Accessibility links

"Пикетті қауіп санайды". Билік белсенділердің бейбіт акциясынан неге шошиды?


Азаматтық белсенді Әлима Әбдірова Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы пикетке шығып тұр. Ақтөбе, 16 қыркүйек 2021 жыл. Сол жылы белсендінің бейбіт акция өткізу туралы ондаған өтінішіне билік келісім бермеді.

Қазақстан билігі "Бейбіт жиындар туралы" заңды "демократиялық" деп атайды. Бірақ елде тіпті жалғыз адам пикетін өткізуге биліктің келісімін алу қиын. Неге?

ЖАЛҒЫЗ АДАМ АКЦИЯСЫН ӨТКІЗУ МАШАҚАТЫ

Қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылов кейінгі екі айда пикет өткізуге келісім сұрап қала әкімдігіне онға жуық өтініш берген. Ол пикетке шығып, бірінші президент туралы заңға қарсылық білдірмек болды. Белсенді елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевты айрықша құқықтарынан айырып, экс-президент атындағы даңғылға "Бейбітшілік гүлзары" деген бұрынғы атауын қайтаруды талап етпек болған. Бірақ әкімдік әр жолы "бір жерде бір уақытта екі немесе одан көп пикет өткізуге болмайды" деген уәжбен Фазыловтың өтінішін қанағаттандырмады. Белсенді мұны "мазаққа" балайды.

Қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылов.
Қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылов.

Қарағанды әкімдігі Азаттықтың "Фазылов пикет өткізгісі келген күндері басқа қандай бейбіт акциялар жоспарланған еді?" деген сұрағына жауап берген жоқ. Жергілікті билік былтыр және биылғы жылдың алғашқы төрт айында бейбіт акция өткізу жайлы неше өтініш түскені, олардың қаншасы мақұлданғаны жөнінде де ақпарат бермеді.

Фазылов пикет өткізуге биліктен рұқсат ала алмай жүрген жалғыз қазақстандық емес.

Құқық қорғаушы Әлима Әбдірова жалғыз өзі пикет өткізгісі келетінін айтып Ақтөбе қаласы әкімдігіне бір айда 28 рет өтініш берген. Бірақ билік келісім бермеген. Әбдірова кейінгі өтінішінде Украинаны қолдау акциясына шығатынын мәлімдеген. Әкімдік тағы да қарсы болған. Ақтөбе әкімдігінің шенеуніктері заңдағы "мемлекеттік қауіпсіздікке қауіп төндіретін", әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, таптық, тектік араздық туғызатын" акцияларға тыйым салу жөніндегі нормаға сүйенген. Билік өкілдері жалғыз адам пикетінен қандай қауіп көретінін ашып айтпаған.

Семейлік заңгер Ербол Аққужанов жергілікті билікке бірнеше рет өтініш беріп, рұқсат ала алмаған соң, Ресейдің әскери агрессиясына қарсы пикетке шыққан. Заңгер кейінгі берген өтінішіне әкімдіктен жауап келмеген, осы мүмкіндікті пайдаланып, акция өткізген. Полиция наразылық акциясын сырттай бақылап тұрды, бірақ белсендіге тимеді.

Бейбіт акция өткізуіне жергілікті билікке бірнеше рет өтініш беріп, келісімін ала алмаған семейлік заңгер Ербол Аққужанов соғысқа қарсы пикетте тұр.15 сәуір 2022 жыл.
Бейбіт акция өткізуіне жергілікті билікке бірнеше рет өтініш беріп, келісімін ала алмаған семейлік заңгер Ербол Аққужанов соғысқа қарсы пикетте тұр.15 сәуір 2022 жыл.

Сәуірде ел астанасында биліктің саясатына қарсы наразылық білдіріп, рұқсат етілген пикетке шыққан әйелдерді полиция ұстап әкетті. Әкімдік наразылардың ұсталуына қатысты "пикет өткізу жайлы өтініш дұрыс толтырылмаған" деген сылтау айтқан.

АВТОРИТАР МЕМЛЕКЕТКЕ ТӘН ӘДІС

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, әлем тәжірибесінде пикет жалғыз адамның ғана қатысуымен өтетін акция деп қарастырылмайды. Қазақстан заңына сәйкес, пикет – бір адам ғана қатысатын бейбіт жиын формасы. Елде пикет пен митинг тең саналады, екеуіне де жергілікті әкімдіктің келісімін алу керек. Халықаралық тәжірибеде шағын адамдар тобы қатысатын пикетке арнайы рұқсат алудың қажеті жоқ.

– Қазақстан бәрін авторитар әдіспен басқаратын авторитар мемлекет болғандықтан, бізде пикет наразылық акциясы немесе [биліктің] қытығына тиетін фактор саналады. Ортақ саясат – осы, бірақ жергілікті биліктің көзқарасына қарай әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Кейде наразылық акцияларына қатысушыларға жақсы қарайды, күш қолданбайды, – дейді адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның басшысы Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушылар 2020 жылы күшіне енген "Бейбіт жиындар туралы" заңның халықаралық стандарттарға сай келмейтінін айтады. Олар жергілікті биліктің қолында кез келген акцияға тыйым салуға мүмкіндік беретін бұрынғыдай тетіктер жаңа заңда да сақталып қалғанына назар аударады. Оның үстіне, билік рұқсат бермеген акцияларға қатысқан азаматтарға қолданылатын жаза қатаңдаған. Әкімшілік қамау мерзімі 25 тәулікке дейін ұзарған. Заңда бейбіт жиынға қатысқаны үшін адамды бір жыл ішінде жауапқа тартуға болады деген норма бар.

Заңда бейбіт жиынның төрт формасына ғана анықтама берілген, алайда "қоғамдық шаралардың басқа түрлері" туралы ештеңе айтылмаған. Бірақ "Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы" кодекстің 488-бабында ("Қазақстан Республикасының бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу туралы заңдарын бұзу") "басқа қоғамдық шаралар" деген түсінік бар. Жовтистің айтуынша, билік флешмоб, қолшатыр ұстап серуендеу немесе түсі бөлек маска тағудың өзін "басқа қоғамдық шараларға" жатқызуы мүмкін.

Қазақстан билігі "Бейбіт жиындар туралы" заңды "прогрессивті" және "демократиялық" деп атап, акция өткізуге жергілікті әкімдіктен рұқсат алу қажет емес, ескертсе жеткілікті дейді. Бірақ жағдай бұрынғыдан аса өзгере қойған жоқ дейді құқық қорғаушы.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

– Биліктің мәлімдемесіне қарамастан, ескі заң да, оның жаңа нұсқасы да бейбіт жиын өткізу еркіндігін қамтамасыз етпейтінін тағы да айтамын. Бізде [билікті] ескерту деп аталатын нәрсе құдды рұқсат берудің жасырын формасы сияқты. Халықаралық стандарттарға сәйкес, азаматтар тыйым салынған жерлерден басқа кез келген орынға жиналып, ашық пікір білдіре алады. Бізде бәрі керісінше: рұқсат етілген жерден басқа орындарға жиналуға тыйым салынған. Бірақ адамдар билік өкілдері отырған жерге барғысы келеді. Бізде акцияға бірден шығуға болмайды, яғни, бүгін болған оқиғаға қатысты ертең барып, бейбіт жиын өткізе алмайсыз, – дейді Жовтис.

Адам құқықтары жөніндегі бюро жүргізген мониторинг Қазақстанда әлеуметтік желідегі талқылау, бейбіт жиын өткізуді жоспарлау үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту тәжірибесі қалыптасқанын көрсетті. Адамдарды әлі өтпеген митинг үшін де қудалап, ұстап әкетеді. Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заңда әкімшілік құқықбұзушылықты талқылау, жоспарлау немесе дайындау үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Құқық қорғаушылар сот процестері атүсті өтетінін, қорғаушы тараптың дәйектері қабылданбайтынын айтады.

"ЗАҢ ҚАТАҢДАҒАН САЙЫН, ҚАУІП КҮШЕЙЕДІ"

2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен қоғамның диалогы арқылы ғана азаматтардың үніне құлақ түретін мемлекет құруға болады деп мәлімдеген. Бірақ Қаңтар қырғынынан кейін 2022 жылы наурызда Тоқаев енді "жеңілдіктер болмайтынын", бейбіт жиындар туралы заң сақталуы керегін ескерткен. Ол азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қамтамасыз етуді талап еткен белсенділер мен құқық қорғаушыларды "арандатушы көңіл-күйдегі топтар" деп атап, бейбіт тұрғындар үшін "мұндай еркіндік пен жауапсыздықтың" құны қымбатқа түсетінін айтқан.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис президенттің сөзімен келіспейді, ол тәртіпсіздік болмас үшін халықты алаңдататын мәселелерді шешіп, дұрыс саяси орта қалыптастыру керек деп есептейді.

– Президент халықты ведомствоға бағынышты адамдар ретінде қарастырып келеді. Біздің еркіндігімізді басқару өз қолымда деп ойлайды. Халықтың азамат болу, жеке пікірін білдіру, жиналу, билікті сынау қабілетін басқарып, бақылауда ұстап, қауіпті көрінген жағдайда, дер кезінде тоқтатып отыру керек деп есептейді. Биліктің көзіне үнемі революция елестеп тұрады. Олар мұны өзіне қауіпті көреді, сондықтан аталған "қауіптерге" қарсы заң мен тәжірибені пайдаланып, қолынан келгенше күрескісі келеді. "Жаппай тәртіпсіздік басталып кетсе ше" дегенді естісем, "Бұл – бірнәрсенің алдын-алу әдісі емес, бейбіт жиын, пикет, митингілер туралы заң ғой" деймін. Бірақ заң арқылы осы құқықтың өзіне қарсы күресіп, бейбіт азаматтарға еркін жиналуға мүмкіндік бермейді. Осыдан кейін қандай еркіндік туралы сөз болуы мүмкін? "Заң жеңіл болса, тәртіпсіздік өршиді" деген тағы бір иллюзия бар. Заң барынша жеңіл болуы керек. Заңды қатаңдатқан сайын, керісінше, қауіп күшейеді, – дейді Жовтис.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанда бейбіт жиын өткізу құқығының сақталмауына байланысты бірнеше шешім қабылдаған. 2014 жылдан бері комитет қазақстандықтарды қолдайтын 13 шешім шығарған. Бірақ онда жазылған ескертулердің бірде-бірі орындалған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG