Accessibility links

Ресей ұшырған зымыранды "Ким Чен Ынға ескерту" деп атайды


Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы шекаралық бекетте жүрген әскери қызметкер. Туманган, 18 шілде 2014 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстанда орналасқан полигондағы жаттығу нысанасына дәл тиген ресейлік баллистикалық зымыранды сынақтан өткізуге қатысты комментарийлер жазған. Солтүстік Кореяның төңірегіндегі дағдарысқа байланысты Батыс басылымдары совет өкіметінің Қазақстанда жасаған жойқын ядролық сынақтарын еске алған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НЫСАНАҒА ТИГЕН ЗЫМЫРАН

Ұлыбританиялық Daily Star таблоиды "Сыры жұмбақ видеороликте Ресейдің үстіндегі беймәлім "портал" ашылған тұста бөгде ғаламшарлықтар жаулап алуы мүмкін деген қауіп айтылып жатыр" деген мақаласында әлеуметтік желілердің көбінде, әсіресе Қазақстанда көп комментарий жариялаған 27 қырүйекке қараған түнгі құбылыс жайлы жазған. "Аспанда ұшып жүрген жарықты көрсеткен видеороликтер мен суреттер интернетте қаптап кетіп, жұртты ойландырып тастады. Сосын ол бір орында айналатын объектіге айналып, кейін ғайып болған сияқты" деп жазады Daily Star.

Әңгіме Ресейдің Астрахань облысындағы полигоннан "Тополь" құрлықаралық баллистикалық зымыранын ұшырғаны жайлы болып отыр. Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, зымыранның жаттығу бөлігі Қазақстандағы "шартты нысанаға дәл тиген". Зымыранды ұшыруға қатысты Қазақстандағы әлеуметтік желілердегі пікірлер мен Қазақстан даласындағы әскери полигондарын Ресей әлі жалға алып отырғанына наразылық білдірген комментарийлер жайлы Азаттық бұған дейін жазған болатын.

Ресей ұшырған баллистикалық зымыран. Youtube желісіндегі видеодан скриншот.
Ресей ұшырған баллистикалық зымыран. Youtube желісіндегі видеодан скриншот.

"Путин үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі төніп тұр деп жатқанда Ресей алып оқтұмсығы бар баллистикалық зымыранын ұшырды" деген мақаласында Ресей зымыранына қатысты Ұлыбританияның Express.co.uk таблоиды да комментарий жазған. "Тополь" РС-12М зымыраны Қазақстандағы нысанаға дәл тиді, ал Солтүстік Кореяның озбыр басшысы Ким Чен Ынмен арадағы шиеленіс өршіп кетуі ықтимал. […] Бұл Ким Чен Ынға жасалған ескерту болуы мүмкін, өйткені оның жандайшаптары [АҚШ] президенті Дональд Трампты Солтүстік Кореяға соғыс жариялады деп айыптаған күннің ертеңінде зымыран сынағын өткізді" деп жазған Express.co.uk.

"Ким мен президент Трамп түбектегі жанжалға бүкіл әлемді ұрындыруы ықтимал деген қауіптер айтылып жатқан тұста Ресей де, Қытай да сабырлылыққа шақырды. Өткен аптада Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ та, Пхеньян да ядролық соққы бастамайды деп мәлімдеді. […] Кеше кешкісін Ақ үй әлемнен оқшауланып алған корольдіктің айыптарын "сандырақ" ретінде сипаттап, Солтүстік Кореяға АҚШ соғыс жариялағанын терістеуге мәжбүр болды" делінген мақалада.

Атырау аспанында көрінген ресейлік зымыран:

Австралиялық Herald Sun газеті "Ресей зымыранын ұшырып, Путин әскери күш-қуатын көрсетіп жатыр" деген мақаласында ядролық қарусыздану жөніндегі сарапшы Джон Нолламның пікірін келтірген. Ол "Ресейдің зымыран ұшырғанын әлем жұрты елемеген сияқты, бірақ Солтүстік Корея ұшырған кезде мүлде басқаша реакция танытты" дейді. Джон Нолламның мәлімдеуінше, егер әлем Пхеньянның зымыранына да Мәскеудің зымыраны тәрізді реакция танытса, Корея түбегіндегі шиеленіс қызуы бірден бәсеңдер еді. Ал АҚШ пен Батыс елдерінің пікірі өзгеше, олар Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын заңсыз, Солтүстік Кореяның өз халқы жаппай жоқшылық жайлап жатқан тұста әлемдегі жағдайды ушықтыруды көздейтін әрекет деп санайды. Бұған қоса, Herald Sun газеті Ресей өз шекарасында Солтүстік Кореямен бірлесіп аса ауқымды әскери жаттығу өткізгенін және Ресей мен Беларусьтің бірлескен әскери жаттығуын еске салады.

Айтпақшы, екі елдің "Батыс-2017" деген амбициялық атаумен өткен бірлескен жаттығуына Украина мен Батыстың көп елдері алаңдаушылық білдірген болатын. Украина қарулы күштері бас штабының бастығы Виктор Муженко Мәскеудің мойындамағанына қарамастан, бірлескен әскери жаттығу аяқталғаннан кейін Ресей әскерінің бір бөлігін Беларусь территориясында қалдырып кетті деп мәлімдеген. Жұма күні Reuters агенттігіне берген сұхбатында Муженко Украинаның қолында Ресей Белоруссиядағы жаттығуға қатысқан үш мың әскерінің шағын бөлігін ғана әкеткенін дәлелдейтін деректер бар деген еді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЯДРОЛЫҚ ЖАРЫЛЫСТАР

Ұлыбританияның Daily Star газеті "Термоядролық бомба [құпиясы] ашылды: Хиросимадан 20 есе қуатты жарылыстың бұрын-соңды жарияланбаған суреттері" деген мақаласында Семей полигонындағы советтің термоядролық бомбалары сынақтарының тарихи суреттерін жариялады. Батыс баспасөзінде мұндай мақалалар екі аптадан бері жарияланып жатыр. Солтүстік Кореяның АҚШ-қа қарсы соғыс ашамыз деген сесі мен Пхеньян ядролық соққы беруі мүмкін деген қауіп тұсында Батыстың кей бұқаралық ақпарат құралдары ядролық бомба жарылған жағдайда не болады деген сұраққа жауап іздейтіндей. Ал оның жауабын советтік Қазақстанда аса құпия жағдайда өткен оқиғалардан тауып жатыр.

Алғашқы советтік ядролық жарылыс. Семей полигоны, 29 тамыз 1949 жыл.
Алғашқы советтік ядролық жарылыс. Семей полигоны, 29 тамыз 1949 жыл.

Daily Star газетінің мақаласында "Егер Солтүстік Корея термоядролық бомба тастаса не болатынын советтің ядролық сынағы кезінде әуеге көтерілген саңырауқұлақ пішінді алып бұлттың жан түршігерлік картинадан көруге болады" делінген. Семей полигонында 1945 жылы АҚШ әскерилері Хиросимаға тастаған бомбадан 20 есе қуатты термоядролық бомбалар жарған. Қазақстанда советтің ядролық сынақтарының зардаптары әлі бар. Советтің атом сынақтарынан Ресейдің Шығыс Қазақстанмен шектесетін кей облыстары да зардап шеккен.

Советтің ядролық сынақтарының жуырда пайда болған сирек суреттеріне "Бүкіл әлем Солтүстік Кореяның келесі қадамына көз тігіп отыр, ал адам шошитын суреттер 1950 жылдардағы советтік атом бомбасы сынақтарын көрсетеді" деген мақаласында Ұлыбританияның Mirror газеті де комментарий жазған. "Әлгі суреттер әсіресе ядролық қаруы бар Солтүстік Корея мен Дональд Трамп арасындағы күшейіп бара жатқан шиеленіс кезінде қорқынышты көрінеді" делінген мақалада.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФИЛЬМДІ ОСКАРҒА ҰСЫНДЫ

Америкалық Holiwood Reporter журналында "Қазақстан "Анаға апарар жолды" шет тіліндегі [фильмдер] категориясы бойынша Оскар сыйлығына ұсынды" деген мақала шықты. Режиссер Ақан Сатаевтың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия продюсерлік еткен тарихи драмасын Оскар сыйлығына ұсыну туралы шешім жыл сайынғы "Тұлпар" қазақстандық кинофестивалі кезінде жарияланған.

"Қазақ отбасының бірнеше ұрпағының 1930 жылдардан бастап қазірге дейінгі тағдырын қамтыған фильмде Қазақстан тарихындағы ең маңызды оқиғаларды көрсеткен" деп жазады Holiwood Reporter.

Фильм бюджетінің нақты сомасы белгісіз, бірақ режиссер Ақан Сатаев "мемлекет қаржылай қолдамаса, Қазақстанда мұндай тарихи туынды түсіру мүмкін емес" деп айтқан.

AzattyqTV

Мал шығынының себебі белгісіз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00
XS
SM
MD
LG