Accessibility links

Ресей елшісін өлтірудің салдары қандай болмақ?


Мевлют Мерт Алтынташтың Түркиядағы Ресей елшісі Андрей Карловты атқан сәті түсірілген видеодан скриншот. 19 желтоқсан 2016 жыл.

Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловтың қастандықпен өлтірілуін көпшілік Бірінші дүниежүзілік соғыстың тұтануына себеп болған эрцгерцог Франц Фердинандтың қазасына ұқсатты. Сарапшылар қазіргі жағдай мүлде басқа дейді.

ҚАСТАНДЫҚ

Бұл өзі Тарантиноның фильмдеріндегі көрініске ұқсап кетті: қара костюм, ақ шалбар киген қарулы жігіт камералар мен смартфондар қаптап тұрған залға кіріп келеді. Атқан адамы қимылсыз жатқанда ол өршелене айқайлайды. Бүйіріне тапаншасын қысқан оң қолы қимылсыз, сол қолы көкке көтеріліп, құдайдың жалғыз екенін көрсетіп тұр. Мұсылмандардың бұл жоралғысын әлемнің түкпір-түкпіріндегі терроршылар жиі пайдаланады.

Бірақ бұл жоралғының ең маңызды тұсы – Алланың жалғыздығын білдіретін белгі тек оң қолмен жасалуы керек. Ал оның оң қолы кісі өлтіріп жатқандықтан, бос болмады. Осы қателіктің өзі бүгінгі заманның айқын көрінісі бола алады. Бұл – «қасиетті соғыс жолында жүрген» мұсылманның емес, өмірге өкпелі, болашақтан күдер үзген жас жігіттің шарасыз әрекеті, яғни бүгінгі замандағы террордың нағыз өзі.

22 жастағы анкаралық полиция қызметкері Мевлют Мерт Алтынташ Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловты желтоқсанның 19-ы күні атып өлтірді. Қастандық кезінде ол Сахих әл-Бұхаридің хадисінен үзінді келтіріп, араб тілінде діни және саяси ұрандар айтты. Одан соң ол сөзін түрікше жалғады. «Алеппоны ұмытпа, Сирияны ұмытпа! Алеппоны ұмытпа, Сирияны ұмытпа!» - деп айқайлады ол. «Біздің аудандарымыз қауіпсіз болмайынша, сендер де қауіпсіз болмайсыңдар!» деген ол халыққа «кері шегініңдер» деп ишара жасады да: «Бұл жерден мені өлім ғана құтқарады, бұл зұлымдықты істегендердің барлығы өз ісі үшін жауап береді!» - деп айқайлады.

Ресейдің Сирияның Алеппо қаласын бомбалау операциясының арқасында президент Башар Асад шаһарды заңсыз жасақтың қолынан қайтарып алды. Қастандық жасаған адам осы операция үшін кек алып тұрған тәрізді. Яғни, Ресей Алеппода Сирияның мыңдаған азаматын азаптаса, Алтынташ оған жауап ретінде Ресейдің ресми өкілін ту сыртынан тоғыз рет атып өлтірді.

Түркиядағы Ресей елшісі Андрей Карлов өзіне қастандық жасалардан сәл бұрын қазіргі заманғы өнер галереясындағы көрменің ашылуында сөйлеп тұр. Анкара, 19 желтоқсан 2016 жыл.
Түркиядағы Ресей елшісі Андрей Карлов өзіне қастандық жасалардан сәл бұрын қазіргі заманғы өнер галереясындағы көрменің ашылуында сөйлеп тұр. Анкара, 19 желтоқсан 2016 жыл.

Биылғы жыл күтпеген саяси оқиғалар мен геосаяси белгісіздік жайлаған дүрбелең жыл болды. Бұл қатарда Брекзитті, АҚШ-тағы президент сайлауын, әлі жалғасып жатқан босқындар дағдарысын, Сирия мен Йемендегі қырғынды, Ресейдің Украинадағы агрессиясын атауға болады. Әлем 1914 жылдағыдай жаһандық аласапыран қарсаңында тұр деген пікірлер жиі айтыла бастады. Ол кезде де осындай қастандық Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себеп болған еді. Қазір де жұртты «Ресей елшісінің өлтірілуі [бұдан бір ғасыр бұрынғы] эрцгерцог Фердинадтың қазасы тәрізді алапат өртке тамызық бола ма?» деген сұрақ мазалап отыр.

ТҮРКИЯ МЕН РЕСЕЙ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Бұған кесімді түрде «жоқ» деп жауап бермекпіз, қалай болғанда да жағдай жұрт ойлағандай бағытта өрбімейді. Түркия мен Ресейдің арасын ушықтырып, соғысқа айдап салудың орнына Карловтың қазасы оларды жақындастырып, «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық тобына қарсы күресте жұмыла түсуге итермелейді.

Түркияда автократиялық режимін нығайтып жатқан президент Режеп Тайып Ердоған үшін бұл оқиға күтпеген олжа болды. Ресми Анкара шілдеде сәтсіздікке ұшыраған төңкеріс әрекетін АҚШ-та тұратын діни тұлға Фетхулла Гүлен ұйымдастырған деп санайды. Түркия ресми өкілдері «гүленшілердің террорлық ұйымы» деп атаған бұл топқа қатысы бар деген күдікпен армия, білім саласы мен сот жүйесінде мыңдаған адам тұтқындалды немесе қызметтерінен қуылды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Стамбул, 10 қазан 2016 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Стамбул, 10 қазан 2016 жыл.

Гүленнің өзі елшіге жасаған қастандықты сынға алғанымен, Анкара мұны бірден «гүленшілерден» көріп, желтоқсанның 21-інде АҚШ-ты «құлаққағыс етті». Енді Ердоғанның биліктің түрлі тармақтарында, мемлекеттік аппаратта қалған «гүленшілерді» аластауға мүмкіндігі кеңейеді. Шетелдік дипломат өлтірілді: енді ол өзіне қарсы деген адамдарды тізімге тіркеп, оларды қудалай алады. Ердоғанның билігі бұрынғыдан да күшейе түсті.

Есесіне Түркияның АҚШ-пен арадағы біраздан бері қожыраған қарым-қатынасы одан сайын нашарлай бермек. Сәтсіз төңкеріс әрекетінен соң екі ел арасында салқындық пайда болған еді. Түркия – НАТО-ның мүшесі, бірақ АҚШ Анкараның «төңкеріс ұйымдастырғаны» үшін сотқа тарту мақсатында Фетхулла Гүленді жедел экстрадициялау талабына көнбейді. Гүленнің өзі Түркия басшылығының сөзін жоққа шығарып, «жаздағы оқиғаға еш қатысым жоқ» деп отыр.

Елшіге жасалған қастандық Мәскеуге де ерекше мүмкіндіктер береді. Түркия жерінде Ресей дипломатының оққа ұшуы Ердоғанды қолайсыз жағдайда қалдырады, ал Ресей президенті Владимир Путиннің оған ықпал етуге көбірек мүмкіндігі бар. Оның алдында Түркия президентінің өтелмеген айыбы бар. Шілдедегі болмай қалған төңкерістен бері екі президенттің арасы жақсара түскен. Бұл қастандық та екеуін алшақтатудың орнына одан сайын жақындата түспек.

Бір қызығы, Ресей баспасөзі қастандық туралы жазғанда «гүленшілер» кінәлі деген Түркияның ұстанымын көбірек жақтайды, бірақ мұны шынайы факті деп емес, түрік ресми өкілдерінің көзқарасы деп берген.

Елшіге жасалған қастандықтан соң Ресей мемлекеттік телеарнасына сұхбатында президент Владимир Путин бұл қылмыс екіжақты қарым-қатынастың «қалыпқа келуіне кедергі жасауға және Сириядағы бейбіт процеске тосқауыл қоюға бағытталған» деді ол. Бұған жауап біреу – біз террормен күресті күшейтеміз, бұзақылар мұны айқын сезінетін болады» деген Путин. Оның сөзінің ең маңызды тұсы да – осы.

Елші Карловтың қазасы Ердоғанның ел ішіндегі басты мақсатын тезірек орындауына, яғни өзіне қарсы шыққандардың барлығын тегіс басып-жаныштауына мүмкіндік берсе, бұл қастандық Путиннің Сириядағы соғыста жеңіске жетіп, Таяу Шығысқа ықпалын күшейту жөніндегі басты мақсатына жетуіне кеңірек жол ашып тұр. Бұдан былай Ресей Түркияның кедергі келтірмейтінін біліп, Сириядағы соғыста емін-еркін әрекет етеді. Биыл тамызда Сириядағы өз мақсаттарына жету үшін Түркия мен Ресей ортақ келісімге келген деген сөз бар. Егер ол рас болса, онда бұл келісімнің орындалуы жеңілдей түспек.

РЕСЕЙДІҢ ЖАУАБЫ

Ресейдің елшіге жасалған қастандыққа жауабы қарапайым, бірақ аяусыз болмақ. Террористерді қолдайтын адам Алепподағы қырғын үшін Ресей дипломатын атып өлтірді. Ресей «көзін жою үшін күресіп жатырмыз» дейтін ИМ тобынан төнген терроршылық қаупі сейілген жоқ. Оларға жалғыз жауап – соққыны одан әрі үдете түсу. Алеппоны алған Ресей әскері онымен тоқтамайды. Келесісі Идлиб болады. Путин «империя жобасын» әрі қарай жүзеге асыра береді, ал оның қуыршағына айналған Асад елдің номиналды басшысы ретінде Тартустағы Ресей әскери базасын бақылауында ұстайды. Путин үшін Ресейдің қаншалық шынайы ақпарат таратқаны маңызды емес. Ол үшін ең маңыздысы – әскери операциясына ешкім кедергі келтірмесе болды.

Қастандық құрбаны болған Түркиядағы Ресей елшісі Андрей Карловтың денесін Отанына жөнелтер алдындағы онымен қоштасу рәсімі. Анкара, 20 желтоқсан 2016 жыл.
Қастандық құрбаны болған Түркиядағы Ресей елшісі Андрей Карловтың денесін Отанына жөнелтер алдындағы онымен қоштасу рәсімі. Анкара, 20 желтоқсан 2016 жыл.

Карловқа жасалған қастандық жаңа жаһандық соғысқа түрткі болуы мүмкін бе? Жоқ, бұл – қайғылы оқиға, ал Мәскеу мен Анкара оны өздерінің саяси және әскери мақсаттарына пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Бұл – үлкен соғысқа қарай жасалған қадам емес, ол тек Сирияға бұрыннан да көп кесапат әкелуі мүмкін. «ИМ-мен күрес» жолында Сирияның бейбіт тұрғындары бұрынғыдан да көп құрбан болады. Бұл – «Араб көктемінен» соң Ресейдің қатысуымен Таяу Шығысты жайлаған лас та арсыз Realpolitik-тің айқын көрінісі.

XS
SM
MD
LG