Accessibility links

Кафеде газ баллон жарылып, 2 адам мерт болды. Петропавлдағы апат жайлы не белгілі?


Өртке оранған бес қабатты жатақханадан шығарылған газ баллондары. 21 ақпан 2021 жыл.

21 ақпан күні түс қайта Петропавл қаласынды бес қабатты жатақханада орналасқан дәмхананың газ баллоны жарылып, екі адам мерт болды, үш кісі жан сақтау бөлімінде жатыр. Жарылыстан шыққан өрт үшінші қабатқа дейін жеткен. Жатақхана тұрғындары түгел көшірілген. Азаттық тілшісі оқиға орнына барып, апаттың мән-жайын анықтады.

АПАТ ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

Жексенбі сағат 15:59-да Өрт сөндіру қызметіне Интернациональная көшесіндегі №21 үйдің бірінші қабатынан түтін шығып жатқаны туралы хабар түскен.

Жатақхана тұрғыны Вадим Шевелёв үй өртке оранғанын ұққан соң бірден далаға шығып, зейнеткерлер мен мүгедектерге көмектесе бастағанын айтады.

– Өте қатты жарылыс болды. Мен бірден терезеге қарадым, машина жарылды ма деп ойлап қалдым. Содан кейін көршіміз жүгіріп келіп, кафенің жарылғанын айтты. Мен оған бардым, оның терезесі Жұмабаев көшесіне шығады. Ол жерде шыны сынықтары мен түтін көрінді. Мен жүгіріп шығып басқа жігіттермен өзге адамдарға көмектесе бастадым. Кейбірі "құтқарындар" деп айқайлады. Кейін өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері келді, – дейді қала тұрғыны Вадим Шевелёв.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысы Рамиль Камаловтың өрттің "Қаражорға" дәмханасындағы газ баллонының жарылуынан болғанын айтады. Оның сөзінше, жарылыстан кейін өрт алғашқы үш қабатты шарпыған.

Газ баллоны жарылған "Қаражорға" дәмханасы. Петропавл, 21 ақпан 2021 жыл.
Газ баллоны жарылған "Қаражорға" дәмханасы. Петропавл, 21 ақпан 2021 жыл.

– Төртінші және бесінші қабаттарға жалын жеткен жоқ. Бірақ түтін иісі қатты шыққан, – деді Рамиль Камалов.

Полиция департаменті өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу күдігімен (Қылмыстық кодекстің 292-бабы, 3-тармағы) қылмыстық іс қозғағанын, жедел тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.

– Полиция қызметкерлері жедел түрде келіп, аумақты қоршауға алды. Міне, мынау жерде камералар орнатылған, олар жарылыстың 15:54-те болғанын тіркеген. Өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Тергеу әрекеттері жүргізіледі, – деді полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаев.

ҚАНША АДАМ ЗАРДАП ШЕКТІ?

Апат болған күні сағат 18:42 уақытында үйінді астынан әйелдің денесі шығарылған. Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлаудың сөзінше, апаттан кейін қалалық көпбейінді ауруханаға 12 адам түскен. Соның бірі – 24 жастағы ер кісі көз жұмған. Алтауына амбулаториялық ем тағайындап, үйіне жіберген. 20 жастағы қыз жан сақтау бөлімінде жатыр. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, жағдайы өте ауыр.

Бұдан бөлек облыстық көпбейінді ауруханаға 23 жастағы екі еркек түскен, екеуі де жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр.

Облыстық балалар ауруханасына екі бала жеткізілген. Біреуі ата-анасының өтінішімен үйіне қайтарылған.

ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Үй тұрғыны Гүлнара Дилованың сөзінше, жатақхана бұрын апатты жағдайда болып, жөндеу жұмыстарынан соң апатты үйлер тізімінен шығарылған.

– Бұл үй орталық газбен қамтамасыз етілмеген. Бірақ тұрғындар негізінен газды пайдаланады, өйткені бұл жерде электр қуатын пайдалану тиімсіз. Бұрын плиталарды жиі қолданған кезде жарық өшетін, – деді тұрғын.

Төтенже жағдай қызметкерлері газ баллоны жарылған бес қабатты жатақханадағы өртті сөндіріп жатыр. Петропавл, 21 ақпан 2021 жыл.
Төтенже жағдай қызметкерлері газ баллоны жарылған бес қабатты жатақханадағы өртті сөндіріп жатыр. Петропавл, 21 ақпан 2021 жыл.

Газ баллоны жарылған сәтте Людмила Чикунова баласымен бірге үйде болған. Ол онда төрт жыл бойы тұрып жатқанын айтады.

– Бала сурет салып отырған. Кейін жарылыс естілді. Тіпті балам орнынан секіріп түсіп, жиһаз да жылжып кетті. Мен бірден күйіктің иісін сезіп, баланы жинай бастадым. Біздің қабаттың есігі жабылып қалған, баланы әзер шығарып жібердік. Содан кейін өзіміз де киіне бастадық. Ештеңе көрмедік. Көршіміздің терезесіне мініп, айқайлап, секіруге дайын тұрдық. Кейін өрт сөндірушілер келіп, бізді алып шықты, – дейді Чикунова.

Лариса Бозина өрт шыққан соң киімсіз күйі бірден далаға шыққанын, құжаттарының үйде қалып қойғанын айтады.

– Бұл үйде 30 жылдай тұрдым. Қазір мен көшеде қалдым. Менің үстімде тек футболка ғана, үстімдегі тоным да жырым-жырым. Қолдарым, бүкіл бетім көгеріп кетті. Біз баланы құтқарамыз деп үй ішінде тізерлеп жүрдік. Сөйтіп өзіміз өліп қала жаздадық, – дейді тұрғын.

Лариса Бозина осыған дейін газ баллоны жарылған дәмхананың үстінен прокуратураға, полицияға, қалалық әкімдікке бірнеше рет шағым түсіргенін айтады.

– Бізге прокуратурадан "сотқа жүгініңіз" деген жауап келді. Ал қазіргі уақытта сотқа тек адвокатпен ғана бару керек. Біз бай емеспіз. Оған ақшамыз жоқ, – дейді Бозина.

Азаттық тілшісі тұрғындардың осыған дейінгі шағымы қаншалық қаралғанын оқиға орнына келген бір топ билік өкілінен сұрады. Олардың арасында облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаев та бар еді. Бірақ үнсіз қалып, қойылған сұраққа Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рамиль Камалов жауап берді.

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерлікті тексеруге мараторий жариялады. Біз бұл кәсіпкерлік субъектілерін 2015 жылдан бастап тексерген жоқпыз. Шағымдар туралы айтатын болсақ, Төтенше жағдайлар департаментіне мұндай шағымдар түскен жоқ, – деді Рамиль Камалов.

ТҰРҒЫНДАР ҮЙІНЕ ОРАЛА МА?

Апат болған үйден 120 адам көшірілген. Олардың жетеуі Солтүстік Қазақстан университетінің №2 жатақханасына орналастырылған. Қалғаны туыс-таныстарын паналап кеткен.

Кафедегі газ баллонының жарылуынан өртке оранған бес қабатты үй. Петропавл, 21 ақпан 2021 жыл.
Кафедегі газ баллонының жарылуынан өртке оранған бес қабатты үй. Петропавл, 21 ақпан 2021 жыл.

109 бөлмесі бар бұл жатақхана 1970-жылдары салынған. Бірінші қабатында дүкен, ветеринарлық клиника және дәмханалар орналасқан. Оқиға орнында болған облысы әкімі Құмар Ақсақалов жатақханада жөндеу жұмыстары жүретінін, ол аяқталғанда тұрғындар үйлеріне оралатынын айтты. Әкімнің сөзінше, жөндеу жұмыстары қалалық бюджеттен қаржыландырылмақ.

2019 жылы ақпанда Петропавл қаласындағы басқа бір бес қабатты үйде осындай жарылыс болған. Бірақ Интернациональная көшесіндегі жатақханаға қарағанда ол үй орталық газға қосылған болатын. Билік өкілдері қалада орталық газбен қамтамасыз етілген үйдің саны қанша екенін айта алмады.

Петропавлдағы осы апат кейінгі аптада салдары өрт пен өлімге әкелген үшінші оқиға болып отыр.

  • 19 ақпан күні Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы көп қабатты үйдің пәтерінен өрт шығып, бір үйдің бес баласы көз жұмды.
  • 18 ақпанға қараған түні Қызылорда қаласында уақытша баспана өртке оранып, үйде болған бес баланың кенжесі қазаға ұшырады. Қалған балаларды үйде болған анасы құтқарып үлгерген.
  • Қазақстанда кісі өліміне әкелетін өрт оқиғалары жиі болады. 2019 жылы ақпанда Нұр-Сұлтан түбіндегі Көктал-1 елдімекенінде уақытша баспана өртеніп, бір үйдің бес қызы мерт болған. Осыдан кейін елде көпбалалы әйелдер мен жалғызбасты аналардың наразылығы күшейді. Олар биліктен әлеуметтік көмекті арттырып, тұрғын-үй мәселесін шешіп беруді талап етті.

  • 16x9 Image

    Нұргүл АЛИНА

    Нұргүл Алина – Азаттықтың Петропавлдағы тілшісі. 1990 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Заң және  әлеуметтік білімдер магистрі. 

    Азаттықпен 2016 жылдан бері әріптес.

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG