Қазақстанның әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) сотының Ресейдің "Газпром" компаниясын украиналық "Нафтогаз Украина" компаниясының пайдасына 1,4 миллиард доллардан асатын қаржы төлеуге міндеттейтін арбитраж шешімін орындауға рұқсат берген шешімі Қазақстан аумағында орындалмайды деп мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, АХҚО соты жауапкердің қатысуынсыз біржақты түрде шешім шығарған.
"Бұл түпкілікті шешім емес: ол тек хабарлау сипатында және әлі заңды күшіне енген жоқ. Жауапкер белгіленген мерзімде оны жою туралы өтініш беруге құқылы, содан кейін екі тараптың қатысуымен толымды тыңдау өтеді. Қазіргі сәтте қандай да бір орындау жайлы талқылауға ерте", деген Ерлан Сәрсембаевтың сөзін Tengrinews.kz жариялады.
Бұған қоса шенеунік Қазақстан заңында елдің немесе АХҚО сотының юрисдикциясына қатысы жоқ шешімдерді орындаудың заңды тетіктері қарастырылмаған деп мәлімдеді.
"Қазақстан өзімен ешқандай заңды байланысы жоқ шешімдерді орындау үшін транзиттік платформаға айналмақ емес. Мысалы, республиканың құқықтық тетіктері оның юрисдикциясына жатпайтын дауларды қарауды көздемейді, сондықтан АХҚО сотының қаралып отырған шешімі Қазақстанда орындалмайды", деді министр.
"Газпромға" қарсы сот ісі АХҚО сотында неліктен қаралғаны туралы сұраққа министр "кез келген адамның сотқа шағымдануға құқығы бар, бірақ бұл әркез соттың тиісті юрисдикциясы бар дегенді білдірмейді" деп жауап қатты.
"АХҚО сотындағы процесс әлі аяқталған жоқ. Сот әлі екі тараптың да ұстанымдарын тыңдайды, содан кейін түпкілікті шешім қабылданады", деді Сәрсембаев. Ол қазір елдегі шетелдік арбитраж шешімдерін тану және орындауға қатысты заңға өзгерістер енгізіліп жатқанын қоса айтты.
Өткен аптада Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) бірінші сатыдағы соты "Нафтогаз Украина" компаниясының пайдасына "Газпром" компаниясынан 1,4 миллиард доллардан астам қаржы өндіріп алу туралы арбитраж шешімін орындауды мойындап, оны орындауға рұқсат беру жөнінде шешім шығарған.
Компаниялар арасындағы дау Украина арқылы ресейлік газ транзиті туралы 2019 жылғы келісімшартқа байланысты туған. 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін Сохрановка газ өлшеу станциясы арқылы өтетін газ транзиті тоқтатылды. Украина газды басқа жер – Суджа станциясы арқылы айдауды жалғастыратынын мәлімдеген еді.
"Газпром" келісім шарттары бұзылды деп мәлімдеп, транзит үшін толық төлем жасаудан бас тартқаннан кейін "Нафтогаз" оған қарсы талап арызбен Швейцарияда орналасқан Халықаралық арбитражға жүгінді.
2025 жылғы маусым айында арбитраж соты "Газпромды" украиндық компанияға қарыз бен үстеме қаржыны және арбитраж шығындарын төлеуге міндеттеп шешім шығарған. 2026 жылғы қаңтарда Швейцарияның федералдық трибуналы Ресей тарапының апелляциясын қанағаттандырмай, бастапқы шешімді күшінде қалдырды.
Осыдан кейін "Нафтогаз" "Газпромнан" алашағын қайтарып алу үшін әртүрлі юрисдикциялардағы соттарға арыздана бастаған. Қазақстан сот бұл дау бойынша осыған дейін арбитраж шығарған шешімді AIFC жүйесі арқылы орындауға рұқсат берген алғашқы ел болды.