Accessibility links

"Кінәсін мойындамаған" режим және Қаңтар оқиғасының қайталану ықтималдығы


Қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңында қарумен жүрген әскер. Алматы, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңында қарумен жүрген әскер. Алматы, 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Қаңтар оқиғасын басып-жаншу мен қатігез азаптаулардың қоғам санасына қалай әсер еткеніне тоқталып, Тоқаев уәде еткен реформалар режим өз кінәсін мойындап, өкініш білдіргенде ғана іске асады деген тұжырым жасайды. Сонымен қатар елде Қаңтар оқиғасы қайталануы мүмкін бе деген мәселені талдайды. Одан бөлек, Ресей ақпарат құралдары мен саясаткерлерінің Нұр-Сұлтанға қарсы ақпараттық шабуылы неліктен тоқтамайды және оған Қазақстан билігі неге ресми жауап бермейді деген сұраққа үңіледі.

"НАЗАРБАЕВ ӘДІСТЕРІН ҚАЙТАЛАҒАН" ТОҚАЕВ

"Тоқаев режимі қаңтар оқиғасынан кейінгі қуғын-сүргін мен қатігез азаптаулар үшін кінәні мойындап, өкініш білдірмейінше, елдегі реформалар ілгері баспайды". Швейцариядағы Базель университетінің оқытушысы Ботагөз Қасымбекова мен Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университеті халықаралық қатынастар колледжінің профессоры Эрика Мараттың АҚШ-та шығатын Foreign Policy басылымында шыққан мақаласында осындай ой айтылады.

Зерттеушілер Қазақстандағы қаңтар оқиғасын басып-жаншу мен одан кейінгі азаптаудың қоғам санасына әсері мен биліктің бұған жауабын талдайды.

Қаңтар басында наразылық бұрқ ете қалғанда, Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық беріп, кемі 230 адам қаза тапты. Көшедегі наразылық аяусыз басып-жаншылған соң, зорлық-зомбылық қамау орындарында жалғасты. Полицейлер азаптаған адамдар денеге үтік басу, тырнақ астына ине сұғу, басқа қара қап кигізіп тұншықтыру, электрошокер соқтыру мен таяқпен ұру тәрізді қорлауға душар болғандарын кейін тілшілер мен туыстарына баяндап берген.

Видео: Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж (Ақпан, 2022 жыл).

Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:31 0:00

Мақалада түрмедегі азаптаулар Совет диктаторы Иосиф Сталин кезіндегі қатыгездікті еске түсіретіні келтіріледі. "Режимнің қарсыластары Тоқаев кезіндегі адам өлтіру мен азаптауды гестапо мен НКВД әрекетімен салыстырады. Сталиндік азаптау әдістері туралы көптеген жазбалардан қазіргі оқиғалармен тарихи ұқсастықтар табуға болады: Сталин заманында қамауға алынғандардың басына бос патронмен оқ ату қазіргі Қазақстанда қайталанып жатыр".

Қаңтар оқиғасы мен азаптаулар қоғам санасына сызат салса да, "режим ешқандай жанашырлық пен өкініш танытпай, технократиялық шаралар арқылы жауап қайтарды". "Жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл айту, мешітте намаз оқу тәрізді сирек сәттерді есепке алмасақ, Тоқаев үкіметі "бүлікшілерді" айыптауды әлі жалғастырып жатыр".

Зерттеушілердің сараптауынша, наразылықты басып, қоғамды тыныштандыруға келгенде Тоқаев Назарбаевтың әдістерін қайталайды. "Назарбаев кезінде басқарушы элитаның жемқорлығы тамырын жайса да, экс-президент ондаған жыл бойы елде экономикалық даму мен әлеуметтік тұрақтылық орнаттым деп мақтан тұтты. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына жауап ретінде Назарбаев үкіметте ауыс-түйіс жасады, онысы қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен бірдей еді. Ол сонымен қатар полиция қызметін күшейтті. Бірақ ол саяси жүйе қарсыластарға жабық күйінде қала берді".

Тоқаев та тура Назарбаев тәрізді жеңіл-желпі ауыс-түйістер жасап, жалақы мен зейнетақы көлемін көбейтті. 16 наурыз күні халыққа арнаған жолдауында президент өкілетін қысқартып, парламентті күшейтуге уәде берді. Авторлардың талдауынша, режим осы арқылы қайғы жұтқан қоғамды тыныштандырғысы келеді, "бірақ оның терең саяси реформаны қаншалықты іске асыратынын әлі байқап көру керек".

Зерттеушілер "үкіметтің қатыгездігі мен адамдар қазасының себебін ашатын тәуелсіз тергеу жүргізуге рұқсат берілмейінше, Қазақстан сауықпайды" деген қорытынды жасайды. Олардың ойынша, азаптауға қатысқан полицейлер жауапқа тартылуға тиіс. Билік азапталған адамдардан айыптауларды алып тастап, өтемақы төлеуі қажет. "Түптің түбінде Тоқаев саяси тұрақтылыққа адам қазасына апарып соғатын күш қолдану мен азаптау арқылы қол жеткізуге болмайтынын мойындауға тиіс".

НҰР-СҰЛТАН РЕСЕЙДІҢ АҚПАРАТ ШАБУЫЛДАРЫНА НЕГЕ РЕСМИ ЖАУАП БЕРМЕЙДІ?

Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasiareview басылымында шыққан мақаласында Қазақстанда "русофобия барын" айтқан Ресей коммунистік партиясының жетекшісі Геннадий Зюгановтың даулы мәлімдемесіне Нұр-Сұлтан неге ресми түсініктеме бермеді деген сұраққа үңіледі.

Қаңтар оқиғасынан кейін Зюганов Қазақстанда "барған сайын орыс тілінің қолдану ауқымы тарылып бара жатқанын" алға тартып, Ресей билігін "орыстілді халықты ұлттық бассыздықтан қорғауға" үндеген. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстанда орыс саясаткерінің екі ай бұрынғы мәлімдемесі әлеуметтік желілерге қайта шығып, қызу талқылана бастаған.

Қарай отырыңыз: "Бізді құтқарудың қажеті жоқ!" Қазақстандық орыстардың флешмобы (11 ақпан 2022 жыл).

"Бізді құтқарудың қажеті жоқ!" Қазақстандық орыстардың флешмобы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

Ақас Тәжуітовтің айтуынша, Украинадағы ахуалды бақылап отырған Қазақстан қоғамын Мәскеудегі саясаткерлердің мұндай мәлімдемелері алаңдататыны түсінікті. Автор Мәскеу орыстілді халықтың саны көп Украинаға келгенде даулы сөздерден кейін іске көшкенін еске салады.

"Мұндай әрекет Қазақстанда қайталанбайды дегенге еш кепілдік жоқ. Бірақ Қазақстан билігі қазіргі жағдайда ахуалды ушықтырмау позициясын таңдағандай".

Жақында журналистердің сұрақтарына жауап берген сыртқы істер министрі, вице-премьер Мұхтар Тілеуберді Зюгановтің сөзіне министрлік ресми түрде наразылық жасамайтынын мәлімдеді.

Тілеубердінің түсіндіруінше, Зюганов билікке оппозицияда жүрген саясаткер. "Ал оппозиция үнемі биліктің ресми ұстанымына қайшы пікір айтады".

Бірақ Ақас Тәжуітов бұл уәжді әлсіз деп есептейді. Өйткені Зюгановқа ұқсас мәлімдемелерді Ресей билігінің "Единая Россия" партиясының депутаттары айтқанда да Қазақстан мұны ресми деңгейде жауапсыз қалдырды.

Журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұрған сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұрған сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Автор мемлекеттік думаның білім және ғылым комитетінің басшысы Вячеслав Никоновтың "Солтүстік Қазақстан аумағы Ресейдің Қазақстанға берген сыйлығы" деген мәлімдемесі Ресейдің федералды бірінші арнасында көрсетілгенін еске салады. Ол тұста сыртқы істер министрлігі мұны жария түрде жоққа шығарып, Ресей сыртқы істер министрлігіне қарсылық нотасын жолдаған.

Нұр-Сұлтанның бұл реакциясына ашуланған мемлекеттік думадағы "Единая Россия" партиясының тағы бір депутаты Евгений Федоров қорқытып-үркіту мен қорлау тіліне көшті. Ол "Қазақстан "сыйлық" алмадым деп есептесе, онда басқаша сөйлесу керек, Ресей заңсыз жолмен алынған нәрсені қайтаруды талап етуге мәжбүр болады" деген. Сонымен қатар ол экс-президент Назарбаев пен президент Тоқаевты тілдеп, "жолдас Назарбаев пен Тоқаев, кеткілеріңіз келсе, шамадандарыңызды жинап, Алматы мен өзге жерді Ресейге беріп кетіңіздер" деп мәлімдеді.

Тәжуітов Қазақстанның сыртқы істер министрі ресми деңгейде бұл мәлімдемеге үн қатпағанына назар аударады. Мұндай ұстаным Ресей саясаткерлері, сарапшылары мен ақпарат құралдарының Қазақстанға қатысты даулы мәлімдемелерінің бетін қайтаруға түрткі болмайтыны түсінікті. Нәтижеде 2021 жылдың екінші жартысында Ресей ақпарат құралдарының Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуылы күшейді. Автор Ресей сарапшылары мен ақпарат құралдары Қазақстан үкіметі мен парламентін де нысанаға алғанын келтіреді. Оны былай қойғанда, президент Тоқаевқа қарсы материалдар да жарық көрді.

Бұл ақпараттық шабуыл әлі де жалғасып жатыр. Автор ақпараттық шабуыл жақында Тілеубердінің өзіне де бағытталғанын жазады. Путин Украина шығысындағы сепаратистік аймақтардың тәуелсіздігін танығанда, Тілеуберді Қазақстан бұл аймақтарды мойындамайтынын жергілікті тілшілерге жеткізген. RT арнасының директоры Маргарита Симонян әлеуметтік желіде Тілеубердінің сөзін бөлісіп, Мәскеуді қолдамаған Нұр-Сұлтанды сынға алып, "осыларды не үшін құтқардық?" деген. Келесі жазбасында "Жақсылықты түсіне алмайтындар − ең жиіркенішті адамдар. Ертең олар оп-оңай сатқынға айнала салады" деп жазған.

Автор Ресейдің саяси, интеллектуалды және медиа элитасы Қазақстанды не себепті үнемі нысанаға алатынын екі себеппен байланыстырады. "Біріншіден, постсоветтік мемлекеттердің ішінде Қазақстан − Мәскеудің көңілін жықпайтын, конфликтіге бармайтын ел. Сондықтан дәстүрлі, қалыпты қарым-қатынастың аясынан шығатын қандай да бір нәрсені Кремльге жақын адамдар мен Ресей үкіметі тыйып отырады".

Екіншіден, автордың айтуынша, Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға назар аудару арқылы Мәскеу жағымсыз пікір мен реакция тудырып, Ресейдің жік-жікке бөлініп кеткен қоғамының басын біріктіре алады. Бұл тақырып тіпті пікірі әрқилы адамдарда бірдей реакция тудырып, топтастырады. Ақпараттық науқанға әсіре солшылдар мен оңшылдар тәрізі саяси көзқарасы әрқилы адамдардың қолдау білдіретіні содан.

"ҚАЗАҚСТАН ШЫРПЫ ТИСЕ ЛАП ЕТЕР ОТТЫҢ ОРТАСЫНДА ТҰР"

Modern Diplomacy Ресейдің Украинаға басып кіруі Орталық Азияның экономикасы мен қаржы жүйесіне қалай соққы жасағанын талдайды.

Орталық Азия елдері бейтарап саяси ұстанымда қалып, Украинаға әскер жіберу мүмкіндігін жоққа шығарса да, аймақтың экономикасы қатты зардап шекті. Басылымның жазуынша, бұл әсіресе Қазақстан қаржы жүйесіне қатты әсер етті. Теңге бағамы 25 пайызға құнсызданды.

Осылайша қаңтар айындағы оқиғадан кейін титықтап қалған Қазақстан тағы да "шырпы тисе лап ете қалатын отқа орануы мүмкін күйде тұр". Қаңтар оқиғасынан кейін ахуал енді-енді қалпына келе бастағанда Ресейдің Украинаға басып кіруі экономикаға кері әсер етті, ал бұл "елді тұрақсыздыққа тіреп, саяси тәуелкелдер тудыруы мүмкін".

Автор соңғы жылдары теңгенің құнсыздануы және қымбатшылық халықтың шыдамын шегіне жеткізіп, наразылыққа алып шыққанын еске салады.

Теңге бағамының құнсыздануы импортқа да әсер етеді. Қазақстанға импорттың үштен бірі Ресейден келеді, ал санкциялар тауарды сатып алу мүмкіндігін шектеуі ықтимал. Ал теңге құнсызданған уақытта Ресей тауарларына балама іздеу қымбатқа түсуі мүмін.

Қазақстан Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасының қатысушысы. Десек те, Украинадағы Ресей басқыншылығына байланысты Қытай-Еуропа теміржолының болашағы бұлыңғыр. Беларусь пен Ресейдің "Бір белдеу – бір жол" бастамасына қатысу-қатыспауы тағы белгісіз. Осының бәрі Қазақстан экономикасының өсімін тежеуі мүмкін. Үкімет өмір сүру деңгейін жақсарту үшін жаңа салық заңын енгізіп, бірқатар жоба жоспарлады. "Бірақ ол іске асып, нәтижеге қол жеткізу үшін әлі де уақыт керек. Елде орташа жалақы 600 доллардан аз, ал халықтың жартысының айлық табысы 214 доллардан аз екенін ескерсек, қымбатшылық тағы да наразылық тудыруы мүмкін".

Видео"Өмір сүру қиындай түседі". Теңге тағы құнсызданды

"Өмір сүру қиындай түседі". Теңге тағы құнсызданды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:43 0:00

"Тоқаев 11 қаңтар күні Назарбаев пен оның айналасын сынады, елде Назарбаев тобына қарсы бағытталған күрес жүріп жатыр". Дегенмен автор қаңтар-ақпанда Назарбаевтың төңірегінде жүргендер мен жақындары қызметтерінен айырылғанымен, айтарлықтай реформа іске аспағанын баса көрсетеді. Бұл оның ойынша, онсыз да әлсіз саяси және экономикалық ахуалды тербетіп жіберіп, тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.

Елде тағы да ірі толқу болса, оның салдары қандай боларын ешкім тап басып айта алмайды. Қаңтар айында Тоқаев Ресей бастаған ҰҚШҰ әскеріне арқа сүйеді, ал қазір Ресей барлық ресурсы мен күшін Украинадағы соғысқа жұмылдырды. Сондықтан Ресейдің Қазақстан билігіне көмекке жіберетін әскері жоқ.

Автордың топшылауынша, Қытай Орталық Азияға инвестиция құйса да, аймақтағы саясатқа қатыспайды. Пекин Қаңтар оқиғасы кезінде ешқандай іс-әрекетке бармады, сондықтан Қытай мүддесіне қайшы келмесе, ол Қазақстандағы ішкі қақтығысқа араласпайды.

Осылайша автор "Қазақстан тағы да жолайрықта тұр, Қаңтар оқиғасынан кейінгі мәселелер мен қазіргі ахуал елді шырпы тисе лап ете қалатын жарылысқа әкеп соқтыруы мүмкін" деп түйіндейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG