9 сәуірде мәжіліс жаңа салық кодексі жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 76 депутат құжатты қолдады, жеті депутат қарсы болды. Тоғыз адам қалыс қалды, бір депутат дауыс берген жоқ.
Жаңа кодексте қосымша құн салығы көлемін 16%-ға дейін арттыру, оның межесін 40 млн теңге көлемінде бекіту қарастырылған. Депутаттар бұл өзгерістерді мақұлдады.
“Біріншіден, қосымша құн салығы 16 процент болады. Екіншіден, қосымша құн салығының шегі 40 млн теңге мөлшерінде белгіленеді. 40 млн теңге деген ортақ байлам болды. Үкімет пен депутаттардың конструктивті ұстанымының арқасында осындай ымыраға қол жеткіздік. Бірақ мұндай шек болғанда 160 мың салық төлеушіден айырылатынымызды айтқым келеді. Сондай шамамен 400 млрд теңгедей қосымша бюджет түсімінен қағыламыз. Біздің бизнесмендер үкімет те, парламент те осындай ымыраға баруға дайын екенін түсінсін деп айтып тұрмын" деді ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Ресми ақпаратқа қарағанда, жаңа жобада 1,3 трлн теңгеден асатын 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр. Салық саны мен өзге де міндетті төлемдерді қысқарту қарастырылған. Медицина саласында қосымша құн салығы тек ақылы қызметтерге салыну ұсынылып отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосымша құн салығын төлеуден босатылуы мүмкін. Жоба қабылданса, әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – 2026 жылдан бастап 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% болмақ. Корпоративтік табыс салығы банк секторы және ойын бизнесі үшін 25% болуы мүмкін.
Бұған қоса, "байлық салығы да" салынбақ. Жылжымайтын мүлік құны 450 млн теңгеден асқан мүлікке салық көлемін арттыру ұсынылып отыр.
"Құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, сондай-ақ қымбат теңіз кемелері мен әуе кемелеріне акциз енгізу жоспарланып отыр" деді Серік Жұманғарин.
Екінші оқылымда тағы да өзгерістер ұсынылуы мүмкін деп айтылады.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді ұсынған.
Жұрт әлеуметтік желіде үкіметтің бастамасын сынға алған. Сарапшылар салық ауыртпалығы қатардағы тұтынушыға түседі деді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда елдегі бизнес өкілдерімен кездесуде үкімет ұсынған ҚҚС мөлшері тым жоғары деп, бұл мәселені зерттеуді әрі биыл нақты шешім қабылдауды тапсырған.
Қосымша құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі, мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі.