Accessibility links

Николас Кейдждің Астанаға сапары сынға қалды


Шапан киген Голливуд жұлдызы Николас Кейдж. (Facebook әлеуметтік желісіндегі суреттен скриншот.)
Шапан киген Голливуд жұлдызы Николас Кейдж. (Facebook әлеуметтік желісіндегі суреттен скриншот.)

Халықаралық баспасөзде осы аптада Голливуд жұлдызы Николас Кейджді Астанада өткен "Еуразия" кинофестиваліне барғаны үшін сынаған. Сын легі Қазақстанның өзінде - әлеуметтік желілерде бастау алған.

НИКОЛАС КЕЙДЖДІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА САПАРЫ

Америкалық Foreign Policy журналының "Құқық қорғау ұйымдары Қазақстанға сапары үшін Ник Кейджбен араз" деген мақаласында Голливудтың танымал актері Николас Кейдждің жұма күні кешкісін аяқталған "Еуразия" кинофестиваліне барғаны туралы жазған.

Актердің қазақтың ұлттық шапанын киіп, "Еуразия" кинофестивалі аясында алғаш өткен "Бес құрлық" балалар киносы фестивалінің ашылу салтанатында түскен фотосуреті әлеуметтік желілерде әжуаға ұласқаны жайлы Азаттық ертеректе жазған болатын. Бірақ Батыстың кей басылымдары Кейдждің жанындағы Қазақстанның халық артисі Айман Мұсақожаеваны Қазақстан президентінің жұбайы Сара Назарбаева деп жаңылысқан. Мысалы, америкалық Time журналы "Николас Кейдждің күшті әсер туғызған бет-әлпеті оның мем карьерасын тағы ұзартты" деген мақаласында және австралиялық Herald Sun газеті "Қазақстанда жүрген Николас Кейдждің түрі аянышты" деген мақаласында осылай жаңылысқан.

Foreign Policy журналы Николас Кейджді Қазақстанға сапары үшін сынаған. "Кейдждің жоғары дәрежелі сапарына елдегі бүкіл ақпарат құралдары тақырып арнап, мемдері (актердің қазақтың ұлттық шапанын киген бейнесі бар) бүкіл әлемге тарады. Бірақ мұны күлкі деп санамайтындар да бар. Құқық қорғау ұйымы бақылаушылары актер бірқатар ерсі фотосуретке түсіп әрі "үкіметі өктемшіл елдің баспасөзінде жағымды пікірлер тарауына түрткі болғанын" байқаған деп жазады америкалық журнал.

Америкалық актер Николас Кейдж.
Америкалық актер Николас Кейдж.

Мысалы, мақала авторлары "[Кейдждің] керемет пікірлері қазақстандық диктаторлар үшін ұзақ күткен пиар болды, ал оның фотосуреттері режимнің халықаралық сахнада көбірек танылуына көмектесті" деп мәлімдеген Human Rights Foundation құқық қорғау ұйымы президенті Тор Халворссеннің сөздерін келтірген.

Foreign Policy журналының жазуынша, Николас Кейдж - постсоветтік елдердегі автократиялық билікпен жақын араласқаны үшін сынға іліккен алғашқы Голливуд жұлдызы емес. Авторлар Жан-Клод Ван Дамм, Сил және Хилари Шешенстан президенті Рамзан Қадыровпен аралас-құралас екенін, актер Стивен Сигал Ресей азаматтығын алғанын және Голливудтың өзге жұлдыздары - Қазақстанға Николас Кейджбен бірге Эдриен Броуди мен Джон Малкович те барғанын еске салады.

Жұлдыздар адам құқығы үшін күресте, әсіресе шығармашылық еркіндігі айрықша қатердегі Қазақстан тәрізді жерлерде басты рөль ойнауы тиіс.

Тор Халворссеннің мәлімдемесі мен Human Rights Foundation ұйымының бас стратегінің "жұлдыздар адам құқығы үшін күресте, әсіресе шығармашылық еркіндігі айрықша қатердегі Қазақстан тәрізді жерлерде басты рөль ойнауы тиіс. Мұның орнына Николас Кейдж сияқты белгілі модельдердің диктаторлар жағында екенін көру қатты түңілдірді және Голливуд жұлдыздары үшін адам құқығы маңызды емес екенін білдіретін белгі болды" деген сөзіне "Қазақстанға барғаны үшін Николас Кейдж құқық қорғау ұйымдарының сынына қалды: "оны масқаралау керек" деген мақаласында америкалық Fox News телеарнасының сайты да сілтеме жасаған.

Николас Кейджді америкалық Eonline.com сайты да мысқылдаған. "Николас Кейдждің Қазақстанда түскен әлгі фотосуреті – ұлтымыздың жаңа қазынасы" деген мақалада актердің "Ұлт қазынасы" блокбастеріндегі рөліне сілтеме жасап, "Бен Гейтс табылмаған алтынды тағы іздеп жүрген шығар, бірақ ол бізге тым болмаса ұлтымыздың жаңа қазынасын қалдырды" деп жазған.

"Еуразия" кинофестивалінде гран-при жүлдесін режиссер Сәбит Құрманбаев Азаттық сайты мақаласы негізінде түсірген "Оралман" көркем фильмі алды.

КАНАДАДА ТҰРАТЫН ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ

Канадалық Кelownacapnews.com сайтындағы “Бизнес иесі эвакуацияланғандарға жәрдемдесе бастады” деген мақалада Канадаға эмиграцияға кеткен Қазақстан тумасы Любовь Омашеваның қайырымдылық бастамасы жайлы хабарлайды. Ертеректе инженер болып жұмыс істеген әйел зейнет демалысына шыққаннан кейін алдыңғы маусымдардан қалған киім-кешекті арзан бағамен сататын киім дүкенін ашқан.

Любовь Омашева тамыздың 20-сы мен 24-і аралығында сатылатын әр киімнен түскен ақшаның екі долларын орман өрттерінен зардап шеккендерге арналған "Қызыл крест" көмек қорына аударуды жоспарлайды. Бұған қоса, әйел журналистерге өзі барып жүрген шіркеу мен Қазақстанда тұратынбірнеше отбасыға әлі күнге дейін материалдық көмек көрсетіп тұратынын айтып берген.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ДАҒДАРЫСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ

Америкалық Washington Post газеті 2010 жылғы оқиғаларды талдаған"Климаттық дағдарыс бір түнде азық-түлік дағдарысына қалай айналуы мүмкін" деген мақаласында 2010 жылы елдегі астықтың үштен бір бөлігінен айырылуға ұласқан Ресейдегі құрғақшылық пен алты айдан кейін басталған "Араб көктемін" байланыстырады.

"Әлгі [оқиғалардың] екеуі де бір-бірімен байланысты: азық-түлік жағынан әлемдегі ең қауіпсіз аймақтар - Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка – Қара теңіз аймағынан, әсіресе әлемдегі ең ірі астық экспорттаушы елдердің бірі - Ресейден дәнді дақылдарды импорттауға тәуелді болып отыр. [Ішкі нарықты қорғау үшін Ресей экспортқа сол кезде тыйым салғаннан кейін] осы екі аймақта нанның бағасы шарықтап кеткен болатын. Араб көктемі деп аталған саяси тұрақсыздыққа көптеген факторлар әсер еткенімен, азық-түліктің қымбаттауы либерал емес режимдерді құлатуға тырысқан әрі кейбірі сәтті, ал кейбірі күшпен басып-жаншылған әрекеттерге ұласқан халық наразылығын тудырды" делінген мақалада.

Сирияның Ракка қаласы маңындағы босқындар лагерінде нан жеп тұрған бала. 11 мамыр 2017 жыл.
Сирияның Ракка қаласы маңындағы босқындар лагерінде нан жеп тұрған бала. 11 мамыр 2017 жыл.

Бұдан кейін Washington Post дәнді дақылдар импорттаудың әлемдік маршруттары мен климаттың ғаламдық өзгеруінен төнетін ықтимал қатерлерді талдаған. Егер Бразилияда нөсер жауын, АҚШ-та су тасқыны, ал Ресейде құрғақшылық бір мезгілде басталатын болса, әлемде "азық-түліктің жахандық тапшылығы, бүліктер легі мен саяси тұрақсыздық, импортқа тым тәуелді аймақтарда ашаршылық басталып, өзге жерлерде экономика құлдырайды". Мұндай сценарийдің алдын алу үшін халықаралық сарапшылар қазіргі энергия нарығындағы сияқты бірлескен халықаралық стратегия жасауды әрі мұны қазірден – "төтенше ауа райы жиі құбылысқа айналғанға дейін" бастауды ұсынып отыр.

Washington Post газетінің мақаласында негізгі теңіз жолдары бар аймақтардағы тұрақтылық та маңызды деп жазылған. Мысалы, Ресей, Украина және Қазақстанда өндірілген бидайдың 77 пайызы Қара теңізді әлемдік нарық көздерімен байланыстыратын Түркиядағы бұғаз арқылы тасымалданады.

XS
SM
MD
LG