Accessibility links

Азияда ИМ қаупі артып келеді


Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі «терроршылар тобына» қарсы арнайы операцияда бұзылған үйдің орнында тұр. Бішкек, 17 шілде 2015 жыл.
Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі «терроршылар тобына» қарсы арнайы операцияда бұзылған үйдің орнында тұр. Бішкек, 17 шілде 2015 жыл.

Батыс басылымдары «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының Азияға ықпалы күшейгенін талқылап, сөз бостандығы мен қауіпсіздік тұжырымдамасының арақатынасы жайлы пікір таластырады.

Шілденің 16-сы күні қырғыз билігі Ораза айт басталатын 17-шілде күні адамдар көп жиналған жерде және Кант қаласындағы ресейлік әуе базасына шабуыл жасамақ болды деген күдікке ілінген содырлар тобын жою жөнінде арнайы операция өткізгенін мәлімдеді. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) ақпараты бойынша, топ «Ислам мемлекеті» (ИМ) халықаралық террорлық ұйымына қарайды екен. «Террорлық топтың басшысы (әмірі) Қазақстан азаматы Жанболат Әміров, ол бұрын Қырғызстанда сотталған, қамауда жатқан жерінен қашқаны үшін оған ресми түрде іздеу жарияланған» делінген ҰҚМК мәлімдемесінде. ИМ сапында Қазақстанның жүздеген азаматы, соның ішінде кәмелетке жасы толмаған балалар бары мәлім.

Әлемдік баспасөз болған оқиға жайлы хабарлағанымен, өздері оған баға бермеген. «Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында бейсенбі күні қауіпсіздік күштері қолынан қаза тапқан алты адам «Ислам мемлекеті» тобына кірген. Қауіпсіздік мекемелерінің баяндауынша, олар сол топтың шабуыл жасауды жоспарлаған тағы жеті мүшесін қолға түсірген» деп хабарлайды Reuters агенттігі.

ОҢТҮСТІК ШЫҒЫС АЗИЯҒА ТӨНГЕН ҚАТЕР

Ал америкалық Wall Street Journal газеті ИМ-нің Оңтүстік Шығыс Азияда, әсіресе, Индонезияда ықпалы күшейіп келе жатқаны жайлы жазады.

«Оңтүстік Шығыс Азиядағы мұсылман экстремистер арасында «Ислам мемлекетін» қолдаушылар саны тез өсіп барады, ал экстремистердің әсіредіншіл қағидаларды ел ішінде таратуына немесе теракт жасауына қарсы тұру үшін биліктің қолында жеткілікті заң тетіктері жоқ. Сарапшылар бәрінен бұрын Индонезияда қатер тым күшейіп тұрғанын айтады» делінген мақалада.

Индонезияда орналасқан «Ислам қорғаушылар майданы» тобының мүшелері «әл-Қаида» террорлық ұйымының жетекшісі Осама бин Ладенге құран бағыштап отыр. Джакарта, 4 мамыр 2011 жыл.
Индонезияда орналасқан «Ислам қорғаушылар майданы» тобының мүшелері «әл-Қаида» террорлық ұйымының жетекшісі Осама бин Ладенге құран бағыштап отыр. Джакарта, 4 мамыр 2011 жыл.

Газеттің жазуынша, 255 миллион тұрғыны бар бұл ел әлемде мұсылман саны ең көп мемлекет саналады. Ресми деректер мен сарапшылардың пікірі бойынша, жүздеген индонезиялықтар (оның ішінде отбасылар да бар) ИМ тобын қолдап, экстремистер бақылауда ұстап тұрған аймаққа қоныстану үшін Сирия мен Иракқа аттанған. Тіпті Отанына қайтуға ниеті жоқтардың өзі «елде қалған өзге пікірлестеріне шабыт беріп, қауіп төндіретіндігімен» билікті алаңдатып отыр деп жазады Wall Street Journal.

Индонезияда бұрын да бірнеше мәрте террорлық шабуылдар болған, оларды Ауғанстанда «әл-Қаида» қатарында дайындықтан өткендер жасаған еді. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, шабуылға айлап, жылдап дайындалатын бұрынғы содырлардан айырмасы – «ИМ ықпалындағы лаңкестер шабуылды өз бетімен әрі жылдам жасайды» деп жазады америкалық басылым. Биліктің хабарлауынша, қазір ИМ-ді жақтайтындар Индонезияның 33 провинциясының жартысына жуығында бар. Олардың ішінде индонезиялық коммерциялық әуе желісінің екі ұшқышы бар, сондықтан билік 2001 жылы АҚШ-та болған жарылыс тәрізді шабуылдың қайталануынан қауіптенеді.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ҚАУІП

Тағы бір америкалық басылым - Washington Post газеті «ИМ технологиялық компанияларды сөз бостандығы мен қауіпсіздік арасында жалтақтайтындай дәрежеге қалай жеткізді?» деген мақаласында ИМ өкілдерінің өзүгіт-насихатын жүргізіп, қатарына жаңа адамдар тарту үшін әлеуметтік желілерді қолданатындығына қатысты пікірталастардың барған сайын күшейіп келе жатқанын жазады.

«Осы содырлар тобындағы әлеуметтік желіні жақсы меңгергендер АҚШ-тың көптеген компанияларына қолданушылардың өз пікірін білдіруіне кедергі жасамайтын әлемдік платформаны сақтай отырып, ИМ сияқты топтардың жолын қалай бөгеуге болады деген сауалға жауап іздетіп, бас қатыратын мәселе тауып берді. Себебі, бұл топтар сөз бостандығы қағидасын өздерінің террорлық кампанияларын жаю мақсатында қолданып жатыр» деп жазады Washington Post.

«Ауғанстан ислам мемлекеті» экстремистік тобының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан скриншот.
«Ауғанстан ислам мемлекеті» экстремистік тобының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан скриншот.

Газеттің жазуынша, осы айдың басында АҚШ сенатының барлау комитеті әлеуметтік желілерді өз сайттарында жарияланған террористік мазмұндағы мақалалар туралы федералдық билікті хабардар етуге міндеттейтін заң жобасын мақұлдаған. Бұл заң жобасының мақсаты – террорлық шабуылдар жоспарланып жатқаны жайлы құқық қорғау мекемелеріне ақпарат беруді көздейді. Бірақ заң жобасы әлеуметтік желіні әлдебір пайдаланушыны немесе оның жазбаларын аңдуға міндеттемейді. БҰҰ-ның мамандар тобы өткен айда «ИМ және басқа да содырлар тобы олардың сайттарын өз мақсатына пайдаланып отыр» деген сөзге қалған әлеуметтік желілерді ондай айыптауларға жауап беруге шақырған еді.

Сонымен бірге Washington Post басылымы АҚШ-та үкіметтің сөз еркіндігін реттеу әрекеті әдетте АҚШ Конституциясының сөз бостандығын қорғайтын Бірінші түзетуіне қайшы саналатынын айтады. Соған байланысты әрқайсысының өз мәдениеті, міндеті мен пәлсапасы бар әлеуметтік желілер терроризмге қарсы жазбаларды құлыптау немесе өшіру мәселесін өздері шешеді.

Мақалада терроризмге қатысты материалдарды жою жөнінен «ең қатты» әлеуметтік желі – Facebook екені айтылған. Компания террорлық сипаты бар дүниелерге «еш төзбейтін» саясат ұстанады, сондықтан террористік ұйымдармен байланысы бар жарияланымдарды жойып отырады.

Өзін «Артем» деп таныстырған адамның ИМ экстремистік тобына қосылғанының дәлелі ретінде қазақстандық паспортын өртегені жайлы әлеуметтік желіде жариялаған суреттері.
Өзін «Артем» деп таныстырған адамның ИМ экстремистік тобына қосылғанының дәлелі ретінде қазақстандық паспортын өртегені жайлы әлеуметтік желіде жариялаған суреттері.

Сондай-ақ, компания өз қолданушыларына желі редакторларына әлгіндей материалдар жайлы ескерту құқығын берген, жарияланымдардың мазмұны Facebook желісінің стандартына қаншалықты сай келетінін тексеріп қарайтын арнайы сұрыптаушылар жалдайды. Ал бұған мүлде қарама-қайшы ұстанымдағы Twitter әлеуметтік желісі сөз бостандығын бәрінен жоғары қояды. Дегенмен, Twitter де жақында өз саясатына өзгеріс енгізіп, қолданушының өзгеге дөң-айбат шегіп, қоқан-лоқы жасайтын немесе терроризмді жаятын дүниелерді жариялауына шектеу салды.

«Ақпараттық компанияларға террорлық топтардың байланысын шектеу, ал жаңалық тарататын ұйымдар мен заңға бағынатын қолданушылардың өз дүниелерін жариялауына кедергі жасамау қиындық туғызып отыр» деп жазады Washington Post. Оның үстіне, сөз бостандығын қорғаушылар көптеген суреттері мен видеороликтері жан шошырлық болса да, ИМ хабарламалары тәрізді көптеген жарияланымдарды фактологиялық жазбалардың бір бөлігі деп санау керек дейді.

Мақалада Google компаниясының Charlie Hebdo сатиралық журналының редакциясына жасалған шабуылдың видеосын YouTube бетінде қалдыру қажет пе, жоқ па деген ұзаққа созылған пікірталастан соң оны қалдыру туралы шешім қабылданғанын мысалға келтірген. Олар видеоның мазмұны жаңалық саналады және тарихи жазбаның бір бөлігі деп шешкен. Ал Францияда биліктің сұрауы бойынша видеороликті YouTube арнасынан алып тастаған.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG