Accessibility links

Министрлік: Ақтөбе облысында жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады

Шымкент мұнай өңдеу зауыты.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты.

Қазақстан үкіметі Ақтөбе облысында жылына 2 млн тонна мұнай өңдейтін зауыт салу жобасын қарастырып жатыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, кәсіпорын "Қазақстанды авиаотынмен қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдеріне бензин экспорттауға мүмкіндік береді".

Жобаны жүзеге асыруға шамамен екі жыл қажет. Зауыт құрылысы туралы түпкілікті шешім алдағы екі айда қабылдануы мүмкін.

Бұған қоса, Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауытының жалпы қуатын жылына 18 млн тоннадан 27,7 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Министр өндірілетін жанармай «Еуро-5» стандартына сай болады деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек, қуаты жылына 10 млн тонна болатын тағы бір ірі мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де қарастырылып жатыр. Ол үш облыстың бірінде салынуы мүмкін: Маңғыстау, Атырау және Ұлытау.

Зауыттың орны су, электр энергиясы, мұнай құбырлары мен өзге де инфрақұрылымның қолжетімділігіне қарай таңдалады. Министрдің мәліметінше, аталған зауыттың нақты орналасатын жері жыл соңына дейін анықталуы мүмкін.

Қазақстанда қазір 3 ірі мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді: Атырау мұнай өңдеу зауыты — жылына 5,5 млн тонна; Павлодар мұнай-химия зауыты — жылына 6 млн тонна; Шымкент мұнай өңдеу зауыты — жылына 6 млн тонна. Бұлардан бөлек, тағы 20-дан астам шағын мұнай өңдеу кәсіпорындары бар.

Мұнай-газ өндіретін Қазақстанда бензин тапшылығы жиі байқалады. Елдегі үш ірі мұнай өңдеу зауыты ішкі сұраныстың басым бөлігін өтейді дегенмен жөндеу жұмыстары немесе өндірістегі ақау кезінде жанармай жеткізу мәселесі туындайды. Әсіресе авиаотын бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр: Қазақстан Ресейден жылына шамамен 300 мың тонна авиаотын сатып алады.

Биыл украин дрондарының шабуылы салдарынан өндіріс бірнеше рет тоқтағандықтан Ресей билігі Қазақстаннан мұнай өңдеу нысандарын пайдалануды сұраған еді. Ізінше Батыс Қазақстанда орналасқан "Конденсат" мұнай өңдеу зауыты Ресейден мұнай әкеліп, одан өндірілген бензин мен дизельдің 70 пайызын Ресейге жіберетіні хабарланған еді. Кейбір дерекке қарағанда, «Конденсат» зауыты шілде–қыркүйекте шетелге 42,5 мың тонна бензин экспорттаған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG