Accessibility links

Мұғалім қатыгездігі – қоғамдағы мәдениет пен тәрбиенің айнасы


Ресей мектебіндегі қытай тілі сабағы. (Көрнекі сурет.)

Ресейде мектепте балаларға қол көтерген немесе психологиялық қысым көрсеткен мұғалімдер туралы күн сайын дерлік естуге болады. Сарапшылар мұғалімдердің өздерін қолдау жүйесін өзгерту әрі балалармен олардың өз тілінде сөйлесуді үйрену арқылы мектептегі қатігездікті азайтуға болады деп санайды.

МҰҒАЛІМ АШУЫНА НЕ СЕБЕП?

Қазан айында Ресейдің Пермь өлкесінің Суксун ауданы мектептерінің бірінде сабақ беретін мұғалім әйел бесінші сынып оқушысының басынан "Рухани-адамгершілік мәдениет негіздері" деген оқулықпен ұрған, сондықтан "бүкіл сыныптың алдында қорлағаны үшін қатты жәбірленген" баланың ата-анасы омбудсменге шағымданған. Әлгі оқиғаны енді аймақтың білім және ғылым министрлігі мен аудандық прокуратура тексеріп жатыр.

Мәскеу облысында тұратын студент Юлия Дубиковскаяның айтуынша, сынып жетекшісінің буллингі (агрессиялық қарым-қатынас) кесірінен 11 сыныпта оқып жүргенде мектепті ауыстыруына тура кеген. "Ол кісі мені сабақ сайын қорлайтын, ештеңе оқымағансың деп жазғыратын. Ал мен орыс тілінен тапсырманы орындап келетін, кітап оқитын санаулы баланың бірі едім, өйткені осы екі пәнді тапсыруым керек болатын. Бір күні ол ештеңе білмейсің, сабаққа дайын емессің деп айқайлап, "Соғыс және бейбітшілік" деген кітабымды бар күшімен бетіме лақтырып қалды" дейді бойжеткен. Оның сөзінше, әлгі мұғалімнің қылықтары жайлы мектеп директоры да, кей мұғалімдер де білген, бірақ олар "ашуына тие берме, пәнін дұрыстап оқы, шыда, мектеп бітіруіңе сәл ғана қалды ғой" деген кеңес берген.

Сабақ түсіндіріп тұрған мұғалім. (Көрнекі сурет.)
Сабақ түсіндіріп тұрған мұғалім. (Көрнекі сурет.)

Ресейде мұғалімдердің балаларды жәбірлеуіне қатысты ресми статистика жоқ. Социолог маман Франц Шерега 2011 жылы жүргізген зерттеу дерегінше, балалар мен жасөспірімдерді жәбірлеу оқиғаларының жалпы санының 19,7 пайызы мектептегі буллингке қатысты, ал оның 27,2 пайызы мұғалімдер тарапынан болған. Шерега басқаратын әлеуметтік болжау және маркетинг орталығы өкілдері Азаттықтың Орыс қызметіне бұл проблема бойынша соңғы ақпарат жоқ әрі кейінгі жылдары зерттеу жүргізген жоқпыз дейді.

2011 жылы ВВС телеарнасының Орыс қызметі бала құқығын қорғауға көмек көрсететін "Бала құқығы" аймақтық қоғамдық ұйымына сілтеме жасап, Ресей мектептерінде оқитын балалардың 20 пайызға жуығы мұғалімдер тарапынан дүркін-дүркін зәбір көреді, ал мұның жартысынан көбін ата-аналар білмейді деп жазған еді. Бірақ Азаттықтың Орыс қызметімен әңгімесінде ұйымның басқарма төрағасы Борис Альтшулер әлгі ақпаратқа, яғни алты жыл бұрын Ресейде әр бесінші бала мұғалімнен зәбір көрген деген дерекке онша сенбейді.

Сарапшылардың айтуынша, кейінгі кезде мұғалімдердің балаларды жәбірлеу оқиғалары күрт көбейгені байқалмайды. Білім беру саласы қызметкерлерінің "Ұстаз" аймақаралық кәсіподағының тең төрағасы Всеволод Луховицкийдің айтуынша, мұндай оқиғалардың көбеюі екіталай, өйткені қазір бұл проблемаға көп көңіл бөле бастаған. Оның пікірінше, мұның себебін "мұғалімдер талап етпеуі, наразылық білдірмеуі тиіс, олардың шағымдарына онша назар аударып қажеті жоқ" деген жалпы саяси тенденциямен түсіндіруге болады. Ол мұғалім мен мектеп балаға жаман ештеңе істей алмайды, балалардың өздері де қатігездеу болып бара жатқан жоқ деп санайды.

"Әдеттері болмаса, балалар өзгерген жоқ, қазіргі буын өкілдері мүлде өзгеріп кетті деп айту дұрыс емес" дейді ол. Луховицкийдің пікірін Борис Альтшулер де құптайды. Бірақ ол әлеуметтік желілердің тарауы кесірінен балалар тым еркінсіп, бұзылып барады, жауапкершілікті сезінбейді, интернеттен көргенін өмірде жасайды деп санайды. Мәскеудегі №1540 гимназияның психологы Софья Розенблюм де қазіргі балаларды қатігез деп санауға болмайды, "тек олармен өз тілінде сөйлесе білу керек" дейді.

Розенблюмнің түсіндіруінше, мұғалімдің көбі қазіргі балалармен тілі табыса білмейді, соның кесірінен баланы жәбірлеуі мүмкін. Оның пікірінше, қазіргі оқушылар өзгеше, өйткені қазір ақпарат кеңістігі де басқадай, ел де өзгеше. Психолог қатігездіктің екінші себебі – қазір мұғалімге көп міндет жүктеледі, ал бұл мұғалімнің үнемі стресте жүруіне әсер етеді дейді.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Мұғалімнің агрессия танытуы – оның қорқынышының, қорғаншақтығының маркері. Мұғалім балаға билігін жиі көрсетіп тұруды маңызды санайды. Мұғалім – кең тараған мамандық. Сондықтан мұғалімнің қатігездігі – қоғамымыздағы мәдениет пен тәрбие деңгейінің айнасы ғана" дейді Розенблюм.

Бұл пікірді Мәскеу облысы мектептерінің бірінде сабақ беретін мұғалім де құптайды. Оның сөзінше, жақсы ұстаз болғанымен, мұғалім мемлекет, мектеп басшылығы, ата-аналар қоятын талаптардан эмоциялық тұрғыдан әбден діңкелеп шаршайды. "Тынықпаған, көңілі жабыраңқы, әбден қажыған адамның шамасы балаға ғана жетіп, ақыры "тәрбиенің" ең тура жолы – балаға айқайлауға, қорлауға көшеді" деп түсіндіреді ол.

Оның пікірінше, мұғалімнің буллингке жүгінуінің тағы бір себебі – атқаратын қызметіне сәйкес еместігі. Кейде мектепке кездейсоқ жандар – өзін басқа еш жерде таныта алмаған адамдар жұмыс істеуге келеді, олар балаларды неге үйретуді де, қалай оқытуды ды түсінбейді. Мұғалімнің сөзінше, балалар мұны сезеді, сондықтан өздерін дөрекі ұстайды, агрессиялық мінез көрсетіп, мұғалімді жанжалға итермелейді.

ОҚУШЫЛАР ДА ҚОЛ ЖҰМСАЙДЫ

Кейде мұғалім мен баланың егесі қайғылы оқиғаларға ұласып, мұғалімдердің өздері оқушыларының құрбанына айналады. 2017 жылғы қыркүйекте Мәскеу облысындағы Ивантеевка қаласында тоғызыншы сыныпта оқитын 15 жастағы бала информатика сабағында мұғалімге ас үйде пайдаланатын кішкентай балтаны ала жүгірген. Оқушы басынан ұрған әйелдің бас сүйегі мен миына зақым келген. Сосын әлгі оқушы сынып ішінде қолдан жасалған петардаларды жара бастаған, пневматикалық қарудан атқылаған. Үрейленген оқушылар терезеден секірген, ақыры төрт оқушы мертігіп, түрлі жарақат алған. Оқушылардың айтуынша, әлгі баланы үнемі сыныптастары мұқатып, кемсіткен, ал мектеп басшылығы бұған назар аудармаған. Борис Альтшулер егер Ресейде балалармен дербес профилактикалық жұмыс шынымен жүргізілсе, мұндай оқиғаларға жол бермеуге болушы еді дейді.

Мектептегі әлімжеттік. (Көрнекі сурет.)
Мектептегі әлімжеттік. (Көрнекі сурет.)

2010 жылы наурызда Мәскеу прокуратурасы балаларға эмоциялық қысым көрсеткен немесе ұрып-соққан мұғалімдер туралы деректер қорын құруды ұсынған. Ол кезде мынадай деректер келтірілген: 2007 жылдан 2010 жылға дейін қадағалау органы 52 тексеру жүргізіп, ертеректе қылмыс жасап, сотталған 10 мұғалім мен тәрбиешіні анықтаған. Сол тұста Мәскеу прокурорының аға көмекшісі болған Вероника Кропивенко "Әдетте білім беру мекемесі жұмысқа жаңа орналасқан қызметкерлерден соттылығы туралы анықтама сұрамайды, сондықтан осындай база енгізу қажет. Сотталғаны туралы ақпарат еңбек кітапшасында жазылмаса, оны ешкім білмей қалады" деп түсіндірген. Содан бері жеті жыл өтсе де әлі күнге дейін ондай база құрылған жоқ.

Бірақ жанжалға әдейі итермелейтін балалардың алдында мұғалімдердің өздері де мүлде қорғансыз. Мәскеу облысы мектептерінің бірінде сабақ беретін мұғалім мұндай жағдайда әлеуметтік педагог немесе оқу меңгерушісіне баянхат жазып, "кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектордан бастап сотқа дейін мемлекеттік машинаны" іске қосуға болады деп санайды. Бірақ бұл практика жиі қолданылмайды.

Всеволод Луховицкий мұғалімдер құқығын шынымен жұмыс істейтін жарғы ғана қорғай алады, ондай жарғы болса, директор, педагогикалық кеңес, оқушылардың өзін өзі басқару органы тарапынан кез-келген тәртіп бұзуға реакция болады деп санайды. Оның айтуынша, кей мектептерде мұғалімдер балалармен қосылып қабылдаған конституция бар. Егер біреу ережені бұзса, комиссия құрылып, оқиғаны тексереді және жанжалды ушықтырмай басады. Мұндай тәжірибе жайлы Борис Альтшулер де айтады. Оның сөзінше, Мәскеу, Пермь өлкесі және өзге кей аймақтағы мектептерде дауларды реттейтін бітістіру қызметі жұмыс істейді. Жанжалға қатысты тараптар наразылығын айтады, ал модератор – ол кейде оқушылардың өз ішінен тағайындалуы мүмкін – проблеманы шешуге көмектеседі.

ПРОБЛЕМАНЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ

Сабақтағы шиеленісті азайтып, буллингке жол бермеу үшін Альтшулер мектептерге балалар да, ересектер де көмегіне жүгіне алатын тәуелсіз қызметкерді сырттан алуды ұсынады. Оның айтуынша, проблеманы мектеп психологтары да шеше алады, бірақ оның жұмыс ақысын директор төлейді, сондықтан олар кейде мұғалімді жақтайды. Ал психолог Софья Розенблюм балалармен қоса олардың ата-аналары және мұғалімдермен жұмыс істеуге психологиялық қызметтің күші жетпейді деп санайды. "Қазіргі мектептерде мұғалімдерді үздіксіз қолдау жүйесі жоқ" дейді ол.

Мамандықтың беделін өсірсе, лайықты жалақы төлесе, мұғалімнің кәсіби біліктілігіне деген талап та күшейіп, мектепке жұмыс істеуге кім көрінген келмес еді.

Мәскеу облысындағы мектептердің бірінің мұғалімі "егер мұғалім мен оқытушылық қызметтің беделін қайтарсақ", мұғалімдердің балаларды жәбірлеуі азаяр еді деп санайды.

- Мамандықтың беделін өсірсе, лайықты жалақы төлесе, мұғалімнің кәсіби біліктілігіне деген талап та күшейіп, мектепке жұмыс істеуге кім көрінген келмес еді, - дейді ол.

Сұхбаттасымыз проблеманы шешудің тікелей жолы бұл емес дегенмен келіседі, бірақ оның пікірінше, мұндай шаралар мұғалімге жүктелген ауыртпалықты, демек шиеленісті де азайтады. Ал Всеволод Луховицкий проблеманы шешудің өзге жолын ұсынып, "Білім беру саласының бүкіл ауыртпалығын мемлекет мұғалімнің мойнына артып қоюға тырыспауы тиіс деген саяси деңгейде шешім қабылдау керек. Мұғалім бар болғаны өз жұмысын атқарады. Олар періште де, әзәзіл де емес, білім беру саласында жұмыс істейтін адамдар" дейді.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Наталья Кондрашованың мақаласы орыс тілінен аударылды.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG