Accessibility links

Белсенділер бейбіт жиынға әлі рұқсат ала алмай жүр. Билік митингіден қорқа ма?

Алты жыл бұрын Қазақстанда бейбіт жиындар туралы заң қабылданып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев енді митинг өткізуге рұқсат алу керек емес, тек хабарласа жеткілікті деген. Бірақ содан бері қоғам белсенділері жиындарды еркін өткізе алмай келеді. Әкімдіктер түрлі себепті алға тартып, мұндай басқосуларға жол бермей отыр. Конституциялық сот жергілікті билік бас тартпас бұрын балама ұсыныс білдіруге міндетті дейді. Бірақ сарапшылар мұның ескерілмей отырғанын айтады.

Қоғам белсендісі Жалғас Жиенғалиев 16 ақпан күні қолданыстағы заңның талабына сәйкес, Астана әкімдігіне бейбіт жиын өткізуге рұқсат сұрап, өтініш жолдаған. Митинг жаңа Конституция жобасы талқыланып жатқан тұста жоспарланған. Негізгі тақырыбы – жобадағы өзгерістерді ашық талқылау. Белсендінің сөзінше, халық жобаны жеткілікті талқыламаған. Сондықтан митинг өткізіп, кейбір баптарға қатысты талап-ұсыныстарымызды білдірмек болдық дейді. Алайда жергілікті билік "шеру өткізуге белгіленген орын бос емес" деген.

– Ешқандай жиын, ештеңе болған жоқ. Содан кейін әкімшілікке хабарластық. Әкімшіліктен не себепті бас тарту берілді? Осы жерде ешқандай шара өтпегені жөнінде хабар бердік. Бірақ әкімшілік ішкі саясат бөлімінің маманы ол сұраққа жауап бере алған жоқ. Ол туралы аудиомыз бар, – дейді Жиенғалиев.

Бұдан бөлек, ол Астана әкімдігі өтінішке жауап берерде заңда белгіленген тәртіпті бұзды деп санайды.

– Үш бейбіт митингіге, бес жеке пикетке өтініш жолдадық. Барлығына бас тарту қағаздарын жіберіп жатыр. Ол дегеніміз – халықтың сөз бостандығын жою. Басқа күнге немесе Астана мәслихаты бекіткен бір орынды ұсыныс ретінде хабарлама беру керек еді, – дейді белсенді.

Жалғас бұл уәжін 6 сәуір күні өткен сотта да айтты. Ол әкімдік қаулысын заңға қайшы деп санап, шағым түсірген. Алдын ала тыңдауда судья сот барысынан тек аудио жазуға рұқсат етіп, видеоға тыйым салды. Процеске қатысқан әкімдік өкілі Ардан Аралбай митинг белгіленген күні алаңда басқа шара өткенін айтты. Оның сөзінше, сол 21 ақпан күні астанадағы бес алаң да бос болмаған.

– Астана қаласында бес жер белгіленген. Ол жерлер де бос емес. Барлық жерде бейбіт жиналыстар өткізілген. Бізге бес жерге хабарлама түскен. Біз сол бес өтінішті қолдап, өткізу туралы қаулы шығарғанбыз, – деді Ардан Аралбай.

Қазақстанда митинг өткізу тәртібі 2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиналыстар туралы" заңмен реттеледі. Былтыр Конституциялық сот шеру өткізуге қатысты шешім нақты әрі дәлелді болуы тиіс деген нормативті акт қабылдаған. Оған сәйкес, әкімдіктер митинг, түрлі акция өткізгісі келген азаматтардың өтінішінен бірден бас тартпай, балама орын не уақытын өзгертуге ұсыныс беруге міндетті.

КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРДЫҢ КАРТИНАСЫ

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы іс жүзінде шектеледі деп мәлімдейді. Ресми Астана мұндай сынды негізсіз деп есептейді. Рұқсат алу керек емес, ертерек хабарласаң, сол жеткілікті дейді. Дегенмен қоғам белсенділері митингке өтініш беріп, рұқсат ала алмағанына жиі шағымданады.

Кейінгі үш жыл бойы Алматыда феминистер митинг, шеру өткізуге рұқсат ала алмай келеді. 2025 жылы да солай болды. Әкімдік бас тартуға түрлі себеп айтады.

Былтыр мамырда Алматы әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап ететін акцияға рұқсат берілмеді.

31 мамыр қарсаңында семейлік белсенді Елдос Досанов саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған митингке рұқсат ала алмады. Осы тақырыппен Астана, Шымкент, Павлодар, Петропавл және Өскемен әкімдіктері де бейбіт шеру өткізуге рұқсат бермеді.

Ал маусымда белсенді Марат Тұрымбетов Алматыда қала әкімін сайлау құқығын талап еткен митинг өткізуге келісім ала алмады.

Осы маусым айында Астана әкімдігі де әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы митингке рұқсат бермеді. Өтініш иесі Шынар Шаяхметова сот арқылы әкімдік жауабының негізсіз екенін дәлелдеуге мәжбүр болды.

"Белсенділер экстремист емес" құқық қорғаушылар тобы былтыр қазанда қосылған құн салығының 16 пайызға көтерілуі мен бағаның өсуіне байланысты Алматы, Астана, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне белсенділер 9 рет өтініш жолдап, бәріне рұқсат ала алмағанын мәлімдеді. Әкімдіктер "өтініште толық ақпарат жоқ" немесе "өтетін орын бос емес" деп жауап берген.

Ал желтоқсанда Астана әкімдігі балалары әскерде қаза болған, жараланған ата-аналарға митинг өткізуге жол бермеді. Бас тарту себебі ретінде өтініш толық емес деген жауап берілген.

Желтоқсан айында павлодарлық қоғам белсендісі Евгений Хабаров та митинг өткізуге рұқсат ала алмағанын жеке парақшасында мәлімдеді. Одан бөлек осы жазбада әкімдіктің бас тарту себебі туралы жалған ақпарат таратты деген ілікпен оған айыппұл салынды.

"Еркіндік қанаты" ұйымы былтыр 5 қалада митинг өткізуге талпыныс жасап, әлеуметтік зерттеу жасаған. Олар әкімшілік кедергілер, формалды бас тартулар мен ақпараттың қолжетімсіздігі кесірінен азаматтардың конституциялық құқығы жиі шектеледі деген тұжырым жасаған.

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ БЕЙБІТ ЖИЫН ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстанда бейбіт жиын өткізу – азаматтардың Конституцияда жазылған құқығы. Енді күшіне енетін жаңа Конституцияда оған қатысты бапта аздаған өзгеріс бар. Қолданыстағы нұсқаның 32-бабында бейбіт жиын түрлері "жиналыс, митинг, демонстрация, шеру" деп жеке-жеке жазылған. Ал жаңа заңның 34-бабында "азаматтардың бейбіт жиналысқа құқығы бар" деп ықшамдалған.

Жаңа Конституцияда еңбек даулары кезіндегі жұмысшылардың ереуілге шығу құқығы бары туралы бөлік те қысқарып кеткен. Бұл тармақ жаңа нұсқада ықшамдалып, "заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады" деп берілген. Дегенмен "Еңбек кодексінде" жұмысшылардың ереуіл өткізу құқығы егтей-тегжейлі жазылған.

Билік 2020 жылы "бейбіт жиналыстар туралы" заңды қабылдап, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев енді митинг өткізуге әкімдіктен рұқсат алу міндетті емес, алдын ала хабарлау жеткілікті деген.

 Әкімдікті сотқа беру, "Атажұрт" ісі, Ресейдегі су тасқыны — AzatNEWS/06.04.2026
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:18 0:00

"БИЛІКТЕ ҮРЕЙ БАР"

Азаттық Қазақстанда бейбіт жиын өткізудің қиындығы мәселесін құқық қорғаушы Маржан Аспандияровамен талқылады.

Азаттық: Билік белсенділерге неліктен бейбіт жиынға шығуға рұқсат бермейді деп ойлайсыз? Оның астарында қандай қисын болуы мүмкін?

Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова.
Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова.

Маржан Аспандиярова: Мұны еліміздегі регресс процестерімен байланыстырамын. Қазақстанда демократиядан кері кету процесі жалғасып жатыр. Уақыт өте мұның қарқыны күшейді. 2019 жылы және оған дейін де бейбіт жиын өткізу туралы заңды өзгерту керек деп айтып жүрдік. Бұрынғы заңды жаратпай, жаңа заң қабылдау керек деп талап қойдық. Қазіргі заң (2025 жылғы 25 мамырда қабылданған "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң – ред.) сол бұрынғы заңнан да нашар болып шықты.

Бұл – биліктің қоғаммен, өз елінің азаматтарымен дұрыс сөйлесе алмағандығының, дұрыс диалог орната алмағандығының көрінісі. Яғни, биліктің шарасыздығы, әлсіздігі. Билікте үлкен қорқыныш, үрей бар. Халықтың еркін пікір білдіргенінен тартынады.

Азаттық: Былтыр Қазақстан Конституциялық сотының №61 нормативті қаулысы шыққан еді. Қаулыда жергілікті атқарушы орган бас тарту туралы шешім қабылдамас бұрын өзге митинг орнын және уақытын ұсынуға міндетті екені жазылған. Қазір әкімдіктер Конституциялық соттың бұл қаулысын қаншалық ескеріп жатыр? Конституциялық сотта қаулының орындалуын қадағалауға құзырет бар ма?

Аспандиярова: Конституциялық соттың түсініктемесі жақсы. Кейбір адамдар оған үміттеніп те қалған шығар. Бірақ бұл жерде орындаушылар – әкімшіліктегі, ішкі саясат бөліміндегі адамдар өзгерген жоқ қой. Кез келген азамат мемлекеттік органға жүгінген кезде мемлекеттік органда кінәлілік презумпциясы болады. Мемлекеттік орган осы азаматтың өтінішін орындау үшін бар мүмкіндікті жасауы қажет.

Азаттық: Яғни орын жоқ деп отыра бермеуі керек дейсіз ғой?

Аспандиярова: Иә. Өздері ұсыныс жасауы керек. Мысалы, "осы сенбіде мүмкіндік жоқ, арғы сенбіге қалай қарайсыз?" дегендей. Сондай ұсыныс айтуы керек. Ал енді Конституциялық сот соны нақтылап беріп отыр. Ол заңда қарастырылған. Алайда мен өз тәжірибемде әлі бірде-бір сотта, процесте немесе әкімшілік жауабында Конституциялық соттың осы ескертпесінің жүзеге асқанын байқамадым. Мүмкін маған беймәлім шығар.

Сондай Конституциялық соттың оны қалай қадағалайтыны, қандай механизм бары белгісіз. Яғни баяғы жартас сол жартас болып тұр ғой.

Азаттық: Митингтерге қарсы тараптың уәжінде Қаңтар оқиғасы айтылады. Бейбіт басталған наразылықты әлдебіреулер арандатып кетті, аяғы адамдарды атуға ғимараттарды өртеуге және дүкендерді тонауға ұласты дейді олар. Оның үстіне қазір әлемде соғыс көбейіп, демократия құндылықтары шетке ысырылған тұста, қоғамның өзі де тыныштық маңызды дегенге көніп отырған жоқ па?

Аспандиярова: Адамдардың көбі бейбіт жиынға шыққысы келеді. Бірақ оларды бейбітшілік пен тыныштықты бұзғысы келетіндер көрсеткісі келеді. Бейбіт жиынға шығамыз, митинг ұйымдастырамыз деген адамдарға сондай бір үреймен қарайды. Алайда олардың ішінде қаншама білімді, сауатты, кәдімгідей мемлекеттік көзқарастағы адамдар бар. Өз пікірлерін, ойларын жеткізе алмағандықтан, осы бейбіт жиынға шығу – әлемде қалыптасқан, пікірімізді билікке жеткізудің формасы деп түсініп, осыны өткізейік деген ниет білдіріп, бұрын ешқандай саясатта болмаған, оппозицияға жақындамаған адамдар әкімшілікке өтініш жолдап, теріс жауап алып отыр.

Азаттық: Сіз экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтің тұсында да көп митингілерге, наразылық акцияларына қатысып жүрдіңіз. Кейде тіпті сізді ұстап алып кететін. Сол кезеңдегі митингке шығу құқығы, жалпы сипаты мен әдіс-айласы қазіргіден ерекшелене ме?

Аспандиярова: Біз ол кезде шынымен де билікті сынадық, талай митингілерге шықтық, алып кеткен күндер де болды, қамауда да болдық. Алайда ол кезде бізде ең болмағанда митинг өткізуге мүмкіндік болған. Мен Назарбаев жақсы деп тұрған жоқпын. Оған деген көзқарасымды жетік білесіздер. Бірақ та Тоқаевтың тұсындағы қазіргі тәсілдер тіпті шектеп шығып барады. Қазір адамды үйден шықпай жатып, табалдырығынан ұстап алып кетіп жатыр. Қазір адам әлеуметтік желіде атын, сағаты мен күнін жазбай-ақ, "мен шығамын" десе, сол ойы үшін ұстап, 15 тәулікке қамайды. Биліктегілер жөн білсе, керісінше, жағдайды күрт өзгертіп, қала-аудан әкімдеріне тапсырма берілуі керек. Қалаларыңызда наразы топ бар ма? Олар кім екенін, қандай тақырып қозғап жүргенін білесіздер. Жиындар өтсін, келіп, екі сағат сөйлесін. Әкімшілік адамдары келіп, сұрақтарына жауап берсін. Адамдар пікірін айтып, бейбіт түрде тарайды. Тіпті қандай да бір заңға қайшы келетін сәттер болса, онда митингті ұйымдастырушы мен қауіпсіздік жауапкершілігін мойнына алғандар жазаланады. Ал адамдарды үйден шығармай, ауыз ашқызбай кедергі жасай беру жақсылыққа әкелмейді.

Азаттық: Өткен мен қазіргіні салыстырып отырмыз ғой. Жаңа қабылданған Конституция аясында бұл мәселенің болашағы қандай болмақ?

Аспандиярова: Жаңа конституция бейбіт жиынның жаназасын шығарды. Осымен болды. [Қазіргі] конституцияда бар құқықтарымыз жаңасында қағаз күйінде жазылғанымен, оларға қосымшалар енгізіліп, адамның түпкі құқықтары мен азаматтық саяси құқықтары шектеліп тұр. Жаңа конституция жобасын талқылаймыз деп бейбіт жиынға шыққысы келгендерді қалай қудалап, қандай айыппұл салып, олардың қандай жазаға тартылғанын білесіздер.

Айдар
XS
SM
MD
LG