Accessibility links

Ормуз бұғазындағы текетірес Ресей мен Қытайға қай жағынан тиімді?

Иранның Бандар Аббас қаласының портына жақын тұрған кемелер. Ормуз бұғазы.
Иранның Бандар Аббас қаласының портына жақын тұрған кемелер. Ормуз бұғазы.

Вашингтондағы саясаткерлер жылдар бойы Азияны негізінен Тайвань, Оңтүстік Қытай теңізі және Қытайдың әскери қуатының артуы тұрғысынан қарастырып келеді. Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастағаны бұл көзқарасты күшейтіп, Еуропа мен Шығыс Азияны геосаяси бәсекенің басты алаңдарына айналдырды.

Алайда Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік сарапшылары Таяу Шығыста өршіп жатқан тағы бір дағдарыс аймақтағы күштер тепе-теңдігін Украинадағы соғыстан немесе Тайвань дағдарысынан да қатты өзгеріс әкелуі мүмкін деп санайды.

Әлемдік мұнайдың шамамен бестен бірі тасымалданатын Ормуз бұғазының стратегиялық маңызы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің үкіметтері үшін елемеуге болмайтын мәселеге айналды.

Иранға қатысты шиеленіс әлемдегі ең маңызды энергетикалық тасымал дәліздерінің біріне қауіп төндіріп отырған шақта, сарапшылар мұның салдары өңір елдерінің қауіпсіздік, дипломатия және одақтастыққа қатысты ұстанымдарын өзгертіп жатқанын айтады.

"Қазірдің өзінде АСЕАН-ның (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы) Ресейге жақындай бастағанын көріп отырмыз. Бұл қауіпсіздік саласында емес, энергетикалық тәуелділік тұрғысынан болып жатыр" деді Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы халықаралық қауіпсіздік пен саясатты зерттейтін Aldebaran Threat Consultants компаниясының Маниладағы қауіп-қатерді талдау жөніндегі сарапшысы Лестер Джозеф Буйтизон Азаттық радиосына.

Кейінгі күндері АҚШ пен Иран арасындағы әскери операциялар Ормуз бұғазына деген назарды қайта күшейтті.

Иран бұл стратегиялық теңіз жолын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдесе, АҚШ "Ормуз бұғазындағы коммерциялық кеме қатынасына шабуыл жасау үшін пайдаланылып отырған Иранның әскери әлеуетін одан әрі әлсірету мақсатында" елдің оңтүстігіндегі нысандарға әуе соққыларын жасап жатқанын айтады.

Аймақта АҚШ әскери күштері мол болғанымен, жүк тасымалымен айналысатын компаниялар кемелерін бұғазға жіберуден тартынып отыр. Бұл әскери-теңіз күштерінен де маңызды мәселе барын көрсетеді. Коммерциялық тасымалдаушылардың сенімін қайта қалпына келтіру ең маңызды мәселе болуы мүмкін.

Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалы Оңтүстік-Шығыс Азия үшін аса маңызды, өйткені өңір Таяу Шығыстан жеткізілетін энергия ресурстарына әлі де қатты тәуелді.

Мысалы, Филиппин елі мұнайының 90 пайыздан астамын Таяу Шығыстан импорттайды. Сондықтан мұнай жеткізілімінің үзілуі бұл ел үшін алыстағы сыртқы саясат мәселесі емес, экономика мен саясатқа бірден әсер ететін түйткіл саналады.

Манила – АҚШ-тың ең жақын одақтастарының бірі, әрі қоғамда АҚШ-қа деген қолдау Қытайға қарағанда жоғары. Десе де, ел президенті Маркостың әкімшілігі Ресей мұнайын көбірек импорттауға ұмтылып, ұзақ мерзімді энергетикалық ынтымақтастық мәселесін кеңірек талқылай бастады.

Лестер Джозеф Буйтизонның айтуынша, АҚШ-тың аймақтағы ең жақын одақтасының өзі энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Мәскеумен байланыс орнатуға мәжбүр болса, сыртқы саясатта бейтарап ұстанымдағы Индонезия мен Малайзия сияқты елдер мұндай қадамға одан да тез баруы мүмкін.

"Егер Ресей экономикасын шығысқа қарай сәтті бағыттай алса, онда Батыстың санкциялары құрылымдық тұрғыдан әлдеқайда тиімсіз болады" дейді ол.

Ормуз бұғазындағы ахуал Ресейге экономикалық тұрғыдан тиімді болуы мүмкін болса, Қытайға бұл дипломатиялық тұрғыдан тиімді болуы ықтимал.

Филиппин Әскери-теңіз күштерінің Әскери-теңіз стратегиялық зерттеулер және стратегияны басқару басқармасының қорғаныс мәселелері жөніндегі зерттеушісі Винсент Кайл Параданың айтуынша, бір кездері АСЕАН елдері Шығыс пен Батыс арасында тепе-теңдік сақтай алатын: Қытай экономикалық өсімді қамтамасыз етсе, АҚШ өңір қауіпсіздігінің кепілі саналатын.

Параданың сөзінше, бүгінде бұл айырмашылық барған сайын көмескіленіп барады, себебі Ирандағы дағдарыс экономикалық қауіпсіздік пен ұлттық қауіпсіздіктің ұштасып жатқанын көрсетіп отыр.

"Экономика мен қауіпсіздіктің арақатынасы осыдан 10–20 жыл бұрынғыдан әлдеқайда тығыз болып кетті" дейді ол.

Сарапшының айтуына қарағанда, АҚШ-тың өңірлік даму бағдарламаларын қысқарту, саудадағы шиеленістер және Иранға қол сұғуы сияқты соңғы шешімдері Вашингтонның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ықпалын әлсіретіп, Қытайдың экономикалық ықпалын кеңейтуіне жаңа мүмкіндіктер ашқан.

"Қытайға ештеңе істеудің де қажеті жоқ. Тек күте тұрса болғаны" дейді ол.

Айдар
XS
SM
MD
LG