Кейінгі жиырма жылда Қытай Орталық Азия өңірінде өз позициясын айтарлықтай нығайтты. Оның компаниялары жол салып, өнеркәсіп орындарын тұрғызды, пайдалы қазба өндіріп, энергетикалық жобаларға қатысты. Пекин сауда байланыстарын кеңейтіп, өңір үкіметтерімен қарым-қатынасын нығайтып жатыр және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа ден қойды.
Бұл процестегі бетбұрыс 2013 жыл басталды: сол кезде Астанада сөз сөйлеген Қытай басшысы Си Цзиньпин Қытайды Орталық Азия арқылы Еуропамен байланыстыруға арналған "Бір белдеу, бір жол" ауқымды бастамасының құрлықтағы бөлігі – Жібек жолының экономикалық белдеуін құруды ұсынды. Содан бері өңір Пекиннің экономикалық сыртқы саясатының маңызды бағыттарының біріне айналды, ал Қытай сауда мен инвестиция шеңберінен асып түсіп, аймақпен кеңінен араласа бастады.
Бұл қарым-қатынастарды Орталық Азия елдері қуатты көршінің артып экспансионистік саясаты деп бағалайды және өздері оның артып келе жатқан ықпалына бейімделуге мәжбүр боламыз деп алаңдайды. Бірақ Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының зерттеушілерінің пікірінше, бұл үдерістің екінші жағы да бар. Олардың көзқарасы бойынша, заңдар, биліктің шешімдері, бизнес мүдделері және қоғамдық көңіл-күй сияқты жергілікті жағдайлар қытайлық компаниялар мен мемлекеттік құрылымдарды қалыпты тәсілдерін өзгертуге мәжбүр етеді. Карнеги қорының "China Local/Global" зерттеу бастамасы аясында ғалымдар саяси, экономикалық және қоғамдық жағдайлардың қытайлық компаниялар мен мемлекеттік құрылымдардың қызметіне қалай әсер ететінін зерттейді.
Орталық Азияның Пекиннің тәсілдерін өзгертуге қауқары қаншалық, өңірге бейімделу мен Қытайдың өз мүдделерін қорғау арасындағы шекара қай жерден өтеді деген сұрақтар төңірегінде "Азаттык Азия" Карнегидің Ресей және Еуразияны зерттеу Берлин орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаровпен және Қытай мен Қазақстанның уран саласындағы ынтымақтастығы туралы Карнеги зерттеуінің авторы, Қытай мен Орталық Азия мәселелерін зерттеуші, Джеймс Мартин орталығының сарапшысы Янлян Паньмен әңгімелесті.
Қытай компаниялары жергілікті ережелерге бағынуға мәжбүр ме?
Темур Умаровтың айтуынша, "China Local/Global" зерттеу жобасы Қытай белсенділігінің көзге онша түсе бермейтін жағын да зерттеуге назар аударады.
"Әлемде Қытай әртүрлі өңірлерге келіп, өз ережелерін таңады деген пікір басым. Бәлкім, мұндай мысалдар расымен де бар шығар. Алайда, керісінше, Қытай жергілікті ойын ережелеріне бейімделіп, өзі араласатын елдер үшін икемді серіктеске айналатын қытайлық акторлар мен олардың көп әрекеті зерттеушілердің назарынан тыс қалып жатады. Біз дәл осындай мысалдарды зерттеуге қызығушылық таныттық", — дейді Умаров.
Оның айтуынша, әріптестері әлемнің әртүрлі өңірлеріндегі процестерді талдаған, ал оның міндеті бұл процесс Орталық Азияда қалай көрініс табатынын анықтау болған.
"Біз Орталық Азиядағы қытайлық акторлардың бұрынғы экономикалық өктемдік моделінен алшақтап, барған сайын жергілікті ережелерге бағына бастағанын байқадық", — дейді зерттеуші.
Мұның бір мысалы — Қырғызстанның тау-кен өндіру секторы. Оның сөзінше, зерттеушілер Әсел Доолоткелдиева мен Тилль Мостовлянский қытайлық компаниялардың құжаттардағы қиындықтар, мемлекеттік органдардың күтпеген шешімдері және жергілікті серіктестермен келіссөздер жүргізу қажеттігі жағдайында қалай жұмыс істейтінін зерделеген.
Зерттеуде саз балшық өндірумен айналысқан компанияның жағдайы мысалға келтіріледі. Мекеме уақытылы төлем жасамағаны үшін 2020 жылы лицензиясынан айырылған. Мемлекеттік органмен дауды реттей алмаған компания әкімшілік сотқа жүгінген. Зерттеу авторлары мұндай мәселелерді шешу кезінде қытайлық инвесторлардың заңды іс-әрекеттерді бейресми келіссөздермен ұштастыра алатынын атап өтеді.
Умаров дәл осындай жағдайда компаниялар қалай әрекет ететініне назар аударады.
"Олар қиындыққа тап болған кезде қырғызстандық бюрократиямен қалай жұмыс істеу керегін анықтауға мәжбүр болды: сотқа жүгіну керек пе, әлде бейресми түрде келісу керек пе? Яғни, өз ережелерін таңатындай емес, Қырғызстанның өзіндегі жергілікті ойыншылар қалай әрекет етсе, солай әрекет етеді", — дейді ол.
Зерттеуші энергетика саласында да қытайлықтар жергілікті жағдайларға осылай бейімделгенін байқаған. Қазақстан мен Өзбекстандағы қытайлық компанияларды зерттеген Юнис Шарифли бұл елдердің нарығына шығудың бірыңғай моделі жоқ екенін айтады.
"Юнис Шарифлидің зерттеуі тіпті Орталық Азияның өз ішінде айырмашылық көп екенін көрсетті. Қытайлық компаниялардың Өзбекстан мен Қазақстан нарықтарына шығу тәсілдері әртүрлі: бір жағдайда олар тендерлерге қатысса, екінші жағдайда басқа жолдармен келісіп, жобаларға қатысады. Бір жерде басқа халықаралық компаниялармен консорциумдар құрса, енді бір жерде, мысалы, Қазақстандағы жел энергетикасы нысандарында бір мезгілде несие беруші, мердігер және құрылысшы ретінде әрекет етеді", — дейді Умаров.
Оның айтуынша, бейімделу тек бизнес жүргізу тәсілдерінен ғана емес, сонымен қатар Қытайдың әр елде ынтымақтастықтың қай жолын дамытатынынан да көрінеді.
"Әр елдің Қытай үшін тартымды көрінетін өз артықшылықтары бар. Сондықтан Тәжікстандағы қытайлық акторлардың әрекеті олардың Өзбекстандағы әрекетінен ерекшеленеді: бұл осы елдердің әрқайсысының экономикасы қандай екеніне және қытайлық компаниялардың ол жерден не ала алатынына байланысты", — деп түсіндіреді зерттеуші.
Зерттеушілер Эдвард Лемон мен Руслан Норов екі елдің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы туралы мақаласында мынадай мысал келтіреді: 2021 жылы Тәжікстанның ішкі істер министрлігі қытайлық серіктестеріне Ауғанстанмен шекаралас Вахан дәлізінде тағы бір нысанның құрылысын қаржыландыру туралы өтініш білдірген. Яғни бастама әрдайым Пекин тарапынан бола бермейді: тәжік билігінің өзі шекараны күзету үшін қосымша қолдау алуға мүдделі болған.
Омаров Қытайдың аймақ елдеріне қатысты ұстанымындағы айырмашылықтарды олардың географиялық орналасуымен түсіндіреді.
"Қытаймен шектесетін елдерде стратегия қауіпсіздік мәселелерімен, атап айтқанда Пекин "үш зұлымдық" деп атайтын сепаратизм, экстремизм және терроризмнің алдын алумен тығыз байланысты. Қытайдың қауіпсіздік саласындағы бірегей серіктесі ретінде Тәжікстанды ерекше атап өтуге болады. Онда Қытайдың басқа елдерде елестету мүмкін емес істерді жүзеге асырып жатқанын көреміз. Қытай халықтық қарулы полициясының базаларын ашқанын да мысалға алсақ болады", — дейді зерттеуші.
Басқа елдерде де қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық дамып келеді, бірақ Омаровтың айтуынша, ол басқаша құрылған. Ол жақта Пекиннің өзге мүдделері бірінші орынға шығуы мүмкін.
Жергілікті институттардың қытай бизнесіне жағдай жасауының тағы бір мысалы — Өзбекстандағы ауыл шаруашылығы жерлерін беру оқиғасы. Азаттықтың Өзбек қызметінің (Озодлик) зерттеуінде Әндіжан облысында банкротқа ұшыраған кластерлік кәсіпорынға тиесілі 2200 гектар мақта алқабы қытайлық Tian Ye Plastik компаниясына берілгені хабарланды. Зерттеу деректері бойынша, тағы 1800 гектар жер фермерлерден тартып алынып, ол да қытай бизнесіне берілген.
Фермерлер жергілікті билік органдары мен күштік құрылым қызметкерлері өздерін жерді өз еркімен беру туралы өтініш жазуға мәжбүрлегенін айтты. Олардың айтуынша, көнбегендерді қорқытып-үркіткен. Әндіжан облысының әкімшілігі редакцияның осы айыптауларға қатысты түсініктеме беру туралы сауалдарына жауап бермеді.
Тағы бір айрықша жағдай Қазақстанда болды. 2025 жылғы қарашада Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі қазақтар мен басқа түркітектестер қудаланғанынын айтатын тіркелмеген "Атажұрт" ұйымының 19 белсендісі Қытай шекарасында акция өткізді. Олар Қытай билігі ұстаған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап етті. Наразылыққа шыққандар Қытай туы мен Си Цзиньпиннің портретін өртеді. Олар осы әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көп ұзамай оларға қылмыстық айып тағылды. Мұның алдында Қытай консулдығы Қазақстан сыртқы істер министрлігіне акцияға байланысты шара қолдануға шақырып, дипломатиялық нота жолдаған.
Азаттық қытайлық нота қылмыстық іс материалдарында да аталғанына көз жеткізді. 2026 жылғы 13 сәуірде Талдықорған соты айыпталушы 19 адамның барлығын "ұлттық араздықты қоздырғаны" үшін кінәлі деп таныды. 11 адам бес жылға бас бостандығынан айырылса, қалғандарына бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалды. Белсенділер мен олардың адвокаттары акцияға қатысушылар араздықты қоздырмағанын, тек Қытай саясатын сынағанын мәлімдеді.
Умаров бұл оқиға Қытайдың серіктес елдегі ахуалға ықпал ету қабілетін ғана емес, сонымен қатар Пекиннің өз мақсаттарына жету тәсілдерінің өзгергенін де көрсетеді деп санайды.
"Орталық Азияға бейімделу, икемділік таныту және өз ережелерін таңудан бас тарту Қытайдың аймаққа аралсуы демократиялық сипат ала түсті дегенді білдірмейді. Бұл Қытайдың өз мүдделері аясында әрекет етуін тоқтатқанын немесе Орталық Азиямен араластықтан алатын пайдасын ұмытқанын білдірмейді", — деді зерттеуші.
Оның бағалауынша, "Атажұртқа" қатысты оқиғада Қытай өз мақсатына тікелей емес, Қазақстанның мемлекеттік құрылымдары арқылы қол жеткізген.
"Бұл жағдайда Қытай өз қолымен әрекет етпей, байланыс арналары арқылы өз мақсаттарына, соның ішінде қауіпсіздік саласындағы және Қазақстандағы өз мүддесін қорғау мақсаттарына жетіп отыр. Мұны да бейімделу деп атауға болады: Пекин шығындарды жергілікті билікке ысырып, бұл оқиға үшін жауапкершілікті өз мойнына алмайды", — дейді Умаров.
Умаров Қытайдың аймақтағы дипломатия стилінің өзгергеніне де назар аударады. 2010-жылдардың екінші жартысында Қытай елшілері сұхбат беруге құштар болып, болып жатқан оқиғаларға жария түрде түсініктеме беріп, кейде өткір мәлімдемелер жасаған болса, қазір мұндай белсенділік едәуір азайған.
"Түйткілді мәселелер бойынша Қытай артық назар аудартпай, үнсіз әрекет етуді жөн көреді", — деп атап өтті зерттеуші.
Құралдар өзгеріп жатыр, ал мақсаттар ше?
Пекиннің дипломатиялық стилі ғана емес, оның экономикалық құралдары да өзгеріске ұшырап жатыр.
"Қытай аймақ елдерінде қарыз тұзағына түсу қаупін тудырған ірі несие беруден бас тартып, кәсіпорындарға ұсақ қарыз беруге көшіп жатыр, және олар шикізат секторына қатысты болмауы да мүмкін. Инфрақұрылымдық жобалар да өзгеріп жатыр: олар енді адами капиталды дамытумен ұштастырылуы мүмкін. Ал пайдалы қазбаларды өндіру жасыл технологиялармен және жаңартылатын энергия көздерімен байланыстырылып жатыр", — дейді Умаров.
Қытайдың аймақтағы әрекеті шикізат жобалары мен несие беру аясынан шығып келе жатқанын Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Жомарт Отарбаев та айтады. Оның деректері бойынша, 2025 жылдың ортасына қарай Қытайдың Орталық Азияға салған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі 56 миллиард долларға жеткен, бұл он жыл бұрынғы көрсеткіштен екі еседей көп.
Бұл салымдардың құрылымы да өзгеріп жатыр. Он жыл бұрын Қытай инвестициясының шамамен 68 пайызы шикізат салаларына тиесілі болса, қазір олардың үлесі 54 пайызға дейін қысқарған дейді Отарбаев. Өңдеу өнеркәсібі 22 пайыз, ал жаңартылатын көздерді қоса алғанда, жалпы энергетиканың үлесі 12 пайыз.
"Қытай мен Орталық Азияның өзара іс-қимылы енді тек қарыз алумен шектелмейді. Тікелей шетелдік инвестицияға, өндірісті жергіліктендіруге және мемлекеттік қарыз алуға әлдеқайда сақ көзқараспен қарауға қарай бетбұрыс жүріп жатыр", — дейді Отарбаев.
Алайда өнеркәсіпке салынатын инвестицияның артуы аймақ елдері жаңа технологияға қол жеткізіп, білікті кадрлар көбейеді, өз өндірісі артады дегенді білдірмейді. Көп нәрсе жобаларды іске асыру шарттарына, инвесторлардың міндеттемелеріне және биліктің олардың орындалуын қаншалықты табанды талап ететініне байланысты.
Отарбаев назар аударған тағы бір мәселе — Орталық Азия елдерінің арасындағы Қытай капиталы үшін бәсеке. Оның айтуынша, әзірге Қазақстан — Қытай инвестиясын ең көп алып отырған ел, дегенмен соңғы кездері Өзбекстан инвесторларды көбірек тартып жатыр. "Иә, біз жақсырақ болуға тырысып, бір-бірімізбен қатаң бәсекеге түсіп жатырмыз", — дейді Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі. Ол Өзбекстанға салынып жатқан инвестицияның өсуі Қазақстан үшін сигнал дейді.
Алайда инвестиция құрылымы мен қаржыландыру тәсілдерінің өзгеруі Қытайдың өзі Орталық Азиядағы стратегиясын қайта қарап жатқанын білдіре ме? Қытайдың Қазақстанның ядролық отынына қалай қол жеткізгені туралы Карнеги зерттеуінің авторы Яньлян Пань Қытайдың бірыңғай тәсілі туралы айтуға асықпау керек дейді. Оның пікірінше, жергілікті жағдайларды ескеруге дайын болуы Пекиннің өз саясатын өзгертіп жатқанын білдірмейді: елге дәл қандай қытайлық компания қандай мүддемен келді, барлығы соған байланысты.
"Біртұтас Қытай", "қытайлық тәсіл" немесе "қытайлық модель" туралы жалпылама тұжырым жасау өте қиын. Шын мәнінде, әртүрлі қытайлық ойыншы әртүрлі мүдделерді көздейді, өздерінің қалыптасқан жұмыс әдістері бар және олар түрлі шектеулерге тап болады. Сондықтан олардың жергілікті жағдайларға бейімделуге дайындығы мен қабілеті де әртүрлі. Бұрыннан солай болған", — дейді Яньлян Пань.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Орталық Азия елдерінің қытайлық серіктестерге ықпал ету мүмкіндіктері бар, бірақ олар ынтымақтастықтың нақты саласына байланысты. Жергілікті елде Пекинге ерекше қажет ресурс және оған қол жеткізуді бақылау мүмкіндігі бар болса, оның келіссөз жүргізу позициясы анағұрлым күшті болуы мүмкін.
Зерттеуші Қазақстанның уран саласын мысал ретінде келтіреді. Мұнда табиғи уранның әлемдегі ең ірі қоры бар және оны көп өндіретін ел қатарында. Атом энергетикасын дамытып жатқан және шикізаттың сенімді жеткізілуіне мүдделі Қытай үшін қазақстандық кен орындары ерекше құнды. Бұл Астананың келіссөзді неғұрлым күшті позициядан жүргізіп, өз экономикасы үшін тиімді шарттарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
"Уран саласы — Қазақстанның келіссөз жүргізуде айтарлықтай мүмкіндіктерге ие екенін көрсететін мысалдардың бірі. Қытайлық уран өндіруші компаниялар уранды салыстырмалы түрде төмен шығындармен өндіруге мүмкіндік беретін кен орындарына мүдделі. Бұл ретте Қазақстан өзіне біртұтас, күшті позициядан келіссөз жүргізуге мүмкіндік беретін құқықтық және коммерциялық тетіктерді құрды", — деп есептейді зерттеуші.
Қазақстан тарапы стратегиялық активтерге бақылауды "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы және шетелдік серіктестермен бірлескен кәсіпорындар арқылы сақтап отыр. Қытайдың CGN мемлекеттік корпорациясымен ынтымақтастық уран кен орындарына қол жеткізуді ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда ядролық отын өндірісін дамытуды да көздейді. Осылайша, әңгіме тек шикізат жеткізу туралы ғана емес, өндірістік тізбектің бір бөлігін ел ішінде қалдыруға деген ұмтылыс туралы болып отыр.
"Шын мәнінде, жергілікті тараптың келіссөз жүргізу күші екі фактормен анықталады: сыртқы серіктес мүдделі ресурстың болуы және белгілі бір шарттар келісілмейінше осы ресурсқа қол жеткізуге рұқсат бермеу мүмкіндігі. Мұнда түбірімен жаңа ештеңе жоқ. Мен тіпті мұндай мысалды Қытай тарапының мінез-құлқының өзгергенінің дәлелі ретінде қарастырмас едім немесе оны неғұрлым ауқымды геосаяси өзгерістермен байланыстырмас едім", — дейді Яньлян Пань.
Сарапшының пікірінше, жергілікті талаптарды ескеру — Қытайдың мінез-құлқындағы түбегейлі өзгерістің дәлелі емес, ең алдымен прагматикалық көзқарас.
"Қытай компаниялары басқа кез келген қатысушы сияқты өз жобаларының сәтті жүзеге асуына мүдделі. Прагматикалық тәсілден бас тарту және жергілікті жағдайларды ескергісі келмеу олардың өз мақсаттарына жетуіне көмектесе қоймас еді. Жергілікті жағдайға бейімделуге деген мұндай тәсілді Қытай компаниялары мен ұйымдары жұмыс істейтін түрлі елдерден байқауға болады", — дейді зерттеуші.
Пекин, Мәскеу және Вашингтонның арасында
Пекиннің аймақпен қарым-қатынасын қалай жүргізетініне оның Ресей және АҚШ-пен қарым-қатынасы да әсер етеді. Қытай Орталық Азиядағы ұстанымдарын тек сауда мен инвестициялар арқылы ғана нығайтып жатқан жоқ. Ұзақ уақыт бойы Ресейдің ықпал ету аймағы саналып келген қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық та барған сайын айқын көрініп келеді. Мәскеу қауіпсіздікке, ал Пекин сауда мен инвестицияларға жауап беретін үйреншікті схема қазіргі күрделі қарым-қатынастың көрсеткіші бола алмайды дейді Умаров.
Оның айтуынша, Қытайдың Орталық Азия қауіпсіздігіне деген қызығушылығы кеше ғана пайда болған жоқ және ол тек соңғы геосаяси өзгерістердің салдары емес. "Қытай басынан бастап қауіпсіздік мәселелері бойынша Орталық Азия елдерімен келісімде болуға мүдделі болды. 1990-жылдары және 2000-жылдары оның осы саладағы белсенділігі Ресеймен салыстырғанда азырақ байқалса да, бұл мәселелер кейінге қалдырылған жоқ. Қытайдың аймақ елдерімен алғашқы дипломатиялық кездесулерінің өзі қауіпсіздік мәселелеріне арналған еді", — дейді Умаров.
Пекиннің экономикалық ықпалы артқан сайын, оның өз азаматтарын, инвестициясы мен инфрақұрылымдық жобаларын қорғауға деген мүдделілігі де арта түсті. Сондықтан зерттеуші қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың күшеюін бағыттың кенеттен өзгеруі емес, Қытай ықпалының заңды жалғасы деп санайды.
Алайда Пекин рөлінің кеңеюі Орталық Азия Ресей мен Қытайдың тікелей бақталастық алаңына айналады дегенді де білдірмейді. Умаров Мәскеу мен Пекин аймақта бір-бірін қарсылас деп санайды деп ойламайды. Керісінше, олар көп жағдайда бірін-бірі толықтырады дейді ол.
"Бұл Ресей мен Қытай арасындағы келіспеушіліктерге әкеледі деп ойламаймын. Екі елдің жақындығын және олардың Орталық Азияға ықпал ету бойынша жақсырақ араласып жатқанын ескерсек, олар бір-бірін қарсылас ретінде қарастырмайды. Керісінше, бірін-бірі аймақтағы ықпал үшін бәсекелес емес, толықтырушы тараптар деп қабылдайды", — деді Умаров.
Пекин көршілерінің сыртқы саяси байланыстарын қатаң шектеуге деген ұмтылысы да байқалмайды дейді сарапшы. "Қытай Орталық Азия елдерінің Батыспен қарым-қатынасты қалай құратынына қатысты қатаң шеңбер сызып, шарт қоймайды. Ол объективті шындықты түсінеді: оның аймақта қазірдің өзінде айтарлықтай ықпалы бар. Батыстың араластығы Қытайдікімен салыстыруға келмейді, ал егер ол кеңейетін болса, осы шынайы жағдайдан тыс бола алмайды. Қытаймен санасуға, қатар өмір сүруге және тіпті кейде ынтымақтасуға тура келеді".
Бірақ Пекин аймақ елдерінен өзі мен Батыстың бірін таңдауды талап етпесе де, ірі державалардың бақталастығы бәрібір маневр жасау кеңістігін тарылтуы мүмкін. Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының вице-президенті Эван Фейгенбаум Вашингтон мен Пекиннің текетіресі енді әскери саламен ғана шектелмейтініне сенімді. Ол барған сайын сауда, инвестициялар, технологиялар, капитал қозғалысы сияқты түрлі бағыттарды қамтып келеді. Фейгенбаум бұл процесті "бәрін қауіпсіздік мәселесіне айналдыру" ("секьюритизация всего") деп атайды: бұрын көбіне экономикалық тұрғыдан қарастырылған мәселелер енді ұлттық қауіпсіздік пен екі державаның бәсекесі призмасы арқылы жиі бағаланады.
Орталық Азия үшін бұл Қытай, Ресей, АҚШ және басқа да серіктестермен қарым-қатынастың үйреншікті әдісі жаңа шектеулерге тап болуы мүмкін дегенді білдіреді. Ірі державалар экономикалық және саяси шешімдерді қауіпсіздік мәселелерімен неғұрлым көбірек байланыстырса, аймақ елдеріне маневр жасау еркіндігін сақтау соғұрлым қиындай түседі.
Бұл жағдайда Фейгенбаум Орталық Азия мемлекеттерін серіктестер шеңберін тарылтпауға, керісінше, оны кеңейтуге шақырады. Ол аймақтың сыртқы саясаты үшін математикалық метафора ұсынады: "Азайту мен бөлу емес, қосу мен көбейту амалдары маңызды" дейді ол. Оның пікірінше, Орталық Азия бір серіктестер үшін екіншілерінен бас тартпай, әртүрлі мемлекеттермен бір мезгілде қарым-қатынасты арттыру мүмкіндіктерін іздеуі керек.