Сейсенбі, 26 мамыр күні Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары елдің жоғарғы рухани көсемі аятолла Мұжтаба Хаменеидің Израиль мен Америка Құрама Штаттарын қарғап-сілеп, оларға өлім тілеген мәлімдемесін таратты.
Меккеге жыл сайынғы қажылық сапардың басталуымен тұспа-тұс жарияланған мәлімдемесінде Мұжтаба ирандықтарға ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем мұсылмандарына да үндеу тастаған. Онда, өзге жайттармен қоса, бұдан былай Таяу Шығыс елдері "америкалық әскери базалар үшін қалқан болмайтыны" айтылған. Сонымен бірге ол ислам елдері арасындағы "достық пен ынтымақтастыққа" шақырған.
Хаменеи үндеуінде Израильге доқ көрсетіп, оны "обыр" деп атап, "бітер күні таяп" қалғанын айтқан. Бұған қоса ол мұсылмандар мен "күллі әлемдегі езгі көрген баршаны, әсіресе жастарды" "Израильге өлім келсін" және "Америкаға өлім келсін" деп ұрандауға шақырған.
Болашақ "ислам ұлты мен ислам өркениетіне" тиесілі болатынын айтқан аятолла олар "мүшріктерден", сондай-ақ Америка мен Израильден өз іргесін бұрынғыдан да батыл түрде аулақ салуы қажет деп мәлімдеген.
Мұжтаба Хаменеидің бұл мәлімдемесі биыл 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әуе шабуылдарының алғашқы күні қаза тапқан әкесі Әли Хаменеидің риторикасын еске түсіреді. Сол уақытта Мұжтаба Хаменеи ауыр жараланған деген ақпарат тараған еді. Соған қарамастан дінбасылардан тұратын кеңес оны марқұм әкесінің орнына Иранның жоғарғы көшбасшысы етіп сайлаған. Содан бері ол көпшілік алдына шыққан емес.
Оның бұл мәлімдемесі Иран мен АҚШ араағайындар арқылы бейбітшілік келіссөзін жүргізіп жатқан шақта жарияланды. Өткен аптаның аяғында келіссөзде айтарлықтай ілгерілеушілік бар деген жаңалық тараған. Осыдан бір күн бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бірнеше жайтты келісіп алу ғана қалды деп мәлімдеген. Алайда екі тарап та келісімге қол жетпеуі де мүмкін екенін айтқан.