Accessibility links

“Назарбаев тұрғанда ақиқат ашылмайды”. Докторлық зерттеуін Желтоқсан оқиғасына арнаған АҚШ ғалымы


Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы. 17-18 желтоқсан, 1986 жыл.

Совет одағы кезінде Батыс басылымдары меншікті тілшілерінің көбі Мәскеуде отырды. Ал өңірден келетін жаңалықтар Коммунистік партияның сүзгісінен өтті. Осы себепті Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы әлем назарынан тыс қалды. Арада 14 жыл өткенде бір америкалық осы оқиғаны өзінің докторлық зерттеуі етіп алды. Пенсильвания мемлекеттік университетінің доценті Майкл Стефани Азаттыққа берген сұхбатында тақырыпты не үшін таңдағанын, Қазақстанға сапарында қандай кедергілерге тап болғанын, оқиға туралы не ойлайтынын әңгімеледі.

1986 жылы 16 желтоқсанда Кремль Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Дінмұхамед Қонаевты қызметінен алып, орнына Қазақстанда жұмыс істемеген тегі славян Геннадий Колбинді қойды. Таңғы жиналыста айтылған бұл шешім түскі 3.00-де радиодан хабарланып, кешке қарай қаладағы жоғары оқу орындардың жатақханаларында наразылыққа толы талқы басталды. Басты уәж – Қонаевтың орнына қазақты немесе өзге ұлт өкілі болса, Қазақстанда жұмыс істегенін қоймауы. Түні бойы транспарант пен ұран дайындаған қазақ жастары ертесіне Брежнев алаңына (қазіргі “Тәуелсіздік алаңы”) барды. Халықтың партия шешіміне қарсы шығуына бойы үйренбеген Совет билігі шеруді аяусыз жаншыды. Ресми дерекке сүйенсек, екі күнге созылған наразылықта екі адам қаза тапқан. Бірі – шерушілер қатарында болған Ербол Сыпатаев, екіншісі – милицияға көмек ретінде құрылған жасақшы тобында болған Сергей Савицкий. Артынан түрлі жағдайда Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сабира Мұхаметжанова және Кенжегүл Молданазарова дейтін шеруші жастар да қайтыс болды. Жүздеген адам сотталды, оқудан шығарылды, жұмыстан қуылды. Алған жарақатынан әлі күнге дейін зардап шегіп жүргендері де бар.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан төртеу (солдан оңға): Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан төртеу (солдан оңға): Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл.

Алматыдағы бұл наразылық Кеңес одағының басшысы Михаил Горбачев жариялаған “қайта құру” және “жариялылық” саясатының алғашқы сынағы еді. Бірақ бұл оқиға Горбачевке бейбітшілік үшін деп Нобель сыйлығын берген Батыс қоғамының назарынан тыс қалды. Оның бірден-бір себебі Алматы қаласында батыс басылымдары бюросының не тілшісінің болмауы еді. Оның үстіне еурпалықтар мен америкалықтар үшін Орталық Азия белгісіз бір аумақ саналды және ондағы оқиғалар оларды қызықтыра қоймады. Тіпті “зерттеймін” деген адам табылса да, Компартияның цензурасы оған жол бермес еді.

Тек 1990 жылы ғана, Совет одағы ыдырай бастаған тұста Қазақстанға адам құқықтарының бұзылмауын қадағалайтын америкалық Human Rights Watch ұйымының екі өкілі келіп, Желтоқсан оқиғасының куәгерлерінен сұхбат алды, нәтижесін баяндама ретінде жариялады. Советологтар (немесе Совет одағына маманданған шетелдік тарихшылар) 1986 жылғы оқиғаға бұл баяндамадан кейін де қызыға қоймады.

Арада 10 жыл өткенде қазақ жастарының Советтік Кремльге қарсы шығуына АҚШ-тағы Канзас университетінің докторанты Майкл Стефани назар аударды.

Орталық Азияға мұсылман әлемі славян өркениетімен түйісетін жер ретінде қызықтым деген Стефани Желтоқсан оқиғасына тың жерлерді игеру бағдарламасын зерттеп жүріп тап болғанын айтады.

Тақырыбын бекітіп алған Стефани 2001 жылы Алматыға келіп, архивтегі материалдармен жұмыс істемек болады, бірақ архив қызметкерлері шетелдік маманның қай оқиғаны зерттегелі отырғанын білген соң, өтінішін орындаудан бас тартқан. “Амалсыз оқиға куәгерлерінен сұхбат алуға мәжбүр болдым” дейді тарихшы. Азаттыққа берген сұхбатында америкалық ғалым “Этникалық шайқас: Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы және қазақ идеясының дамуы” деп аталған зерттеуінің егжей-тегжейін айтып берді.

Пенсильвания мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы Майкл Стефани.
Пенсильвания мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы Майкл Стефани.

Азаттық: Өзіңіз туралы қысқа ақпарат берсеңіз.

Майкл Стефани: Мен Аляскада туып-өстім. Ауылымызда орыстың православ шіркеуі бар еді. Осы шіркеудің қызметкері менің кіндік әкем болатын. 1970 жылы, екі жасымда ол мені осы православ шіркеуінде шоқындырған. Ресейге деген қызығушылығым осыдан басталды.

Кейін АҚШ-тың орталық штатына барып, сол кезде Совет одағын зерттеу жөніндегі ең үздік он университеттің қатарында болған Канзас университетіне оқуға түстім. Ресейдің Совет одағы кезіндегі тарихына ден қойдым.

Азаттық: Ал Қазақстанға қалай келдіңіз?

Майкл Стефани: Қырғиқабақ соғыс жылдары Ресейге маманданған советологтар көп болатын. Қырғиқабақ соғыс аяқталған соң, советологтар кенет ешкімге керек болмай қалды да, университет деңгейіндегі зерттеулердің бюджеті қысқарды. Ал мен оқу бітіріп, мансабымды осы салаға арнайын деп отырғанмын. Маған өзге советологтардан ерекшелену керек болды.

Назарым Орталық Азияға ауды. Себебі бұл аймақта мұсылман әлемі Ресеймен түйіседі. Мен – заманауи оқиғаларға қызығатын тарихшымын. Сол себепті өңірдің кейінгі жылдардағы тарихына үңілдім. Тың жерлерді игеру бағдарламасын қызықтап жүргенімде Орталық Азияның мүлдем зерттелмегенін түсіндім. Бұл америкалық зерттеушілер аяқ баса қоймаған аймақ еді.

Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінен Дінмұхамед Қонаевтың босатылып, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалғаны туралы ақпарат. "Социалистік Қазақстан" газеті, 17 желтоқсан 1986 жыл
Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінен Дінмұхамед Қонаевтың босатылып, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалғаны туралы ақпарат. "Социалистік Қазақстан" газеті, 17 желтоқсан 1986 жыл

Азаттық: Желтоқсан оқиғасы туралы қайдан білдіңіз?

Майкл Стефани: Қателеспесем, Марта Брилл Олкоттан (“Қазақтар”, “Қазақстан: Орындалмаға уәделер” кітаптарының авторы, америкалық зерттеуші - Ред.) білдім. Ол 1990 жылдары қазақтардың тарихын зерттеген және сол үшін Қазақстан жөніндегі де-факто маман саналады. Оның кітабының екі-үш беті Алматыдағы шеруге арналған екен. “Мынау өте қызық тақырып екен” деп ойладым. Оның Горбачевке қатысы, Совет одағы ыдырауының алдында болғаны, одан кейінгі Грузиядағы, Балтық елдеріндегі жағдайлар, олардың домино тәрізді бірінен кейін бірі қайталануы осы тақырыпты алуыма ықпал етті.

Азаттық: Зерттеуді қалай жүргіздіңіз?

Майкл Стефани: Алдымен 2000 жылдың күзінде Ресейдің жаңа тарих жөніндегі мемлекеттік архивіне бардым. Ол жерде Қазақстан коммунистік партиясының Қонаев билігі тұсындағы құрамын зерттедім. Бұл Желтоқсан оқиғасының себеп-салдарлық байланысы үшін қажет болатын.

Бұл кезде Ресейде Ельциннің дәуірі аяқталып, Путиндікі басталып жатқан. Салыстырмалы түрде еркіндік бар еді. Яғни кез келген архивке барып, қалаған тақырыпты зерттей алатынсыз.

Осыдан кейін 2001 жылдың көктеміне қарай Қазақстанға бардым. Бірақ онда мені бірде-бір архивке кіргізбеді. Өзімнің де кінәм бар. Ақымақтық жасап, архивке барғанда бірден “1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын зерттегім келеді” деп айтып қойдым. Маған “бұл архивке кіре алмайсың, басқасына да бара алмайсың, ешқандай мемлекеттік архивке кірмейсің” деді.

Мен тіпті Алматыдағы мемлекеттік музейге де бардым. Досымның досы музей директорын танитын болып шықты. Маған шеру кезінде КГБ (Совет одағының мемлекеттік қауіпсіздік комитеті - Ред.) түсірген суреттерді көруге мүмкіндік берді. Ол суреттердің көшірмесін алғым келген еді, менің кім екенімді білген соң, көшірмені бермей қойды.

Амал жоқ, оқиға куәгерлерінен сұхбат алуым керек болды. Бар-жоғы 17 адаммен сөйлестім. Оның 13-і қазақ, біреуі шеру кезінде жас бала болған адам, бірі жасақшы (дружинник), бірі қытай, енді бірі украин. Украин дегенім жартылай қазақ, бірақ түрі украинға ұқсайтын және украиналық туыстарына жақын болған. Яғни оқиғаға түрлі көзбен қарайтын адамдардан сұхбат алдым. Байқасаңыз, зерттеуімде совет үкіметінің немесе қазақ емес азаматтардың көзқарасын да, қазақтардың көзқарасын да келтіргенмін.

1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері Алматының орталық алаңына наразылық білдіріп шыққан жұрт.
1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері Алматының орталық алаңына наразылық білдіріп шыққан жұрт.

Азаттық: Сіз жолыққан адамдар кімдер?

Майкл Стефани: Мен сөйлескен адамдар – советтенген қазақтар. Олармен орыс тілінде сұхбат құрдым. Бұлар совет жүйесін түсінетін білімді адамдар болатын. Бірі университетте, бірі басқа жерде жұмыс істейтін. Олардың көбін кездейсоқ таптым.

Мәселен, жасақшыны көшеде кездестірдім. Алматыда метро жоқ еді, қолыма қаланың картасын алып, көшедегі бір бұрышта тұрғанмын. Ол кезде қажет жерге 100-200 теңгеге жетуге болатын. Барар жеріме апарып тастаған кісі орыс екен. Сөйлесе отырып, оның Желтоқсан оқиғасы кезінде жасақшы болғанын білдім. Ол бастан өткергенін айтуға келісе кетті. Қуанышым қойныма сыймады, себебі бұл қарсы тараптың көзқарасын білуге мүмкіндік еді.

Мен сөйлескен адамдардың көбі қарсылық акциясы кезінде студент болған. Бірақ арасында оқытушы болғандар да бар еді. “Желтоқсан” қозғалысының жетекшісі, марқұм Аманжол Нәлібаевпен де, оның орынбасарымен де сөйлестім.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің інісі Талғат Рысқұлбеков Желтоқсан құрбандары құрметіне тұрғызылған "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші жанында жиналғандар алдында сөйлеп тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2018 жыл.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің інісі Талғат Рысқұлбеков Желтоқсан құрбандары құрметіне тұрғызылған "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші жанында жиналғандар алдында сөйлеп тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2018 жыл.

Азаттық: Желтоқсандағы Назарбаевтың рөлі туралы не айтасыз?

Майкл Стефани: Дәл қазір Желтоқсан оқиғасы болмаған секілді. Өйткені біз ол туралы көп нәрсені білмейміз. Дамыған елде мұндай оқиғаларды зерттеу оңай. Міне – архивің, міне – оқиға туралы дерек. Егер ашықтық болғанда қай совет шенеунігінің не істегенін, не ойлағанын білер едік. Бірақ өкінішке қарай, оқиғаны алдымен Совет одағы, одан кейін Назарбаев бүркемеледі. Өйткені Назарбаевтың өзі Горбачевтің протежесі болды. Қонаевтың ағасы Асқарды Ғылым академиясын кетірген де сол Назарбаев. Оның Желтоқсан оқиғасындағы рөлі бұлыңғыр. "Бостондағы шай ішу" оқиғасын білесіз ғой?

Азаттық: Иә.

"Бостондағы шай ішу" оқиғасы

Америкалықтардың Британия үкіметі енгізген "Шай туралы" заңына қарсы 1773 жылғы 10 мамыр күні болған акциясы. Заң британиялық компанияларға салықтық жеңілдік берді, бұл америкалық кәсіпкерлерді ашуландырды. Акция кезінде наразылар Бостон айлағына келіп тоқтаған Ост-Үнді компаниясына тиесілі кемедегі шайды суға төкті. Американың Британия билігіне қарсы революциясы осы акциядан басталды деп саналады.

Майкл Стефани: Елестетіңізші, егер Америка Құрама Штаттарының елбасы саналатын, тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы президенті болған Джордж Вашингтон "Бостондағы шай ішу" акциясы кезінде британиялықтардың жағында болып, шайды суға төккендерді жазалап, артынан ел тәуелсіздік алғанда "Бостондағы шай ішу оқиғасы – патриотизмнің белгісі" деген сияқты сөз айтып, бірақ сол акцияны зерттеуге тыйым салса, себебі зерттеу Джордж Вашингтонның және оның отбасының беделін жермен жексен ететін болса, қалай болар еді?

Назарбаев пен Желтоқсан оқиғасының арақатынасы да сондай. Назарбаевтың отбасы мен серіктері Қазақстан билігінен кетпей, Желтоқсан оқиғасының ақиқаты ашылмайды.

Майкл Стефанидің диссертациясынан

Майкл Стефанидің Канзас университетінің тарих кафедрасында 2003 жылы қорғаған “Этникалық шайқас: Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы және қазақ идеясының дамуы” докторлық диссертациясынан үзінділер:

Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы және совет билігінің шерушілерді қудалауы қазақ идеясы дамуында шешуші рөл атқарды. Өйткені бұл көп қазақтың бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан орыс-қазақ қарым-қатынасын қайта қарауына, партияның әділдігіне күмәнмен қарауына әкелді.

Желтоқсан оқиғасы орыс-қазақ қарым-қатынасының жаңа дәуірін бастаумен қатар Орталық Азиядағы этникалық қайшылықтардың айқын белгісі болды. Осы қайшылық Совет одағының ұлттар жөніндег саясатының іске аспағанын көрсетіп, одақтың ыдырауына әкелді.

1980 жылдары қазақтар демографиялық және саяси тұрғыда күшейгеніне қарамастан, 1990 жылдардың басында Қазақ ССР-і әлі де экономикалық және психологиялық тұрғыда Ресейге тәуелді еді. Назарбаев мұны өте жақсы түсінді және сол үшін Горбачевке адал болды.

Бірақ қазақ элитасы кенеттен келген тәуелсіздіктің жақсы жағын тез аңғарды. Табиғи байлыққа бай болғандықтан ол бірден Орталық Азиядағы ең негізгі елге айналды. Ал Назарбаев саяси тепе-теңдікті қамтамасыз етті. Горбачев тағайындаған, советтенген қазақ ретінде ол барлық этникалық топтың көңілінен шықты.

Назарбаевтан бастап тәуелсіз Қазақстанның қазіргі үкіметі негізінен бұрынғы совет "аппаратчиктерінен" тұрады, сондықтан әлі күнге дейін Желтоқсан оқиғаларына екіұшты көзқараспен қарайды. Бір жағынан демонстрация қазақ ұлттық бірегейлігін қалыптастырудың бір бөлігі ретінде әспеттеліп, атап өтіледі, екінші жағынан оқиғаға қатысты толық ақпаратты жариялау сол кезде билікте болған адамдардың (соның ішінде Назарбаевтың) саяси карьерасына ықтимал қауіп ретінде қарастырылады.

  • 16x9 Image

    Дархан ӨМІРБЕК

    Дархан Өмірбек - Азаттық радиосының редакторы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде саясаттану бойынша, Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде журналистика бойынша білім алған. Карьерасын қазақстандық басылымдарда бастаған. Халықаралық Eurasianet басылымына фрилансер ретінде мақала жазған. Оксфорд университетіндегі Reuters журналистиканы зерттеу институтының оқу-зерттеу бағдарламасына қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG