Марко Рубио мінген ұшақ Самарқанға қонды
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Өзбекстанға келді. 18 қазан кешкісін ол мінген ұшақ Самарқан әуежайына қонды. Ұшақ трапынан Рубионы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы әрі президент әкімшілігінің басшысы Саида Мирзияева, Өзбекстан сыртқы істер министрі Бақтияр Саидов және басқа да ресми тұлғалар қарсы алды.
Дүйсенбі, 19 қазанда Рубионың Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлерімен кездесулері жоспарланған. Жоғары деңгейдегі дипломатиялық келіссөздер барысында Вашингтон аймақпен экономика мен қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты арттыруды көздейді.
Эндрюс әуежайынан ұшқалы тұрғанда тілші Марко Рубиодан дүниежүзінде түрлі дағдарыстар болып жатқан тұста Орталық Азияға неліктен бара жатқанын сұрады. АҚШ мемлекеттік хатшысының айтуынша, сапардың мақсаты – әлдебір төтенше жағдайдағы әрекет емес, аймақ елдерімен қарым-қатынасты нығайту.
Рубио сапары бес мемлекеттің жетекші адамдары мен сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатыса алатындай етіп жоспарланғанын, уақытша дағдарыстар ұзақмерзімді дипломатиялық басымдықтарға көлеңке түсірмеуі тиіс екенін баса айтты.
«Көбіне дәл осы стратегиялық жұмыс зардап шегіп жатады», — деді Рубио. Ол тек дағдарыстарға ғана бағытталған дипломатия ынтымақтастықтың басқа да маңызды бағыттарын кейінге ысырып тастауы мүмкін екенін ескертті.
АҚШ сыртқы саясат мекемесінің басшысы өзінің Грекия мен Латын Америкасы елдеріне барған сапарларын өткір халықаралық қақтығыстар шеңберінен шығатын әріптестік қарым-қатынастарды сақтауға талпыныстың бір мысалы ретінде келтірді.
Еуропа мен Азия арасында орналасқан Орталық Азия стратегиялық маңызға ие, аймақ елдерінің үкіметтері Ресеймен де, Қытаймен де экономикалық, дипломатиялық және қауіпсіздік салаларында жақсы қарым-қатынасты сақтап отыр. Өңірде энергетика ресурстары мен пайдалы қазбалардың бай қоры бар.
Вашингтон үшін бұл сапар – сыртқы саясатта, әсіресе ірі державалармен қарым-қатынаста тепе-теңдікті сақтауға ұмтылатын аймақ елдерімен ынтымақтастықты арттыру мүмкіндігі.
Рубионың айтуынша, Украинадағы соғыс, энергетика нарығындағы дүрбелең және Иран төңірегіндегі шиеленіс жаһандағы дәл қазіргі басты мәселе болғанымен, қарым-қатынасқа инвестиция салу қажет екенін де түсіну керек, бұл сапардың басты мақсаты – осы.
Сержио Гор Traxys, Starlink, Air Products өкілдерімен кездесті
АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Сержио Гор мемлекеттік хатшының Самарқанға сапары қарсаңында америкалық ірі компаниялардың өкілдерімен кездескенін айтты.
"Мемлекеттік хатшы Рубио бастаған АҚШ-тың тарихи коммерциялық миссиясына америкалық компаниялар қосылып жатқанына қуаныштымын. Бүгін таңертең Traxys, Starlink, Air Products және басқа да бірқатар компания өкілдерімен нәтижелі келіссөз жүргіздік. Кездесуде маңызды минералды ресурстар, энергетикалық байланыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Біз АҚШ пен Өзбекстан арасындағы серіктестікті одан әрі нығайта береміз", — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.