Accessibility links

Мәсімовтің бұрынғы күйеубаласы, халықаралық іздеуде жүрген Азамат Қапенов өзіне тағылған айыптарды терістеді

Қазақстанда халықаралық іздеуде жүрген кәсіпкер Азамат Қапенов ұзақ уақыттан кейін алғаш рет жария түрде мәлімдеме жасап, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы делінетін Қапенов әлеуметтік желіде жариялаған видеоүндеуінде өзін Қазақстаннан қаржы шығарып, шетелде жасырынған дейтін мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдеді.

Қазір Қырғызстанда немесе Біріккен Араб Әмірліктерінде болуы мүмкін деген болжам айтылып жүрген Қапенов өз отбасына тиесілі "Евротрансгрупп" компаниясы қазақ-қытай шекарасындағы Достық станциясында ірі логистикалық порт салып жатқанын айтты.

"Маған “Қазақстаннан ақша жымқырып, Қырғызстанда жасырынып жүр” деген айып тағылып жатыр. Бұл – шындыққа жанаспайды", деді ол Instagram-да жарияланған видеода.

Қапенов жобаға қажет 51 гектар жер жеке меншік иелерінен сатып алынған, ал құрылыс банктен алынған несие есебінен қаржыландырылған деді. Ол порт құрылысы 2022 жылғы маусым айында басталғанын, яғни бұл кезде Кәрім Мәсімов қамауда болғанын атап айтты. Қапеновтің сөзінше, нысанның алғашқы кезеңі 2023 жылдың ақпанында іске қосылып, ай сайын шамамен 1 миллион доллар табыс әкеле бастаған.

Достық станциясы Қазақстанның Қытаймен шекарадағы негізгі көлік-логистика хабтарының бірі саналады. Кейінгі жылдары Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасу көлемінің артуы өңірдегі терминалдар мен инфрақұрылым нысандарының стратегиялық маңызын арттырды.

Видеода Қапенов "рейдерлік" әрекеттер туралы да мәлімдеп, Bereke Bankке қатысты берген арыздары қараусыз қалғанын айтты. Ол нақты кімдерді меңзеп отырғанын ашып айтпады, алайда алдағы уақытта қосымша мәліметтер жариялайтынын жеткізді.

Bereke Bank кейін қатарлық Lesha Bankке сатылған. Сарапшылардың пікірінше, Қапеновтің мәлімдемелері тек ішкі бизнес дауына емес, халықаралық қаржы құрылымдарына қатысты мәселелерге де назар аудартуы мүмкін.

2024 жылы Қазақстанның қаржы мониторинг агенттігі Азамат Қапеновке халықаралық іздеу жариялаған. Тергеу мәліметінше, ол "ҚазТемірТранс" компаниясы вице-президенті қызметінде жүргенде өзіне жақын құрылымдарға заңсыз артықшылықтар берген деген күдікке ілінген. Жүк вагондары нарығындағы преференцияларға байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Ресми мәлімет бойынша, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 5,2 миллиард теңгеден асады. Сонымен бірге сот Достық станциясындағы Қапеновке қатысы бар терминалды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарған.

2025 жылы Азамат Қапенов Біріккен Араб Әмірліктерінде ұсталғанымен, кейін босатылған. БАӘ билігі Қазақстанның экстрадиция туралы өтінішін орындамады. Ресми түсініктемеге сәйкес, қазақстандық тарап айыптарды дәлелдейтін жеткілікті құжат ұсына алмаған.

Айдар
XS
SM
MD
LG