Accessibility links

Мемлекеттік қызмет істер департаменті әкімдіктен Көкжайлау туралы даулы аудиожазбаны сұрады

Көкжайлау шатқалы.
Көкжайлау шатқалы.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы әкімдігінен Көкжайлаудағы "ағашты кесу" туралы даулы аудиожазбаны сұрады. Бұл жөнінде "Власть" басылымы хабарлады.

Басылымның сұрағы әуелі қалалық прокуратурадан мемлекеттік қызмет істер агенттігі департаментіне жіберілген. Ал департамент сауалды әкімдікке жіберген.

“Қазіргі кезде департамент мәлімдемеде айтылған жағдайға қатысты тиісті ақпаратты алып, анықтау үшін Алматы әкімдігіне тиісті сұрау жіберді” деді департамент “Власть” басылымына.

Нәтижесі кейін қосымша хабарланады деп айтылды.

Бұған дейін Көкжайлаудағы курорт құрылысына қарсы белсенді Аруна Ортаева Instagram парақшасында аталған аудиожазбаны жариялағаннан кейін белсендінің пәтерінде тінту болып, өзі ізінше 15 күнге қамалған еді. Аудиожазбада әкімдік қызметкерлеріне ұқсас адамдар Қызыл кітапқа енген жүздеген түп Сиверс алмасын "ың-шыңсыз" қалай шабу керектігін, сондай-ақ «қоғамдық тыңдауларды» қалай «дұрыс» өткізу керектігін талқылайды.

Осыған дейін азаматтық қоғам өкілдері құзырлы органдардың аталған аудиожазбаның мазмұнына қатысты реакция білдірмегенін сынаған. Атап айтқанда, "Әділ сөз" баспасөз қоры белсендінің қамалуына алаңдаушылық білдіріп, "құқық қорғау органдарының назары жазбаның пайда болуы мен таралуына қатысты жағдайға аударылғанымен, аудиоматериалдың мазмұнына қатысты тергеу жұмыстары туралы әзірге, ресми ақпараттың жоқтығы да сұрақтар туындатады" деген еді.

"Власть" басылымы 28 тамызда бас прокуратураға сауал жіберіп, "аудиожазбаға байланысты Kazakh Tourism Development компаниясы мен Алматы әкімдігінің лауазымды қызметкерлерінің әрекеті тексеріле ме", "экологиялық заңнаманы айналып өту жоспарына құқықтық баға беріле ме" және "прокуратура тексеріс аяқталғанға дейін жоба бойынша шешім мен процедураларды тоқтата ма" деп сұрақ қойған. Ал осы мәселе төңірегінде Алматы әкімдігі әзірге басылымға жауап бермеген.

Айдар
XS
SM
MD
LG