Accessibility links

Орталық Азияда "ақ алтыннан" түсетін табыс азайды. Фермерлер шағынып отыр


Ғаламдық экономикалық құлдырау мен климаттың өзгеруі Совет Одағынан мұраға қалған мақта өндірісіне кері әсер етіп отыр. Шаруалар азын-аулақ табыстың көп бөлігі басқа адамдардың қалтасына кетіп жатыр деп шағынады.

Орталық Азиядағы мақта өндірісін Ресейдің империялық экспансиясы, еңбек эксплуатациясы және экологиялық апат сөздерімен сипаттауға болады.

Бұл сала өңірдегі ауыл шаруашылық жерлерінің едәуір бөлігін алып, жыл сайын миллиондаған адамды жұмыспен қамтып отыр.

Биылғы маусымда шаруалар мақтаны өте арзан бағаға сатуға мәжбүр болды.

– Күнде таңертең ортақ топқа кіріп, мақта бағасы туралы ресми ақпарат іздейміз. Жақсы хабар жоқ. Күні бойы күйзелеміз. Болашаққа жоспар құра алмай отырмыз, – деп жазды шаруалардың Telegram-дағы ортақ тобына қосылған кісі. Ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды ақпараттар жарияланатын топқа Өзбекстанның 20 мың шаруасы мүше.

Топқа қосылған шаруалар санына қарап-ақ, Өзбекстандағы мақта өндірісінің көлемін жобалауға болады. Өзбекстан – әлемдегі ең ірі мақта өндірушілердің бірі.

Жыл сайын елдегі 35 миллион халықтың 2 миллионға жуығы мақта жинауға қатысады. Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, бұл әлемдегі ең ірі ұйымдасқан маусымдық жұмыс саналады.

Көрші Түркіменстан мақта өндірісі бойынша әлемдегі ең ірі он экспортердің қатарына кіреді. Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан шаруалары да мақта өсіреді.

Кейінгі жылдары экономикалық және экологиялық қысымның артуына байланысты мақта өндірісі қиындады.

МАҚТА БАҒАСЫ

Әлем экономикасы коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантиннен шыққан соң, халықаралық нарықтағы мақта шикізатының бағасы екі есе өсіп, бір фунт (0,45 келі) 1,50 долларға бағаланды.

2022 жылдың ортасынан бастап баға өзгеріп, осы айда 0,80 долларға дейін құлдырады.

Былтыр салалық сарапшылар мақта бағасының арзандауына қарап, ғаламдық рецессия келе жатыр деп болжаған. Өйткені жоғары инфляция мен жеткізу тізбегіндегі белгісіздік те бағаны ұстап тұра алмады.

Мұндай ғаламдық динамиканы шаруалар да байқады.

– Әлемнің көп мемлекетінде құрғақшылық болып, мақта өсірілмеді. Соған қарамастан, мақтаға сұраныс төмен, – дейді Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ошта тұратын шаруа Зафар Отажанов.

Мақтаны көтерме бағада сатып алатын кәсіпкерлер бір келіге (шамамен екі фунт) 0,73 доллар ұсынып отыр. Бұл шаруалардың шығынын жабуға әзер жетеді.

Тәжікстандағы мақта жинау науқаны.
Тәжікстандағы мақта жинау науқаны.

Тәжікстанның Соғды облысындағы шаруа Файзуллоджон Назаров мақтаның бір келісін 6,5 сомониге немесе 0,60 долларға сата алмай отырғанын айтады.

Қазір тұқым қымбаттаған, соңғы маусымда шаруа бір гектарға 1300 доллар жұмсаған.

Назаровтың айтуынша, қазіргі бағалар табысты былай қойғанда, жұмыс күшінің шығынын да жаппайды.

Өзбек шаруалар Telegram тобында мақта жинау науқанын басқаруды қолға алған кластерлер (жекеменшік компаниялар) қызметіне шағынды. Бұрын мақта өнеркәсібі мемлекеттің бақылауында еді.

– Қолдан құрылған кластерлер кімге тиесілі? Бізге мақта үшін жақсы ақы төлесе, шенеуніктер шығынға батар еді, – деп жазды қолданушылардың бірі.

МӘЖБҮРЛІ ЕҢБЕК

2018 жылы пайда болған кластерлер Өзбекстандағы мақта саласын қайта құру жолындағы шаралардың бірі еді. Бұрын Өзбекстанда мақта жинауға халық күштеп тартылып, тіпті балалар да жұмысқа жегілетін. Бұл халықаралық қауымдастық тарапынан сынға қалып, әлемнің 300 бренді өзбек мақтасынан бас тартты.

Бойкот он жылдан астам уақытқа созылды. 2021 жылы Берлиндегі Адам құқықтары жөніндегі өзбек форумы шенеуніктердің тапсырмасымен мәжбүрлі еңбекке тарту фактілері тіркелгенімен, бұл тәжірибе бұрынғыдай жиі қайталанбайтынын, жүйелі сипатқа ие емесін хабарлаған.

2019 жылы Economist журналы қазіргі заманғы құлдықты тоқтатуға талпынысы үшін Өзбекстанға "Жыл мемлекеті" деген атақ берді. Жаңа президент Шавкат Мирзияев өз елі мен шетелде қошеметке бөленді.

Бірақ Өзбекстандағы жаңа кластерлік жүйе шаруаларға жағымсыз тосынсый болды.

– Өзбек форумы сөйлескен ондаған шаруа "мақта өндірісі қымбат, өйткені кластердің қымбатқа сатқан өнімін (тұқым, тыңайтқыш, жанармай) алуға мәжбүрміз" деді. Тағы бір мәселе: шаруалар жалға алған жеріне қанша мақта егетінін өз бетінше шеше алмайды. Кей шаруалар мақта өсіру тиімсіз болса да, басқа дақыл егуге рұқсат ала алмаған, – дейді Өзбек форумының директоры Умида Ниязова.

Шаруалардың бірігіп, мемлекеттің қолдауына ие болып отырған кластерлерге қарсы тұруға жағдайы жетпейді.

Ниязова мен басқа да құқық қорғаушылар шаруалар кластерден автономия алу үшін кооператив құрғанын, бірақ билік бұл ұйымдарды жауып тастағанын анықтаған.

– Мақта бағасын кластер бекітеді. Шаруаларды көндіру үшін жергілікті билікті пайдаланады, –дейді Ниязова.

Түркіменстанда әлі де мәжбүрлі еңбекке тарту шаралары қолданылады.

Түркіменстанда мақтаны әлі мәжбүрлеп жинатады.
Түркіменстанда мақтаны әлі мәжбүрлеп жинатады.

Азаттықтың Түркімен қызметі мемлекеттік қызметкерлер жақында желтоқсанға дейін ұзарған мақта жинау науқанына жіберілгенін жазды.

Азаттықтың Тәжік қызметі заңда ондай талап болмаса да, елдің солтүстігіндегі шаруалар мемлекеттен жалға алып отырған жерлерінің жартысын мақта өсіруге пайдалануға мәжбүр екенін хабарлады.

СУ МӘСЕЛЕСІ

Жаппай мақта өсіру Ресейдің Орталық Азияға жасаған империялық экспансиясының нәтижесі ғана емес, басты мотиві де болды. Өйткені Ресейде индустриализация дамып, мақтаға сұраныс артты.

Совет Одағы кезінде Өзбекстан мен Түркіменстанда жаппай мақта өсірілетін.

Азаматтарды мәжбүрлі жұмысқа салу сол кезден басталды. Мақта алқабын суғару өңірдің су жүйесіне қосымша салмақ болды. Осының салдарынан Қазақстан мен Өзбекстандағы Арал теңізі тартыла бастады.

Бір кездері әлемдегі ең үлкен төрт су айдынының бірі болған Арал теңізі 1960-жылдардан бастап, бастапқы көлемінің 10 пайызына дейін кішірейді. Бұған теңізге құятын Сырдария және Әмудария өзендерінің суын шаруашылыққа пайдалану себеп болды.

Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздік алғаннан кейін өңірде құмды дауылдар жиілеп, Түркіменстандағы астыққа кері әсер етті.

Климаттың өзгеруі де аймақтағы ауыл шаруашылығына қауіп төндіріп отыр.

Жақында Ауғанстан жаңа бір жоба бастады. Тәліптердің жетекшілігімен салынатын "Көштепа" каналы Ауғанстанның солтүстігіндегі шаруаларға Әмударияның суын бұрып береді. Сарапшылар есебінше, бұл каналдың әсерін есепке алмағанның өзінде, алдағы жылдары Әмудария мен Сырдарияның суы 15 пайызға азаюы мүмкін.

Осы айдың басында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ауғанстанмен шекаралас Сұрхандария облысына барған сапарында "халыққа су тегін емесін түсіндіру керек" деді.

Өзбекстан билігінің ресми мәлімдемесінде мемлекет суды үнемдеу үшін жерүсті суару каналдарын ауыстырып жатыр делінген. Билік дерегінше, осындай каналдар арқылы берілген судың 35 пайызы далаға кетеді.

Өңірдегі мақта өсіретін шаруалардың көбі биыл қатты құрғақшылық болғанын айтады.

– Биыл мақта жақсы шықпады. Су жетпеді. Бас көтермей, қурап кетті. Жеріміздің бір бөлігіне жүгері ектік. Билік басында рұқсат бермеді, кейін мақта шықпай жатқанын көрген соң, келісті, – дейді тәжік шаруа Абдухофиз Махмудов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG