Accessibility links

Өзбекстандағы биржада пропан бағасы екі күнде шамамен 65 пайыз өсті

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Өзбекстан республикалық тауар-шикізат биржасында пропан бағасы екі күн ішінде шамамен 65 пайыз өсіп, бір тонна газдың бағасы 12,2 миллион сумға (шамамен 1030 доллар) жеткен. Мұны биржадағы сауда деректеріне сүйеніп, Spot басылымы хабарлады.

16 қыркүйекте пропанның бір тоннасы 7,4 миллион сум (625 долларға жуық) тұрса, 18 қыркүйекке қарай баға 12,2 миллион сумға (шамамен 1030 доллар) дейін көтерілген. Осы уақыт аралығында сатылған газ көлемі 666 тоннадан 1114 тоннаға дейін, яғни 67 пайыз өскен.

Бұрын биржадағы сауда сессиялары кезіндегі баға өсіміне 10 пайыздық шектеу болған еді. Ол шектеу 17 қыркүйектен бастап алынып тасталды. Бұл өзгеріс Бәсекені дамыту және тұтынушы құқықтарын қорғау комитетінің 16 қыркүйектегі нұсқауына сәйкес енгізілген. Осыдан кейін биржада газ бағасы күрт өскен.

Әйткенмен бастапқы бағаға қатысты шектеу күшінде қалып отыр: егер газдың тоннасының бастапқы бағасы 7,5 миллион сумнан (шамамен 635 доллар) асса, биржа жергілікті өндірушілер мен импорттаушылардан өтініш қабылдамайды. 10 пайыздық шектеу алынып тасталғанға дейін іс жүзінде газдың тоннасы ең көп дегенде шамамен 697 доллардан сатылып келген.

Билік пропанның биржадағы бағасына 2024 жылдың қарашасында, сұйылтылған газдың құны тоннасына 10,1 миллион сумнан (шамамен 850 доллар) асқаннан кейін шектеу қоя бастаған. Сол кезде газ бағасын бастапқы деңгейінен 20 пайыздан асырмайтындай шектеу енгізілген еді, алайда 2026 жылғы 12 қаңтардан бастап шектеу мөлшері 10 пайыз болып белгіленген.

Бұған дейін елдің Бәсеке жөніндегі комитеті пропан импорттаушыларының бастапқы бағаны негізсіз көтеруді және саудаға шығарылатын газ көлемін азайтуды көздеген әрекеттерін де тексерген. Наурыз айында мемлекеттік орган 31 компанияның заң талаптарын бұзғаны анықталғанын, шектеулер енгізілгеннен кейін пропан құны шамамен 21 пайыз төмендегенін мәлімдеген еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG