Accessibility links

Өсім баяулап, табыс азаяды. Биыл Қазақстан экономикасын тағы не күтіп тұр?


Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы базар. 2022 жылғы фото
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы базар. 2022 жылғы фото

Түйін

  • 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі баяулап, мұнай арзандайды, Ұлттық қор трансферттерінің қысқаруы және ҚҚС-тың өсуі шағын және орта бизнеске ауыр тиіп, бағаның өсуіне әкелуі мүмкін.
  • Инфляция 10–11% деңгейінде сақталып, доллар бағамы 600 теңгеден асуы ықтимал, ал жоғары пайыздық мөлшерлеме халықтың табысы мен бизнестің дамуын шектей түспек.
  • Геосаяси тұрғыдан санкциялар мен ірі державалар бәсекесі тәуекелді арттырғанымен, сирек кездесетін металдар Қазақстан үшін жаңа инвестиция мен стратегиялық мүмкіндік көзіне айналуы мүмкін.

Қазақстан 2026 жылы бірқатар экономикалық және саяси қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. Экономистер Қазақстан билігі салық реформасын жүргізіп, бюджеттегі дефицитті жойғысы келеді, бірақ іс жүзінде мұның жүзеге асуы екіталай дейді. Халықаралық институттардың болжамы көңіл көншітерлік емес.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ

Қазақстан үшін биыл басты мәселе – экономика мен халықтың әл-ауқаты болмақ. Сарапшылар теңге әлсіреп, инфляция күшейеді дейді. Тіпті доллар 600 теңгеге баруы мүмкін екенін айтады. Бұдан бөлек, салық реформасы шағын және орта бизнесті әлсіретіп, түскен салық бюджет дефициті мәселесін шешпеуі мүмкін деген қауіп бар. Ал сыртқы геоэкономикалық факторлар, атап айтқанда, мұнай бағасының 64 долларға дейін түсу ықтималдығы, Ресейге салынуы мүмкін қосымша санкциялар және Трамптың тариф саясаты елдегі бағаның өсуіне және инфляцияның артуына әкеп соғады дейтіндер де бар.

2026 жылы Қазақстан экономикасын не күтіп тұр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:20:37 0:00

Қазақстан экономикасы былтыр қаңтар-қараша айлары аралығында 6,4 пайыз өсті. Сондай-ақ, елде инфрақұрылым жобалары жүріп жатыр, мұнай өндірісі ұлғайды, бірақ теңге құбылмалы, инфляция көрсеткіші жоғары әрі бюджет Ұлттық қорға тәуелді болып отыр. Дүниежүзілік банк 2026 жылы әлем экономикасының өсімі баяулап, стагнация болуы ықтимал дейді. Halyk Finance сарапшылары Қазақстанда да экономикалық өсім саябырсып келеді, биыл тағы бәсеңдеуі мүмкін деп жазады.

"Біздің болжамымыз бойынша, 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны жылдық есеппен 4,5 пайызға дейін баяулайды. Мұнай бағасының төмендеуі экспорттан түсетін табыс пен бюджет кірісін шектейді. Сонымен қатар мұнай өндіру көлемінің өсімі 2025 жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болады. Өйткені 2025 жылы негізгі өсім Теңіз кенішіндегі Болашақ кеңейту жобасының іске қосылуы есебінен қамтамасыз етілген еді. Жалпы ішкі өнімнің өсіміне қосымша тежеуші факторлар ретінде Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің азаюына байланысты мемлекеттік қолдаудың қысқаруы, салық мөлшерлемелерінің өсуі, тұтынушылық несие алу қарқынының баяулауы, жоғары инфляция, халық табысының баяу өсуі және бірқатар ірі инфрақұрылым жобаларының аяқталуы әсер етеді. Бұған қоса, 2025 жылғы жоғары база да өз ықпалын тигізеді" деп жазды Halyk Finance 2025 жылдың үшінші тоқсанына қатысты макроэкономикалық есебінде.

Былтыр үкімет Ұлттық қордан 5,25 триллион теңге көлемінде қаражат алды. Биыл да қордан қаражат алады. Бірақ былтырғымен салыстырғанда трансфертті екі есеге азайтуды жоспарлап отыр. Ал айырманы осы қаңтардан бастап өсетін қосылған құн салығы есебінен жабуды көздейді. Экономистер бұл шағын және орта бизнестің құлдырауына апарады десе, үкімет мұны Ұлттық қорға және мұнай секторына тәуелділіктен арылудың жалғыз жолы деп қарастырып отыр.

"Бізде маңызды қосылған құн салығын (ҚҚС) орта және шағын бизнес төлейді. Биыл оны 12-ден 16 пайызға көтереміз деді. Бұрын ҚҚС төлеу үшін [компанияның жылдық айналымы] 78 миллион теңгеден асуы тиіс болған, [биыл] ол 43 миллионға дейін төмендейді. Шағын және орта бизнестің көбі осы қосылған құн салығын төлеуі керек. Әрине, бұл біздің орта және кіші бизнестің дамуына үлес қосады деп айтпас едім. Керісінше, көбі жабылып, бизнесін дамытуға мүмкіншілігі шектеледі. Соңында бұл көтерілген салықты кім төлейді? Әр тауардың, әр қызметтің бағасына салық қосылады. Кейін осы салықты төлейтін қарапайым азаматтар болады. Сондықтан бұл жоғары салық азаматтардың күн көру деңгейін де төмендетеді" дейді экономист Меруерт Махмұтова Азаттыққа сұхбатында.

Экономистер кәсіпкерлер төлейтін салықты халықтың күнкөрісіне түсетін жанама салмақ деп атайды. Мысалы, қосылған құн салығы өссе, кәсіпкерлердің бір бөлігі шығынды тұтынушының мойнына артуы мүмкін, яғни, кейбір тауар мен қызмет бағасы өсіп, халықтың сатып алу қабілеті төмендеуі ықтимал. Сол себепті бұл реформа қоғамда жыл бойы талқыланды. Кәсіпкерлерге түсетін қысым туралы тәуелсіз экономистер де, мәжілістегі депутаттар да айтты. Мысалы, мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов салық реформасы биыл 400 мың шағын және орта бизнес өкіліне кері әсер етеді деді.

"Салық кодексі биыл мәжілісте ең көп қаралған негізгі құжаттың бірі болды. Ашығын айтсақ, бұл жерде біз күткен нәтижеге толық қол жеткізе алмадық. Ең басты шешілмей қалған мәселе жеңілдетілген салық режиміндегі кәсіпкерлер мен ірі бизнес арасындағы B2B (бизнес пен бизнес арасындағы тікелей қарым-қатынас – ред.) мәмілелерге рұқсат беру еді. Өкінішке қарай бұл шешім қабылданбады. Соның салдарынан шамамен 400 мыңға жуық шағын кәсіпкерге қиындық туады: олар басқа салық режиміне көшуге немесе қызмет бағытын өзгертуге мәжбүр болады. Бұл өте күрделі мәселе" деді депутат мәжіліс кулуарында.

Экономист Меруерт Махмұтова қосылған құн салығын өсірерде үкімет оның кәсіпкерлерге әсерін жеткілікті деңгейде бағалай алмады дейді. Оның сөзінше, ең төменгі жалақы алатын 1,8 миллион қазақстандық қалай күн көретінін үкімет ескермей отыр.

"Қазіргі инфляция деңгейі дұрыс есептелді, шындыққа келеді дегеннің өзінде ең төменгі жалақы – 85 мың теңгемен қалай күн көруге болады? Біраз жыл бұрын Ұлттық банкті басқарған кезінде Данияр Ақышев парламентте: "Бізде экспорттаушылар экспорттан түскен бар валютаны елге қайтармайды" деген. Тексеремін десе, ірі бизнестің миллиардтаған долларының қайда кетіп жатқанын тексерсін" дейді экономист.

ҚҚС деген не?

Қосылған құн салығы деген – жанама салық, тауар немесе қызметке өндіру кезінде қосылатын құнның бюджетке аударылатын бөлігі. Ол тауарды сатып алған баға мен сатқан баға арасындағы айырмаға есептеледі.

Қазір Қазақстанда жылдық айналымы (жылдық табысы емес) 78 миллион теңгеден асатын кәсіпорындар ҚҚС төлейді. Қазіргі мөлшері – 12%.

Арнайы салық режимін қолданатын мемлекеттік мекемелер мен компаниялар, дәрі-дәрмек заттар, акциз, металл сатушылар, ауыл шаруашылығы техникасы мен оның қосалқы бөлшектерін өндірушілер, бөлшек сауда салығын төлейтін бизнес өкілдері салықтың бұл түрін төлемейді.

Тауарын экспортқа шығаратындарға ҚҚС салынбайды; Қазақстан шетелге негізінен мұнай мен металл сатып отыр.

Кәсіпкерлер тарапынан бұл шешімді қайта қарастыру мәселесі көтерілгенде ұлттық экономика министрі әрі премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин шешім өзгермейтінін айтып, Ресейдегі салық реформасын мысалға келтіріп сөйледі.

"Ресей Федерациясында жаңа жылдан бастап қосылған құн салығы 20 пайыздан 22 пайызға өсетінін білесіздер. Ал өткен жылы корпоративтік табыс салығы 20 пайыздан 25 пайызға көтерілген еді. Мұндай өзгерістер әлемдік тәжірибеде қалыпты жағдай саналады. Ал Қазақстанда біз ашық әрі қоғам пікіріне құлақ асатын мемлекет болғандықтан, бұл реформаны бір жыл бойы бизнеспен бірге талқылап келеміз. Ал басқа елдерде мұндай шешімдер тез қабылданып, ары қарай іске асырыла береді" деді Жұманғарин былтыр 23 желтоқсанда өткен үкімет баспасөз брифингі кезінде.

Осыған ұқсас пікірді премьер-министр Олжас Бектенов те былтыр 16 шілде күні өткен брифингте айтқан. Ол "Ресейде қосылан құн салығы 20 пайыз, экономикасы өсіп келеді" деген.

Кәсіпкер, экономист Алмас Чукин Digital Business платформасына берген сұхбатында үкіметтің жалпы ішкі өнімге көбірек мән беруі, оның халықтың әл-ауқатына шынайы әсері туралы аз айтылатыны жөнсіз дейді. Ол елде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы дамығанымен "ол халықтың қалтасына әсер етіп жатқан жоқ" деп санайды.

Премьер-министр Олжас Бектенов 26 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беріп, шағын бизнеске қолдау білдіру мақсатында "Іскер аймақ" дейтін бағдарлама дайындалғанын айтты. Үкімет шағын және орта бизнеске салынатын салықты көтергеннен кейін аймақтардағы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие ұсынбақ. Қысқа айтқанда, үкімет екінші деңгейлі банктер арқылы аймақтардағы 5 мыңға жуық жобаға 200 миллион теңгеге дейін несие бермек.

"Бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер беретін несиелердің жалпы көлемі жылына шамамен 400 млрд теңге. 2026 жылға арналған субсидияға қажетті қаржы көлемі шамамен 24 млрд теңге болады. Ал бағдарламаның алғашқы жылы 5 мыңнан астам жобаны қолдауды жоспарлап отырмыз" деді Серік Жұманғарин былтыр 30 желтоқсанда өткен үкімет жиынында.

Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, биыл Қазақстан экономикасының динамикасы әлсіреп, белсенділік азаяды. Себебі Ұлттық қордан аударылатын қаражат қысқарып, мұнай бағасы шамамен 15 пайыз төмендейді. Үкімет әлеуметтік шығындарды қысқартпақ. Экономистер биылғы басты мәселе – шағын және орта бизнеске түсетін салмақта деп отыр.

"Бізде орта және шағын бизнеске дамитын мүмкіншілік жоқ. Қазір Ұлттық банктің [базалық] көрсеткіші 18 пайыз болып тұр. Олар банктен қаржы аламын десе, банк бизнесті 25 пайыздан төмен қаржыландырмайды. 25 пайызбен несие алған шағын және орта бизнес ешқандай өндірісті дамыта алмайды. Үкіметтің айтқан декларациясы мен қолданып жатқан шаралары бір-біріне қайшы келіп тұр. Сондықтан бізде дәл осы салық реформасымен, өсіп жатқан инфляциямен және жоғары пайыздық мөлшерлемемен шағын және орта бизнес дамиды деп ойламаймын" деді Меруерт Махмұтова.

ИНФЛЯЦИЯМЕН КҮРЕС

Қазақстандықтардың әл-ауқатына тікелей әсер етіп отырған тағы бір фактор – инфляция. Ол COVID-19 пандемиясынан кейін баяулап еді. 2025 жылы қайта үдеп, қыркүйекте 12,9 пайызға жетті. Ал жыл соңында 12,4 пайызға төмендеді. Халық табысының орта есеппен жартысын азық-түлік сатып алуға жұмсайтын елдегі мұндай инфляция көрсеткіші әркімнің қалтасына әсер ететіні анық.

Инфляция – тек дүкендегі бағаның өсуі емес, халықтың табысын қысқартып, бизнесті қысып, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін арттырып жібереді. Премьер-министр Олжас Бектенов былтыр қарашада өткен парламент сенатының жалпы отырысында үкімет мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерінің кей бағытын қайта қарап, қаражатты үнемдеуге әрекет ететінін айтты.

Ұлттық статистика бюросының есебінше, былтыр Қазақстандағы инфляцияның күрт өсуіне коммуналдық тарифтің өсуі, азық-түліктің қымбаттауы, теңгенің әлсіздігі мен сырттан келетін тауарға сұраныс көп болуы әсер еткен. Екі ай бұрын Ұлттық банк инфляцияны құрықтау үшін пайыздық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді. Сөйтіп екінші деңгейлі банктерден несие алуды азайтып, экономикадағы динамиканы бәсеңдетпек.

"Сауда даулары мен геосаяси шиеленіс жағдайында сыртқы экономикалық ахуал әлі де белгісіз күйінде қалып отыр. Әлемде азық-түлік бағасы қымбат. Азық-түліктің жекелеген түрлері, атап айтқанда сиыр еті, өсімдік майы және басқа да өнімдер бойынша бағаның өсіп жатыр. Осындай жағдайда тәуекелдердің жиынтық балансы инфляция өсуіне қарай ығысқан" деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов былтыр 28 қарашада өткен брифинг кезінде.

Ұлттық банк басшысы сол жиында 2026 жылы инфляцияның төмендеуіне түрткі болатын экономикалық факторлар болмаса, пайыздық мөлшерлемені одан әрі көтеруі ықтимал екенін айтты. Бұл халықтың сатып алу мүмкіндігін әлсіретеді. Айта кетсек, инфляцияны бақылау үшін былтыр қазан айында Қазақстан үкіметі коммуналдық тариф пен жанармай бағасын өсіруге уақытша мораторий жариялады. Соның есебінен жыл соңына дейін инфляция жарты пайыз төмендеген еді. Сарапшылар 2026 жылдың басында осы шектеулер біртіндеп алынғаннан кейін инфляция қайта өсуі ықтимал дейді. Екінші жақтан қосылған құн салығы бизнестің мүмкіндігін шектегелі тұр. Экономист Алмас Чукин Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені бірінші тоқсанда төмендеткені жөн дейді.

"Ақпан айынан бастап экономикаға қолдау көрсету қажет. Яғни, инфляциядан "қызған" экономиканы біраз салқындату үшін қатаң шаралар қолдану керек болды делік, бірақ жоғарыда айтқанымның бәрін ескерсек, ақпаннан бастап қолдау көрсетуге көшу керек. Бұл қолдау нені білдіреді? Мөлшерлемені төмендету керек" деді ол Digital Business платформасына сұхбатында.

Қараша айында үкімет, Ұлттық банк және қаржы нарығын реттеу агенттігі бірігіп, 2026-28 жылдарға арналған елдің макроэкономикасын тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету жоспарын бекітті. Оның нақты мақсаты – экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 5% және халықтың нақты табысын орта есеппен 2-3% арттыру. "Жалпы ішкі өнім 5 пайыз өссе, нақты табыс неге сол деңгейде өспейді?" деген сұрақ туындауы заңды.

Экономистер жалпы ішкі өнім өсімі халықтың нақты табысын көрсете бермейді дейді. Мысалы, былтыр елдегі номинал орташа жалақы 2024 жылмен салыстырғанда 11,3 пайыз өсіп, 448 мың теңгеге жеткенімен, қазақстандықтардың нақты табысы 1 пайыз төмендеген. Әсіресе, құрылыста, білім беру, денсаулық сақтау және тамақтандыру салаларында істейтін азаматтардың нақты табысы 2-ден 11 пайызға дейін азайған.

Halyk Finance сарапшылары 2026 жылдың соңына қарай инфляция көрсеткіші 10,5-11,5 пайыз шеңберінде қалады дейді. Ал экономикалық өсім 4,5 пайыз деп болжап отыр. Жыл соңына дейін теңгенің долларға шаққандағы бағамы 600-610 теңге болады деп болжайды.

"Экономикалық жағдай нашарлап жатса, жұмыс орны жалақыны уақтылы төлей алмай жатса, әр азаматтың, әр отбасының, ең кемі 3-6 айға жететін қаржысы болуы керек деп ескертер едім. Әрине, халықаралық геосаяси жағдай күннен күнге өзгеріп жатыр. Болашақ қандай болатынын ешкім де анық айта алмайды. Шағын және орта бизнестің көбі жабылады деп айтып отырмын ғой, жұмыс орындары қысқарып жатса, әр азамат өзіне "Басқа қандай мамандықты меңгеру керек?", "Ақшаны қалай табамын?" дегендей сұрақтар қоюы керек. "Үкіметтен ештеңе тоспай, өзім не істей аламын?" деп ойлануы қажет" деді экономист Меруерт Махмұтова Азаттыққа.

ГЕОСАЯСИ АХУАЛ

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағалы көпвекторлы саясат ұстанып, экономикалық мүддені алға тартып келеді. Әйтсе де Украинадағы соғыс, Ресейге салынған санкциялардың күшеюі, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда және технологиялық арпалыс Орталық Азияны бірігуге итермелеп жатыр.

Италиялық Special Eurasia институтының жазуынша, кейінгі жылдары Орталық Азия елдері бірігіп, геосаяси сын-қатерге бірге төтеп беруге, мәселелерді өзара жылдам шешуге бет бұрған. Десе де Батыс елдерінің Ресейге бағытталған санкциясы тағы күшейсе, Қазақстан мен Өзбекстанның энергетика ресурстарын экспорттауы, ал Қырғызстан мен Тәжікстанның Ресейде жүрген мигранттар жолдайтын қаражаты шектеліп, әлеуметтік-экономикалық қиындық тудыруы мүмкін.

"Ресей аймақта әскер орналастыру мен қорғаныс саласындағы әріптестік арқылы негізгі қауіпсіздік кепілі ретіндегі рөлін сақтап отыр. Ал Қытай экономикалық ықпалын пайдаланып, инфрақұрылым мен шекара қауіпсіздігіне бағытталған жасырын әріптестікке көбірек мән береді. Бұл екі тарап та елдерді саяси тұрғыдан өз жағына күштеп тартуға ұмтылмайды, керісінше тұрақтылық пен қазіргі бар билік жүйесінің сақталуын қалайды.Соңғы бір жылда Еуроодақ пен АҚШ Орталық Азия елдерімен бірлескен жұмысын күшейтіп, аймақтағы жағдайды одан әрі күрделендірді", деп жазды Special Eurasia институтының сарапшылары Орталық Азия бойынша есебінде.

АҚШ президенті Дональд Трамп былтыр жыл соңында Украина басшысы Владимир Зеленскиймен Флорида штатында кездесіп, соғысты тоқтату келісіміне 95 пайыз жақын тұрғанын мәлімдеді. Соғыстың тоқтау не тоқтамауы Орталық Азияның экономикалық көрсеткіштеріне әсер етері анық. Себебі Батыс елдері Кремльді мәмілеге келтіру үшін санкцияларды қатаңдатып, оларды айналып өту арналарына бақылауды күшейтуі мүмкін. Былтыр жазда Ұлыбритания үкіметі Қазақстан бизнесіне санкциялық комплаенс бойынша арнайы нұсқаулық жариялады. Ал жыл соңында Қазақстан санкцияланған кей тауарларды импорттап, кейін қайта экспорттау үшін арнайы рұқсат алу тетігін бекітті.

Еуропа Ресей энергиясына тәуелділіктен арылып жатыр. Reuters Еуроодақтың 2026 жылдан бастап жаңа газ келісімдерін тоқтату және қысқа келісімдерді кезең-кезеңімен қысқарту жоспары талқыланып жатқанын хабарлаған. Бұл тенденция Еуропаның Қазақстан мұнайына қызығушылығын арттыруы мүмкін. Бірақ Қазақстан мұнайының 80 пайызы Ресей аумағы арқылы экспортталатынын ескерсек, мәселе туындауы ықтимал.

Қазақстан көрші мемлекеттермен бірігіп, Каспий теңізі, Кавказ елдері арқылы Еуропаға шығатын жол бағытын дамытуға тырысып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері басшыларымен әр кездесуінде осы мәселе жөнінде айтпай кеткен кезі болмады. Десе де сарапшылар "Орта дәліз" Каспий құбыр консорциумын алмастыра алмайды дейді. Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Еуропа нарығына жеткізілетін дәліз арқылы Қазақстан 2024 жылы небәрі 3,3 миллион тонна мұнай экспорттаған. Қазақстан үкіметі жоспар бойынша 2030 жылға қарай бұл дәліз арқылы тасымал көлемін кемі үш есе арттыруды көздеп отыр.

Қазақстанның 2026 жылғы сыртқы саясаттағы ұтымды картасы – сирек кездесетін металдар. Бұл бағытта Қазақстан бірден бірнеше ірі елмен келіссөз жүргізіп жатыр. Былтыр сәуірде Еуропа одағы Қазақстанда сирек кездесетін металдарды өндіру жоспарын бекітсе, қара ша айында Вашингтонда Орталық Азия басшылары қатысқан C5+1 форматындағы кездесуде АҚШ билігі экономикалық ынтымақтастықтың бір фокусы ретінде өңірдегі сирек металдарды барлау, өндіру және өңдеу жобаларын жүзеге асырғысы келетінін білдірді. Көп өтпей америкалық Cove Capital компаниясы Қазақстанда вольфрам өндіретіні белгілі болды.

Саясаттанушылар сирек металдар геосаяси активке айналды дейді. Әлемдегі сирек металдар қорының басым бөлігі Қытайда. АҚШ пен Еуропа елдері Қытай өндірісіне тәуелділікті азайту үшін Орталық Азияға бет бұрды деп жазады Reuters. Демек, Қазақстан арқылы Батыс пен Қытай бәсекесі тағы да түйіспек. Елге биыл инвестициямен қатар жаңа қысым да келуі мүмкін.

XS
SM
MD
LG