге дейін әділдік толық орнаған жоқ.
Тіпті Еуропалық Одақтың өзі де қатыгез азаптаулардан зардап шеккен 37 адам туралы біледі, олардың ішінде 10 адам сотта куәгер ретінде сөз сөйледі. Олар сот барысында жылап отырып, өздерін қалай қатты азаптағанын айтып берді. Сол кезде Қазақстан ең маңызды қадамды жасай алмады – әділдікті қалпына келтірмеді. Батыс өңірінің тұрғындары үшін әділдік орнамады. Осы шешілмеген мәселе жылдар бойы қордаланып келіп, ақыры Қанды Қаңтар сияқты ауыр трагедияға ұласты. Әрине, бұл оқиғаларды еске алу ешкімге оңай емес. Бірақ зардап шеккен адамдар бар. Олар шындықты білгісі келеді. Неге олар осындай қатыгез азаптауға ұшырады? Азаптау салдарынан күйеуінен айырылған әйел бар. Босанарда күйеусіз қалған жас ана бар. Алаңда оққа ұшқан адамдар бар. Дәріханаға бара жатқанда жараланған азаматтар бар. Мұның бәрі өте қайғылы. Ең бастысы – әділдік болуы керек.
Мұны кішкентай баланың жағдайымен салыстыруға болады. Егер біреу баланы итеріп жіберсе, ұрып немесе қорлап қойса, оған әділдіктің орнағанын көру маңызды. Бір ересек адамның "Бұлай жасауға болмайды, кешірім сұра" деп айтуының өзі бала үшін үлкен мәнге ие. Өйткені ол әділдіктің салтанат құрғанын көреді. Бұл жағдайда да солай. Қоғам алдында ашық түрде не болғанын айту маңызды. Егер қандай да бір саяси астар болса, ол туралы ашық айтылуы керек. Кінәлілер жауапқа тартылуға тиіс. Сот процестері ашық өтуі қажет еді.
Бұл көрсетілім үшін ұйымдастырылған соттар емес, қоғамның сенімін қалпына келтіруге бағытталған ашық процестер болуы керек еді. Бұқаралық ақпарат құралдарын соттарға қатыстырудың өзі жеткілікті болар еді. Олар процесті тікелей көрсетіп, қоғамға ақпарат бере алар еді. Мысалы, Бишімбаевқа қатысты сот процесі ашық өтті. Оны бүкіл әлем бақылады. Сондықтан адамдар: "Сіздер сол елденсіздер ме, онда бұрынғы министр әйелін аса қатыгездікпен өлтірген еді ғой?" деп сұрайды. Өйткені бұл іс ашық қаралды және жұртшылық бәрін көрді. Ал қоғам елдегі басқа маңызды оқиғаларға қатысты ашық сот процестеріне неге куә бола алмады? Бұл шынымен мемлекеттік төңкеріс болды ма, әлде жоқ па? Тарих мұндай сұрақтарды үнсіз қалдырмауы керек. Егер адамдар қаза тапса, олардың не себепті қаза болғанын ашық айту қажет. Неліктен жас қыз оққа ұшты? Неліктен ол өмірден ерте кетті? Неліктен алаңдағы зейнеткерлер атылды? Неліктен көліктерге оқ тиді? Мұның бәріне нақты жауап берілуі керек.
Ең маңыздысы – адам әділдікті өз елінің ішінде таба алуы керек. Оның бұзылған құқығы өз мемлекетінде қалпына келтірілуге тиіс. Әділдік ел ішінде салтанат құрғанда ғана қоғамның мемлекетке деген сенімі қайта қалыптасады.
Азаттық: Сіз Еуроодақты Қазақстанмен диалог барысында адам құқықтары мәселелерін белсендірек көтеруге шақырасыз. Еуроодақ пен басқа да халықаралық ұйымдардың қысымы елдегі азаматтық бостандықтар мен адам құқықтары ахуалына шынымен әсер ете алады деп ойлайсыз ба? Еуропалық басшылар Қазақстанмен қарым-қатынаста адам құқықтары мәселелерін экономикалық және геосаяси мүдделерден жоғары қоя ала ма?
Ақылбекова: Біз Брюссельде орналасқан ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Олар жағдайды үнемі бақылауда ұстап, кездесулердің қалай өткенін, тараптардың қандай мәлімдемелер жасағанын тұрақты түрде қадағалап отырады. Бұл өте маңызды. Өйткені мұндай хаттар себетке тастай салатын құжат емес. Оның мақсаты ел ішіндегі біреуді қорқыту емес.
Егер бұл мәселелерді біз көтермесек, онда бізге кім көмектеседі?
Біз Брюссельге барған сайын әрдайым бір нәрсені айтып келеміз: "Өз мемлекеттеріңіздің мүдделерін көздей отырып, серіктес елдердегі адамдардың құқықтары мен мүдделерін ұмытпаңыздар" дейміз. Біз тек Қазақстан туралы ғана емес, бүкіл Орталық Азия мен постсоветтік кеңістік туралы айтамыз. Нақты саяси тұтқындардың тағдыры туралы сөз қозғаймыз. Бұл өте маңызды. Біз үнсіз отырмауымыз қажет. Керісінше, осы мәселелерді көтеруіміз керек. Өйткені біздің міндетіміз – адам құқықтарын қорғау.
Егер бұл мәселелерді біз көтермесек, онда бізге кім көмектеседі? Адам құқықтары мен бостандықтарының аумақтық шекарасы болмайтынын есте сақтау маңызды. Қазақтардың немесе қазақстандықтардың ғана құқықтары мен бостандықтары деген ұғым жоқ. Орыстардың немесе Ресей азаматтарының ғана құқықтары мен бостандықтары деген де түсінік жоқ. Барлық адамдарға бірдей қолданылуға тиіс әмбебап құқықтар мен бостандықтар бар. Егер сөз бостандығы шектеліп жатса, бұл туралы бәрі айтуы керек. Өйткені сөз бостандығы тек журналистер үшін ғана маңызды емес. Ол барлығымызға қажет. Егер сөз бостандығы шектелсе, біз объективті ақпарат ала алмаймыз. Ал бұл өте қауіпті. Жеке өзімді бұл алаңдатады.
Мен балаларым мен немерелерімнің еркін Қазақстанда өмір сүргенін қалаймын. Сондықтан да ықпалды тұлғаларға хат жазуды жалғастырып, қолдау көрсетуге шақыру маңызды деп санаймын. Мен мұндай қолдау болатынына сенемін. Өйткені егер бізді ел ішінде шектеуге тырысса, Брюссельде құқық қорғаушылардың қызметін дәл солай шектеу мүмкін емес.
Онда заңдар жұмыс істейді, жүйе жұмыс істейді және әрбір азамат адам құқықтары барлық жерде сақталуы керек екенін түсінеді. Қазақстандықтар үшін де, еуропалықтар үшін де адам құқықтарының құндылығы бірдей болуға тиіс. Мұны Қазақстаннан тыс жерде жүрген барлық сарапшылар түсінгені маңызды. Мен Норвегияда сақталатын сөз бостандығы Қазақстанда да сақталғанын қалаймын. Бейбіт жиналыстар өткізу еркіндігі қай елде болса да шынайы әрі толық жүзеге асқанын қалаймын. Журналистер өз материалдарын жариялаудан қорықпауы керек. Олар ертең өздеріне қарсы іс қозғалады немесе сотқа тартылады деп алаңдамауға тиіс. Бұл өте маңызды.