Accessibility links

Мүгедек шебер Facebook арқылы әлемге танылды


Жеңісгүл Дәулетова. Алматы облысы Іле ауданы Жәпек батыр ауылы, 5 сәуір 2014 жыл.
Жеңісгүл Дәулетова. Алматы облысы Іле ауданы Жәпек батыр ауылы, 5 сәуір 2014 жыл.

16 жасында мүгедек болып қалған қазақ қыз қазір бір үйлі жанды өнерімен асырап отыр. Ол Франция, Канада, Австралия, Түркия, Ресейде де клиенттері бар екенін айтады.

Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жәпек батыр ауылында тұратын мүмкіндігі шектеулі Жеңісгүл Дәулетова ою ойып, тоқыма тоқуды кәсіп қылады. Біз Алматыдан он шақты шақырым жердегі ауылға барғанымызда 27 жастағы шебер шәкірттерімен бірге отыр екен.

Жеңісгүл Дәулетова қолөнерді 92 жастағы әжесінен үйренгенін айтады.

«Әжем киіз үйдің бүкіл жабдықтарын өз қолымен тігіп, тоқып шығатын. Әжемнің өнері маған дарыған шығар. Ақыл айтып, жанымда отырып үйретті. Әркімнің өзінің қолтаңбасы болады. Менде де әжеме ұқсамайтын қолтаңбалар бар. Әжем онымды көріп риза болады» дейді ол.

Шебер қандай бұйымға қандай ою-өрнек салатынын, оларды қандай материалдардан тігетінін Азатық тілшісіне көрсетіп шықты.

«Оюларын жеке ойып, содан соң матаға тігемін. Сонда қос тігіс шығады. Тапсырысқа көбіне өте қымбат матадан тігемін, қытай материалдарын пайдаланбаймын. Бірақ қажетті матаны табу қиындау» дейді ол.

ТӨСЕККЕ ТАҢЫЛСА ДА, ДИПЛОМ АЛУ

1987 жылы дүниеге келген Жеңісгүл Дәулетова 16 жасында апатқа ұшырап, 11 жылдан бері мүгедектер арбасында отыр. Қайғылы оқиғаның қалай болғанын анасы айтып берді.

«Бір-екі мал алған едік. Соны есік алдында қарап жүріп, жаңбыр жауып кеткен соң тележканың астын паналаған. Сол кезде доңғалағы құлап, екі бүктеп басыпқапты. 10-сыныпты бітірген жылы болатын. Ауруханада екі ай, төсекте сегіз ай жатты» дейді анасы.
Жеңісгүл Дәулетова (сол жақтан екінші) қолөнер үйретіп отыр. Алматы облысы Жәпек батыр ауылы, 5 сәуір 2014 жыл.
Жеңісгүл Дәулетова (сол жақтан екінші) қолөнер үйретіп отыр. Алматы облысы Жәпек батыр ауылы, 5 сәуір 2014 жыл.


Жеңісгүл төсектен тұра алмай жатса да, қатарластарынан қалмай 11-сыныпты аяқтап, одан соң «Тұран» университетін «экономист-бухгалтер» мамандығы бойынша сырттай оқып бітіріпті.

Әкесі де, шешесі де дімкәс денсаулықтарына байланысты жұмыссыз отырған соң қолғабыс қылғысы келген Жеңіскүл отбасын асырау үшін қолөнерлік машығын кәдеге жаратуды жөн көрген. Facebook әлеуметтік желісінде тіркелген Жеңісгүл Дәулетова өзі тіккен бұйымдарын алушылардың сол желі арқылы хабарласатынын айтады.

«Франция, Канада, Австралия, Түркия, Ресейден шетелдіктер көп тапсырыс береді де, кейін Қазақстанға келгендерінде ол бұйымдарды алып кетеді. Солар үшін былтыр үш ай Алматыда тұрдым. Шетелдік қонақтар көбіне қошқар мүйіз ою-өрнекті бұйымдарды алады. Ал қазақтар қыздың жасауына, кейде кейінгі кездері сәнге айналып келе жатқан бір бөлменің ішін қазақ ою өрнегімен жасауға тапсырыс береді» дейді шебер.

«КЕЛІНШЕКТЕРГЕ ҚОЛӨНЕРДІ ҮЙРЕТІП ЖҮРМІН»

Қолөнерді кәсіп еткен Жеңісгүл Дәулетова қазір өзі білетінін басқаларға да үйретіп жүр. Ол төрт-бес адамға ою оюды, тоқыма тоқуды үйретіп жатқанын, өзінен сабақ алуға ынталы тағы біраз адам бар екенін айтады.

«Үйде баламен отырған келіншектерді құр отырғанша үйренсін деп оқытып жатырмын. Әр жексенбі күні үйлеріне барып, алты сағат бірге отырамыз. Көбікеле алмайды, сосын өзім таксимен барып үйретемін» дейді ол.
Шебер Жеңісгүл Дәулетова (оң жақта). Алматы облысы Жәпек батыр ауылы, 5 сәуір 2014 жыл.
Шебер Жеңісгүл Дәулетова (оң жақта). Алматы облысы Жәпек батыр ауылы, 5 сәуір 2014 жыл.

Жақында шебер мүгедектерді жұмыспен қамту орталығы арқылы Алматы облысы Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентіндегі «Прогресс» колледжімен келісім-шартқа отырып, студенттерге дәріс бере бастады.

«Жалақысы аз. Бірақ мен үшін ең бастысы – білгенімді өзгелерге үйрету» дейді ол.

Сән үйін ашқысы келетін Жеңісгүл ондай ірі жобаны жүзеге асыруға қаражат тапшы екенін айтып мұңаяды. Бірақ ең үлкен арманы – «таяғын тастап, отбасын құру».

Қазақстанда Жеңісгүл Дәулетова тәрізді мүмкіндігі шектеулі адамдарды еңбекпен қамту мақсатында 2005 жылы «Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» заң қабылданған. Ол заң бойынша, жергілікті билік орындары мүгедектерге кәсіптік білім беру курстарын ұйымдастырулары керек, мекемелер жұмыс орындарының 3 пайызын осындай азаматтарға бөлуі тиіс.

Қазақстан статистика агенттігінің мәліметінше, елде 500 мыңнан астам (халықтың 3,5 пайызы) мүмкіндігі шектеулі адам бар.
Қолөнерші Жеңісгүл Дәуітова
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:35 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG