Accessibility links

Ауған жігіттері телефон арқылы Тәжікстаннан қалыңдық іздейді


Қол телефонмен сөйлесіп тұрған ер адам, Кабул, Ауғанстан, 24 наурыз 2011 жыл.

Ауған жігіттері Пяндж өзенінің арғы бетінен қалыңдық немесе көңіл жарастыратын қыз-келіншек іздеу үшін Ауғанстанның Тәжікстанмен шекаралас территориясында қолданылатын тәжікстандық sim-карталарды жиі пайдаланады. Бірақ шетелдіктердің телефон қоңыраулары кей абоненттерге қолайсыздық тудырады.

Ауғанстанның Құндыз провинциясы Имамсахиб уезінің 35 жастағы тұрғыны Амонулло Хусайни екі жыл бұрын болашақ әйелімен осындай амалмен танысқан. Тәжікстанмен шектесетін Имамсахиб уезінде тұратын ауғандардың телефондары Тәжістандағы кей ұялы байланыс компанияларының қызметіне қосыла алады, сондықтан олар шекаралас елдің sim-карталарын пайдаланады.

Бір күні Хусайни тұтқаның арғы жағынан биязы әйел дауысы естілгенше ондаған нөмірді долбармен тере берген. Әлгі қоңыраудың арқасында болашақ келіншегімен танысамын деп ойламағанын да айтады. Оның әйелі де 35 жаста, ол – Тәжікстанның Фархор ауданының тұрғыны.

16 қаңтарда Амонулло Хусайни Азаттықтың Тәжік қызметі тілшілерімен телефон арқылы сөйлесті.

- Келіншегім әуелгіде мені Тәжікстаннан телефон соғып, өзін алдап тұрған біреу екен деп ойлап қалыпты. Кейін екеуміз Viber мессенджері арқылы сөйлесе бастадық. Ал бірнеше айдан кейін үйлендік, - дейді ол.

Қол телефонын ұстап отырған әйел. Ауғанстан, 22 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қол телефонын ұстап отырған әйел. Ауғанстан, 22 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Оның сөзінше, Ауғанстанда үйленіп, шаңырақ құру өте қымбатқа түседі.

- Ауылдас жігіттер үйлену тойына 10-15 мың доллар жұмсайды. Бірақ мен бес мың долларға әйеліме үй сатып әперуді ұйғардым, кейін екеуміз некеге отырдық, - дейді Амонулло.

Ресми дерекке сәйкес, 2016 жылы Ауғанстанның 30-дан аса азаматы тәжік қыздарына Амонулло сияқты үйленген. Көбі – шекара маңында орналасқан аудан тұрғындары және оның 10 шақтысы болашақ күйеулерімен телефон арқылы танысқан.

Бірақ тәжікстандық кей абоненттер ауған жігіттерінің тынымсыз қоңыраулары жүйкеге тиіп, қолайсыздық тудыратынын да мойындайды.

Душанбелік тұрғын Насиба Гуломованың айтуынша, бірде оған дари тілінде (Ауғанстандағы мемлекеттік екі тілдің бірі – ред.) сөйлейтін бір жігіт телефон соғып, танысайық деп қоймаған.

- Әлгі жігіт тәжікстандық сим-картамен қоңырау шалды. Танысайық деп қоймады. "Тұрмыстағы әйелмін, телефон соғушы болма" десем де тоқтатпады. Ақыры күйеуіме айтуға тура келді. Милицияға жүгініп едік, олар "әлгі адам Ауғанстаннан телефон соғып жүр" деді. Бірақ әлгі жігіт сосын өзінен өзі жоғалып кетті, - дейді ол.

Тәжік қалыңдықтардың арасында жасы келіп қалған әйелдер де бар.

Соғда облысының 57 жастағы тұрғыны Мавлюда да "телефон арқылы қалыңдыққа" айналып, үш айдан бері Имамсахиб уезінде ауған күйеуімен тұрып жатыр. Бірақ ол ерлі-зайыпты өміріне көңілі толмайды, тұрмыс құрғанына өкінеді. Азаттық тілшілеріне ол бұрын ерінен ажырасқанын, ауған азаматымен телефон арқылы танысқанын айтып берді.

- Тиісті құжаттарды дайындау үшін маған ақша салып жіберді, сонымен 2017 жылғы 2 қарашада Ауғанстанға аттандым. Телефон арқылы сөйлескен кезде болашақ ерім "үйленбегенмін" деген болатын, бірақ шындығында мені екінші әйел етіп алды. Қазір денсаулығым сыр беріп жүр, елге оралғым келеді, бірақ мына жақтан қалай кетерімді білмеймін, - дейді Мавлюда.

Тәжік-ауған шекарасы. (Көрнекі сурет.)
Тәжік-ауған шекарасы. (Көрнекі сурет.)

Ауғанстан билігінің мәлімдеуінше, Тәжікстанмен шекаралас Бадахшан, Тахор және Құндыз провинцияларында шекарадан 10-50 километр қашықтықта тәжікстандық ұялы байланыс операторларының желісіне қосылуға болады. Осы провинцияның алты уезі тұрғындары тәжікстандық ұялы байланыс операторлары қызметін пайдаланатынын Азаттыққа Бадахшан провинциясы әкімшілігінің баспасөз хатшысы Некмахмад Назари да растады.

- Бұл мәселе ресми деңгейде де талқыланып жатыр. Ауғанстан үкіметі кей уездерді ұялы байланыс желісімен қамтамасыз ету бағдарламасын қабылдады. Ал бір жағынан, біз тәжікстандық сим-карталарды пайдалануда тұрған ештеңе жоқ деп санаймыз, ауған халқы елдеріңіздің бюджетін толтырып жатыр ғой, - дейді ол.

Ұлыбритания соғыс және бейбітшілік институты 2017 жылғы желтоқсанда жарияланған материалында Ауғанстанның Бадахшан провинциясының өзінде ғана 55 мыңдай тұрғын тәжікстандық sim-картаны пайдаланады деп көрсетілген. Бұл деректің растығын тексеру мүмкін болмады.

Бұған дейін Тәжікстан билігі sim-карталарды контрабандистер мен өзге қылмыстық топтар пайдаланбас үшін ұялы байланыс операторларынан ретрансляторларын ауған шекарасынан аулаққа көшіруді өтінген.

Былтыр операторлар қауіпсіздік мақсатында жүргізілген ұялы байланыс абоненттерін қайта тіркеу процесін аяқтаған.

(Азаттықтың Тәжік қызметі тілшісі Мумин Ахмадидің мақаласынан аударылды.)

AzattyqTV

Көшпенділер ойынына асық шабандоз қыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG