Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы құрылтай сайлауын бақылау үшін 60 халықаралық байқаушыға аккредитация берілгенін хабарлады.
ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, байқаушылар үш халықаралық ұйым мен төрт шет мемлекеттен ұсынылған:
- ТМД байқаушылар миссиясынан — 4;
- ТМД Парламентаралық ассамблеясынан — 19;
- ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды бақылау миссиясынан — 32;
- Мальдив республикасынан — 2;
- Палестинадан — 1;
- Венесуэладан — 1;
- Венгриядан — 1 байқаушы тіркелген.
ОСК халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 17 шілде күнгі сағат 18:00-ге дейін жалғасатынын, оған дейін жаңа ұсыныстар түскеніне байланысты халықаралық байқаушылар туралы мәлімет жаңартылып отыратынын хабарлады.
Қазақстандағы сайлау процесін ондаған жылдар бойы бақылап келе жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жанындағы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Қазақстандағы саяси науқандар әділ, таза, бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі міндеттемелеріне сай келмейді деп жиі сын айтады. Қазақстан билігі елдегі заңдар демократиялық талапқа сай екенін, сайлау әділ өтетінін айтып жүр.
Былтыр Al Jazeera арнасының журналисі 2023 жылғы парламент сайлауын бақылаған ДИАҚБ есебіне сілтеп, "елдегі бейбіт жиналыс пен саяси науқан жүргізуді шектейтін кей ережелер алынып тасталуы керек пе?" деп сұрағанда, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "біздің заңдарымыз өте демократиялық, Қазақстан – тұтасымен демократиялық мемлекет" деген.
Қазақстанда 23 тамызда парламент сайлауы өтеді. 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция бойынша, елде бір палаталы жоғарғы заң шығарушы билік органы – Құрылтай құрылады. Құрылтайдың 145 депутаты партиялық тізіммен ғана сайланады.
Бұған дейін Тоқаев конституциялық реформа елді "суперпрезиденттік" басқару моделінен "ықпалды парламенті бар президенттік республикаға" көшуге бағытталған деп мәлімдеген.
Тәуелсіз сарапшылар болса бұл сайлау да шынайы бәсекесіз өткелі отыр, сайлауға кандидаттарын ұсынып жатқан жеті партияның "бір-бірінен айырмашылығы шамалы" деп есептейді.