3 қаңтарда АҚШ Венесуэла астанасына әскери шабуыл жасап, ел президентін күштеп алып кетті. Бұл туралы Дональд Трамп әлеуметтік желіде хабарлады. Ол Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы АҚШ-тың арнайы күштерінің қолында деп жазды. Сарапшылар Ақ үйдің интервенциясын Монро доктринасымен байланыстырды. Мұны бір күннен кейін өткен баспасөз мәслихатында Трамптың өзі де растады. 19-ғасырда жария болған бұл декларация нені білдіреді?
Ақ үй басшылығының 3 қаңтар таңертеңгі сағат 11:00-де президент Трамптың Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында өткен баспасөз мәслихаты кезінде әскери шабуылдың себебін түсіндірерде "Венесуэла билігіне қатысы бар террористік ұйым АҚШ-қа қауіп төндірді", "Венесуэладағы социалистік режим америкалық компаниялар құрған өнеркәсіпті күшпен тартып алды" деді. Президенттің сөзінше, Нью-Йоркте Мадуроның үстінен "АҚШ-қа бағытталған есірткі терроризмін ұйымдастыру" бойынша іс қозғалып, осы іс Каракастағы операцияға түрткі болған. Сондай-ақ, Мадуроны ұстау қалай іске асқанын түсіндіріп жатқанда Монро доктринасын да атады.
БҰҰ бас хатшысы АҚШ-тың бұл қадамын "қауіпті прецедент" деп атады. Ресей, Қытай және Бразилия осыған ұқсас мәлімдеме жасап, Ақ үйдің бұл қадамы халықаралық құқыққы қайшы деді. Еуропа басшылары Мадураны легитимді басшы деп танымайтынын айтып, ұстамдылыққа шақырды. Алайда Испания премьер-министрі Педро Санчес "Мадуроны режимін мойындамаймыз, бірақ халықаралық құқықты бұзатын интервенцияны да мойындамаймыз" деді.
Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио "бұл – АҚШ-тың мемлекет мүддесі" деп, Латын Америкадағы өзге елдерге сес көрсете сөйледі. Ол "Трамп кеңсесімен ойын ойнамаңыздар, өйткені оның соңы жақсы болмайды" деді.
Брифинг кезінде Трамп "Мадуро біздің аймаққа АҚШ қарсыластарын жақындатты" деді. Ол Қытай мен Ресейді меңзеп отыр. Венесуэла кейінгі жылдары Ресейден әскери техника сатып алып, Қытай инвестициясын тарта бастаған. АҚШ президенті "Мадуро тұсында Венесуэла біздің аймағымызға сыртқы қарсыластарды барған сайын көп кіргізіп келді" деді.
АҚШ президентінің "біздің аймақ" деп отырғаны қай өңір? Оған АҚШ-тың бесінші президентінің қандай қаты сы бар? Монро доктринасының сыртқы саясаттағы рөлі неде? Бұған Ресей мен Қытайдың қатысы қанша? Азаттық осы сұрақтарға жауап іздеді.
МОНРО ДОКТРИНАСЫ
Монро доктринасы 1823 жылдан бастау алады. Сол жылы АҚШ-тың бесінші президенті Джеймс Монро халыққа жолдауы кезінде Вашингтонның ықпал ету аймағы ретінде Батыс жарты шарды атайды. Монро "Еуропа Америка құрлықтарын отарлауды доғаруы керек, ондағы тәуелсіздігін енді алған елдердің ісіне де араласпауға тиіс" деген. Есесіне, АҚШ та Еуропаның ішкі мәселелеріне араласпайтынын мәлімдеген.
Ол кездегі АҚШ бүгінгідей әскери қуатты емес еді. Десе де, 1860 жылдары француз империясының Мексикаға ықпалын азайтуға осы доктрина негіз болған. XX ғасырдың басында Вашингтон Латын Америкасындағы тұрақсыз елдердің мәселелеріне араласа бастайды. Мәселен, XX ғасырдың басында АҚШ қазіргі Панама территориясында мұхитаралық канал салғысы келді. Ол кезде Панама Колумбия құрамында болған және Вашингтон канал қазуға арнайы аймақты жыл сайынғы төлемге жалға беруді сұрайды. Колумбия бұдан бас тартқан соң, АҚШ Панаманың тәуелсіз ел болып, бөлініп шығуына әскери көмек береді.
Ақ үйдің сол кездегі басшысы Теодор Рузвельт бұл әрекетін "мемлекеттік мүдде" деп, Монро доктринасына сілтеген. 1989 жылы АҚШ әскері Панамаға басып кіріп, ел президенті Мануэль Норьеганы күшпен алып кетеді. Ол кейін есірткі тасымалы үшін АҚШ-та 40 жылға сотталады.
Геосаясаттағы "алып елдердің ықпал ету аймағы" тіркесі XX ғасырдың екінші жартысында жиі қолданыла бастады. Мысалы, Совет одағы мен АҚШ Оңтүстік Америка мен Таяу шығысқа ықпалын арттыруға тырысты. Африка мен оңтүстік-шығыс Азияда гибридті соғыс жүргізді. 1962 жылы совет үкіметі Кубаға ядролық зымырандарды қойғанда АҚШ Монро доктринасына сілтеп, совет билігінен зымырандарды алып кетуді талап етеді. Есесіне, Мәскеу Вашингтоннан Түркияда қойылған зымырандарын алып кетуді міндеттейді.
Ал Трамп билікке келгелі ықпал ету аймағына қатысты АҚШ-тың сыртқы саясаты күшейді. Мысалы, Ақ үй былтыр Панама арнасына қытайлық инвестордың кіргеніне келіспей, оны америкалық BlackRock консорциумына сатуын міндеттеп, "АҚШ қорғанысы үшін Гренландия қажет" деп Данияға да сес көрсетіп еді. Күні кеше Трамп тағы да Гренландия бізге керек, оны Дания қорғай алмайды деді.
Одан бөлек, АҚШ басшысы Канаданы 51-штат етіп қосып алу идеясын да бірнеше рет жария айтты. Енді міне Венесуэланың Қытай және Ресеймен жақын араласуына көне алмайтынын "қарулы дипломатиямен" көрсетіп отыр.
"ДОНРО ДОКТРИНАСЫ"
Америкалық саяси тәуекелдерді бағалау институты The Eurasia Group жазуынша, Монро доктринасы Батыс жарты шарға сырттан келуі мүмкін қауіпті болдырмауды көздеген болса, Трамп әкімшілігінің доктринаға жаңаша көзқарасы батыс жарты шардағы саясатты Вашингтон икеміне бейімдеуге негізделген.
"АҚШ Венесуэладағыдай басқа елдердің де егемендігіне нұқсан келтіре ме? Мексикадағы наркокартельдерге қарсы тікелей әрекетке баруы мүмкін бе? Әзірге қарым-қатынас біршама дұрыс, Бұған АҚШ та, Мексиканың президенті Клаудия Шейнбаум да үлес қосып отыр. Бірақ егер АҚШ наркокартельдермен Мексика аумағында тікелей кұресе бастаса, бұл мексикалықтар үшін "қызыл сызық" болар еді. Мұндай сценарий Колумбияда да қайталануы мүмкін.
Тағы бір мәселе: Қытай көптеген елдермен сауда жасап, аймақтағы басым экономикаға айналған кезде, АҚШ "Донро доктринасын" қаншалықты тиімді іске асыра алады? Оның үстіне, осы елдердің көбісі АҚШ-тың саяси шешім қабылдауына үстем дауыс айтып, ықпал жүргізуін қабылдауға дайын емес әрі оған құлықсыз. Олар Қытаймен көбірек бизнес жасап, сауданы күшейткісі келеді" дейді The Eurasia Group президенті Иэн Бреммер.
Былтыр қараша айында Вашингтон АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жариялады. Құжатта АҚШ-тың батыс жарты шардағы беделін арттыру мақсаты туралы да жазылған. Ол Монро доктринасына "Трамп толықтыруы" деп аталды. Саясаткерлер мен саясаттанушылар оны "Донро диктринасы" деп те атап кетті.
Былтыр қараша айында Вашингтон АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жариялады. Құжатта АҚШ-тың батыс жарты шардағы беделін арттыру мақсаты туралы да жазылған. Ол Монро доктринасына "Трамп толықтыруы" деп аталды. Саясаткерлер мен саясаттанушылар оны "Донро диктринасы" деп те атап кетті.
"Біздің мақсатымыз – Батыс жарты шардың салыстырмалы түрде тұрақты болып, басқару сапасы жеткілікті деңгейде қалуын қамтамасыз ету: бұл АҚШ-қа жаппай көші-қонның алдын алуға және оны тежеуге көмектеседі. Біз осы жарты шардағы үкіметтердің бізбен бірге наркотеррористерге, картельдерге және басқа да трансұлттық қылмыстық ұйымдарға қарсы әрекет еткенін қалаймыз. Біз жарты шардың қарсыластардың басып кіруінен, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар активтерді иеленуінен ада болғанын; маңызды жеткізу тізбектерін қолдай алатын жағдайдың сақталғанын қалаймыз. Сонымен бірге, негізгі стратегиялық нүктелер қолжетімді болғанын қамтамасыз еткіміз келеді. Басқаша айтқанда, біз Монро доктринасына қатысты "Трамп толықтыруын" батыл алға тартып, оны орындауды талап етеміз әрі орындатамыз" деп жазылған құжатта.
The Atlantic басылымы бекітілген стратегия Трамптың изоляционизмге негізделген "America First" саясатына қайшы келеді деп жазса, The New Yorker оны "Трамптың мұнай империализміне" апарар жол деп түсіндірді. Венесуэлаға шабуылдан кейін The New York Times редакциясы Ақ үйдің бұл әрекеті Біріккен ұлттар ұйымының территориялық тұтастық жөніндегі қаулысына қарсы әрі заңсыз әрекет деп сынады.
"Венесуэла, шамасы, кейінгі дәуірдегі империализмнің алғашқы нысанасына айналды, әрі бұл – Американың әлемдегі орнына қатысты қауіпті әрі заңсыз тәсіл. Халықаралық заңдылықтың ешқандай белгісінсіз, құқықтық тұрғыдан негізделген өкілетсіз және ел ішіндегі нақты қолдаусыз әрекет ете отырып, Трамп мырза Қытайда, Ресейде және басқа елдерде өз көршілеріне үстемдік жүргізгісі келетін авторитар басшыларға "ақтау" мүмкіндігін беріп қою қаупін тудырады. Ал жақын мерзімде ол 2003 жылы Иракқа басып кіруге алып келген америкалық астамшылықты қайталауға ұрындырып отыр" деп жазды The New York Times.
Сенбі күнгі брифингтен кейін Трамп ұшақта журналистерге бұрылып, өңірге ықпал ету тетіктері туралы көп сөйледі. Венесуэладағы биліктің транзиті кейінгі мәселе деп, алдымен америкалық мұнай өндіретін компаниялар Венесуэланың мұнай өнеркәсібін қалыпқа келтіретінін айтты.
"Елдің жағдайы өте нашар. Өте нашар басқарылып келді. Мұнай өте төмен көлемде өндіріліп жатыр. Тіпті нашар басқарылғанның өзінде, олар қазіргіден де көп мұнай өндіріп, көбірек табыс табуға тиіс еді. Сондықтан біз ірі мұнай компанияларын жібергелі отырмыз. Олар инвестиция құйып, инфрақұрылымды қалпына келтіреді" деді Дональд Трамп.
Әйтсе де, кейінгі жылдары Венесуэланың мұнай резервтерінің басым бөлігі Қытай мен Ресей компанияларына өткені белгілі. Reuters агенттігінің жазуынша, Қытайдың Sinopec Group және CNPC, Ресейдің Roszarubezhneft компаниялары Венесуэладағы ең көп мұнай резервін меншіктеген үштікті құрайды. АҚШ-тың әскери шабуылынан кейін бұл өзгеруі ықтимал. Трамп әзірге бұрынғы келісімдерге не болатыны жайлы еш айтпады. Журналистер де сұрамады. Бірақ Дональд Трамп та, Марко Рубио да кейінгі жарты жылдан бері АҚШ қауіпсіздігі үшін қарсылас елдердің Америка құрлығына жақындағанын құптамайтынын айтып келеді.
Мысалы, Рубио NBC телеарнасына Мар-а-Лагодағы кездесуден кейін берген сұхбатында "Венесуэланы Иранға, Ресейге, "Хезболлаға", Қытайға, Кубаның барлау агенттігіне жұмыс істейтін хабқа айналдыруға болмайды" деді.