Accessibility links

Өзбек шаруалары президенттің жұмыссыз жастарға жер беру туралы жарлығына наразы


 Бұхарадағы мақта алқабында жүрген терушілер. Өзбекстан, 4 тамыз 2018 жыл.
Бұхарадағы мақта алқабында жүрген терушілер. Өзбекстан, 4 тамыз 2018 жыл.

Өзбекстандағы шаруалар президент Шавкат Мирзияевтің жаңа жұмыс орындарын құру жоспарының аясында жұмыссыз жастарға жер беру туралы жарлығына наразылық білдіріп отыр.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 27 қаңтарда Ташкентте өткен министрлер кабинетінің отырысында "Әр шаруа өз иелігіндегі жердің екі гектарын төрт жасқа беруі керек. Олар осы жерді жарты гектардан бөліп пайдаланып, қалаған өнімін өсіреді" деп жұмыссыз жүрген жастарға жер бөлуге шақырды.

Президент ауыл шаруашылық жерлердің әр он гектарының бір гектарын жастарға беруді тапсырды.

Бұл жарлықтан кейін алты апта өткенде шаруалар Азаттықтың Өзбек қызметіне жерінің бір бөлігін берсе, табысы азаятынын айтып шағынды. Бірақ бүкіл билік президенттің қолына шоғырланған авторитар мемлекетте шаруаларда жарлыққа бағынудан басқа амал жоқ.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ферғана облысына сапарында. 5 маусым 2020 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ферғана облысына сапарында. 5 маусым 2020 жыл.


"Жергілікті билік өкілдері мен бас прокуратура қызметкерлері бізді жинап, ауданда 300 жұмыссыз жас барын, оларға жер бөліп беру керегін айтты. Біз келісуге мәжбүр болдық, қолымыздан басқа не келеді? Келіспесек, бүкіл жерімізден айырылуымыз мүмкін" деді елдің шығысындағы Наманган облысының Уичи ауданында тұратын, аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген шаруа.

Азаттықтың Өзбек қызметіне басқа шаруалардан да осыған ұқсас көп шағым түсті.

"Тартып алынған жердің салығын да біз төлейміз. Жерді пайдаланатын жастар ештеңе төлемейді" дейді Самарқанд облысы Кушработ ауданында тұратын шаруа.

Өзбекстан билігі ешкімді жерін беруге мәжбүрлемейтінін айтады.

КӨРШІГЕ КӨМЕК

Наманган облыстық ауыл шаруашылық департаментінің өкілі Азаттықтың Өзбек қызметіне жобаны жүзеге асыру жергілікті жердегі жағдайды ескеріп, өте мұқият жүргізілетінін айтты.

"Жер әр аудан мен шаруа қожалығының мүмкіндігіне байланысты бөлінеді" деді ол. Шенеунік жастарға табыс табуға мүмкіндік беретін жобаны көп адам қолдағанын атап өтті.

Елдің шығысындағы Әндіжан облысында тұратын шаруа басқаларға көмек беруді қолдайтынын, бірақ бұл бастама өз нәпақысына да кері әсер ететінін айтады.

"Көршілердің жұмыссыз отырғанын көре тұра оларға жердің бір бөлігін бермеу мүмкін емес" дейді Әндіжан облысы Улугнор ауданындағы "Собитхон ота" шаруа қожалығының басшысы Элиорбек Хакимов.

Хакимов басқаратын шаруа қожалығы жұмыссыз жүрген төрт жасқа жер бөліп берген. Қазір олар берілген жерде жүгері мен картоп өсіріп отыр. Хакимовтың айтуынша, жастар жақсылап еңбектенсе, бір жылда екі рет өнім жинауға болады.

Картоп алқабында жүрген ер азамат. Ташкент облысы, 10 қазан 2015 жыл.
Картоп алқабында жүрген ер азамат. Ташкент облысы, 10 қазан 2015 жыл.

"Қазір жастар басқа жаққа жұмысқа бара алмай отыр. Жері болса, өнім өсіріп, аз да болса, табыс табады" дейді Хакимов.

Өзбекстанда жұмыс табу қиын, сондықтан 35 миллион халқы бар елдегі көп отбасы Қазақстан, Ресей мен өзге мемлекеттерде жұмыс істейтін туыстары жіберген ақшаға күн көреді.

Ресми статистикаға сәйкес, 2020 жылы Өзбекстандағы жұмыссыздық деңгейі 13 пайызды құраған. Бірақ жұмыссыздар саны ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Сарапшылардың бағалауынша, COVID-19 пандемиясына дейін шамамен 6 миллионға жуық өзбек шетелде құрылыс және ауыл шаруашылығы саласы сияқты маусымдық жұмыстарда істеп келген.

Былтырдан бері коронавирус пандемиясына байланысты шекара жабылып, қозғалыс шектелгеннен кейін миллиондаған өзбек азаматы шетелге жұмысқа бара алмай қалды.

ЖАСТАРДЫ ЫНТАЛАНДЫРУ КЕРЕК

Мирзияевтың хабарлауынша, былтыр 14 мыңға жуық жас ауыл шаруашылық жерін алуға өтініш берген.

Өтініші қанағаттандырылған жастардың кейбірі биліктің бірнеше күннен соң себебін түсіндірместен жерді қайтарып алғанын айтады.

Мысалы, Самарқанд облысы Кушработ ауданында билік өкілдері 22 гектар жер беру туралы құжаттарға қол қойылғаннан кейін бір аптадан соң бұл шешімінен бас тартқан.

Азаттықтың Өзбек қызметі Кушработ ауданынан 40 соттық жер алып, кейін оны қайтадан мемлекетке қайтаруға мәжбүр болған азаматпен сөйлесіп көрді.

Мақта теріп жүрген жұмысшылар. Ташкент облысы, 18 қазан 2018 жыл.
Мақта теріп жүрген жұмысшылар. Ташкент облысы, 18 қазан 2018 жыл.


Оның айтуынша, президент жоспарының аясында жұмыссыз жүрген бірнеше жасқа ауыл шаруашылық жері берілген, бірақ аудан билігі көп ұзамай бұл шешімнің күшін жойып, жастарға себебін түсіндірмеген.

Сарапшы Сапарбой Жубаев мемлекет ауылды өңірлердегі жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешуде өз ресурстарын пайдалануы керек деп есептейді.

"Мұндай жобалар шаруалардың есебінен жүзеге аспауы керек. Мысалы, Қазақстан үкіметі жастарды елдің солтүстігіндегі ауылды елдімекендерге көшуге ынталандырып отыр. Мемлекет оларға жер учаскесін, мал басын, техника және қаржылай көмек береді" дейді бұрын Өзбекстанның қаржы министрлігінде істеген, қазір Қазақстандағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкері Жубаев.

Мирзияевтың тағы бір жобасы кәсіпкерлерді жастарды жұмысқа алуға міндеттейді.

Бұл жоба бірнеше айға созылған карантин шараларының кесірінен банкрот болудың алдында тұрған кәсіпкерлер арасында да қолдау таба қоймаған.

Сарапшылар Мирзияевқа дейін билікте болған авторитар басшы Ислам Каримовтың тұсында бірнеше рет аграрлық реформа жүргізілгенін еске алады. Соңғы рет мұндай реформа 2008 жылы жүрген.

Реформа аясында қолға алынған жоспарлар, оның ішінде жерді тартып алу шарасы шаруалардың ашу-ызасын туғызып, сәтсіз жоба деп бағаланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG