Павлодар облысында жол апатынан төрт адам қаза болды, бірі - бала деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жексенбі күні.
"19 сәуірде Баянауыл ауданы Бірлік ауылының маңында "Қалқаман-Керней" автожолының 250–шақырымында Pontiac және Lada Granta автомобильдері соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көліктердің бірінің қарсы бетке өтуі себеп болған" деп жазылған полиция хабарламасында.
Апаттың салдарынан екі көліктің жүргізушілері мен екі жолаушы оқиға орнында қаза болған, бірі - бала. Тағы бір бала ауруханаға жеткізілген.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқаны хабарланды.
Бір күн бұрын Ақмола облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, оннан астам бала зардап шеккен. Полицияның хабарлауынша, павлодарлық оқушылар футбол командасы мен оның жаттықтырушысы мінген микроавтобус Астанадағы жарысқа бара жатқан кезде тас жолда аударылған. Жаттықтырушы оқиға орнында қаза болды. Аурухананың реанимация бөліміне бір бала бас сүйегі жарақатымен жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалаған. Қалған балаларды ата-аналары алып кеткен.
Қазақстанда шенеуніктер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі шараларды атқарып жатқанын мәлімдегенмен ірі жол апататтары жиі болып жатыр. "Қазавтожол" ұлттық компаниясының өкілдері былтыр жыл соңында жол апаттары ұзақ жөндеу көрмеген тас жолдарда жиі болатынын мәлімдеген. Компания Қазақстанның қалааралық жолдарындағы апаттарды сараптағаннан кейін осындай қорытындыға келгенін айтқан.