Қазақстанның қорғаныс министрлігі Жамбыл облысы Отар кентіндегі әскери бөлімде сарбаз соққыға жығылғаннан кейін "кадр жөнінде шешім қабылданғанын" хабарлады.
"Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызмет атқарып жүрген сарбазға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа лауазымды адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, қызметтік тексеру жүргізілді" деп жазылған ресми хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, әскери басшылық құрамындағы төрт лауазымды қызметкер – әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметтен алынған.
Әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығына, батальон командирінің орынбасарына және оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына "қызметіне сай емес" деп ескерту берілген. Бірқатар офицер мен сержанқа қатаң тәртіптік жаза қолданылған.
"Қазақстан Республикасы заңына сәйкес, барлық мән-жайға түпкілікті қорытынды мен құқықтық баға тергеу нәтижелері бойынша беріледі" деді қорғаныс министрлігі өкілдері.
Бұған дейін Жамбыл облысында әлімжеттік көрген сарбаз ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен деген хабар тараған еді. Отарда міндетті әскери борышын өтеп жүрген Есбол Қапар туыстарына өзін сержанттар темір затпен ұрғанын айтып берген. Жағы мен мұрны сынған Қапарға екі рет ота жасалған. Сарбаздың әпкесі "бауырымды бірнеше сержант сабаған" дейді.
Жағы мен мұрны сынған жас жауынгерге екі рет ота жасалған. Алайда әскери бөлімше бұл жайтты Қапардың туыстарынан жасырып, ота жасалғаннан кейін сарбазды белгісіз жерде ұстаған деп жазды жергілікті басылымдар. Әскери полиция осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, әскери бөлімнің бірнеше лауазымды қызметкерін тергеу уақытында жұмыстан шеттеткен.
Әскердегі мезгілсіз қаза мен оқыс оқиғалар
Кейінгі жылдары Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында мезгілсіз қаза тапқандар мен жараланғандар жиілеген. Өткен айда Қазақстанның түрлі өңірінде бірнеше сарбаз қаза болды.
Әскердегі әлімжеттік, міндетті әскери қызметке алынған жас азаматтардың қауіпсіздігі – қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Осы мәселені ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де көтеріп, "бұл өркениетті елге жат, теріс үрдіс. Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс" деп мәлімдеген еді.
Әскери бөлімше басшылығы сарбаз өлімін көбіне суицидпен, оның денсаулық жағдайымен я отбасындағы әлдебір жайтпен байланыстырады. Бірақ қазаға ұшыраған не мертіккен сарбаздардың туыстары оған келіспей, әділ тергеу жүргізуді, оқиғаның шынайы себебін анықтауды және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.
Қаңтардың аяғында Қазақстанның қорғаныс министрлігі "әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінетінін" айтып, министр Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша, әскердегі қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданды деп хабарлаған еді.
Қорғаныс министрлігі Азаттыққа Қазақстанда 2024-2025 жылдары 88 әскери қызметкер қаза тапқанын, оның 25-і өзіне қол салғанын хабарлады. Суицид жасағандардың бесеуі – қатардағы жауынгер. Ресми деректе әскери қызметшілер арасындағы өлім-жітімге жол-көлік оқиғалары, әуе апаты, ауру-сырқау негізгі себеп ретінде көрсетілген.