Accessibility links

Назарбаевқа «шынайы шағымға жауап беруді» ұсынады


Жер реформасына қарсы жаппай шеруге қатысушылар биліктің атына жазылған наразылық хатына қол қойып жатыр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Жер реформасына қарсы жаппай шеруге қатысушылар биліктің атына жазылған наразылық хатына қол қойып жатыр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстанға модернизация жүргізу қажет екенін айтады. Павлодар өңіріндегі бір ауылдағы ұлттық қолөнерді жаңғырту жобасы шетелдік басылымды тәнті еткен.

Ұлыбританияның Financial Times газеті «Қазақстан басшысы шынайы шағымдарға жауап қайтаруы тиіс» деген мақалада Нұрсұлтан Назарбаев елді басқарып келген 25 жылда қазақстандықтарға «демократияны шектеп, есесіне тұрақтылық пен материалдық молшылық» ұсынғаны туралы жазады. Өткен аптада Ақтөбеде болған қарулы шабуылдар мен жер реформасына қарсы бейбіт шерулерден кейін бұл уәде бұзылатын сыңайлы.

Financial Times газетінің жазуынша, жуырдағы наразылық толқулары мен Ақтөбедегі оқиғалар арасында «айқын байланыс» жоқ. Бірақ мақала авторлары Ақтөбедегі оқиғадан кейін айтқан сөзінде «шетелдік күштер елге зиян келтіргісі келеді» деп мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаевтың «наразылық астарында жатқан шынайы шағымдарды байқамауы – қауіпті» екенін жазады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жер реформасына мораторий жариялап отырған сәті телеэкраннан түсірілген сурет. Алматы, 6 мамыр 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жер реформасына мораторий жариялап отырған сәті телеэкраннан түсірілген сурет. Алматы, 6 мамыр 2016 жыл.

«Азаматтардың шағымдарына жауап беру Қазақстан басшысы үшін ең дұрыс амалға айналуы мүмкін. Бірақ Ресей мен өзге постсоветтік елдердегі сияқты [Қазақстанның] алдында да дилемма тұр. Ішінара саяси либералды қадамға бармай экономиканы жаңғырту қиын» деп жазады Financial Times.

ҚИЫНДЫҚТАН КИІЗ ҚҰТҚАРҒАН АУЫЛ

Американың National Geographic журналында жарияланған «Заршығанақ ауылының киізші қазақ әйелдері» деген мақалада Совет одағы ыдырап, күнкөріс қиындағаннан кейінгі заманда Павлодар облысындағы шағын ауыл әйелдерінің тиімді бизнесті қалай бастағаны баяндалған. «Экономикалық қиындықтар мен Совет одағының жоспарлы экономикасының күйреуі Заршығанақ тұрғындарын қыспақта қалдырды, бірақ нарықтық қатынастар толқыны олардың жағалауына да жайлап жетті. [Ауыл тұрғыны Қалимаш Баймұханова] мен оның көршілері үй жанындағы учаскелерінде көкөніс өсіріп, қоралы қой мен ірі қара бағып, тіршілік үшін күреске көшті. Өзге нәрсе сатып алуға олардың ақшасы болмады» деп жазады National Geographic.

«Асар» шағын ауданындағы Наурыз мейрамы. 25 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
«Асар» шағын ауданындағы Наурыз мейрамы. 25 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

1990 жылдардың аяғында Заршығанақ ауылына павлодарлық бизнесмен Арман Сұлтанбек барған. Оның еті тірі азаматтарға үйден шықпай-ақ кәсіп ашуға болатыны жайлы өткізген семинары Қалимаштың өміріне өзгеріс әкелді. Ол ауыл әйелдеріне қой жүнінен киіз басып, одан сырмақ, текемет тәрізді түрлі бұйымдар жасап, сатуға болатынын ұқты. Бұрын киізбен жұмыс істеп көрмеген Қалимаш жергілікті әйелдерге киіз ісінің қыр-сырын үйрету үшін Оңтүстік Қазақстаннан бірнеше шебер шақырған.

«2002 жылы ауылда олардың алғашқы киіз басу сабақтары немесе жазғы лагері өтті. Ауыл әйелдері 10 күн бойы жүннен текемет басуды, киізден аяқ киім мен қалпақ жасауды үйренді. Олар күнделікті проблемаларын ұмытып, жұмыстың қызығына берілді. Дымқыл жүннің иісі ата-бабаларын еске түсірді. Әуелде бұл бастамадан бірдеңе шығарына сенбеген күйеулері де үстел құрастырып, жүн жинауға көмектесіп жұмысқа араласқан, ал біреуі тіпті таңғы дене жаттығуларын өткізіп тұрған» деп жазады National Geographic.

Біраз тәжірибе жинап, төселгеннен кейін әйелдер киізден көптеген бұйымдар жасап, Қалимаш оларды Павлодардың базарына апарып сатқан. Жұрт әлгі бұйымдардан түк қалдырмай сатып алып кеткен. Бұл бастаманы қолдайтын демеуші тауып, әйелдерді әрі қарай үйрету және тапқан ақшаның бір бөлігін даму жобаларына жұмсау үшін Қалимаш қоғамдық бірлестік құрған. Бірлестікті «ұзақ қыстың құрсауынан босаған далада жандана бастаған тіршіліктің алғашқы жаршысы - бәйшешек гүліне» ұқсатып «Жауқазын» деп атаған.

СОЛТҮСТІК КОРЕЯЛЫҚ БОСҚЫН ТАҒДЫРЫ

Ағылшын тілінде шығатын Moscow Times ресейлік газетінің хабарлауынша, мақалада «Ким» деп аталған Солтүстік Корея азаматына Ресей ақыр соңында баспана берген. Ол Қытайдан қашқан кезде Қазақстанға тап бола жаздаған.

Мақала авторлары Кимнің тағдырын «тар жол, тайғақ кешу» деп атаған. Ол Солтүстік Кореядан қашуға алғаш рет 1997 жылы – жасөспірім шағында талаптанып көрген. Қытайда 10 жылдан аса жұмыс істеп, кейін бағын Ресейде сынап көруге бел буған. Бірақ қырсық шалғанда, Кимнің қолындағы ескірген карта болып шығады да, ол Қазақстанмен арадағы шекараға тап болған, Қытай билігі оны ұстап алып Солтүстік Кореяға қайта депортациялаған. Ол жақта 10 жылға мәжбүрлі еңбек ету жазасына кескен.

Ақыры еңбек лагерінен қашудың сәті түсіп, Ким қайтадан Қытайға өтіп, кейін Ресейге жетуге тағы талаптанған. Тек төртінші мәрте құжат өткізгеннен кейін ғана Ресей оған бір жылға уақытша баспана берген.

XS
SM
MD
LG