Accessibility links

Ресейдегі азық-түлікті жоюды баспасөз сынға алды


Тыйым салынған азық-түлік салынған қораптарды таптап жүрген бульдозер. Белгород, Ресей, 6 тамыз 2015 жыл.
Тыйым салынған азық-түлік салынған қораптарды таптап жүрген бульдозер. Белгород, Ресей, 6 тамыз 2015 жыл.

Батыс және ресейлік басылымдардың көбі Ресейде санкциялық азық-түлікті жоюды айыптаған мақалалар жазып жатыр. Ресей билігі оларды қайырымдылық мекемелерге беру мүмкін еместігін айтады.

Ресей билігінің осы аптада 350 тонна азық-түлікті жоюы «тұрғындарының кейбірі әрең күнелтіп отырған әрі азық-түлік тапшылығы деген не екенін әлі ұмыта қоймаған» ресейліктердің ашу-ызасын тудырды деп жазады USAToday сайты.

Ұлыбританияның Guardian газеті тонналаған шошқа етін қоқыс өртейтін контейнерлерге тастап, ірімшікті бульдозермен таптап, ал тұтас бір алма бағының өнімін шұңқырға көміп жатқан суреттерді жариялап, Ресейдегі санкция салынған азық-түлікпен күресті драмаға теңеген.

«Осыдан жиырма жыл бұрын ғана азық-түлік алу үшін кезекке тұру әдеттегі құбылыс саналған елде жұрттың ысырапшылдыққа деген терең жиіркеніш сезімі сақталған. Сондықтан әлгіндей азық-түлікті зейнеткерлер сияқты мұқтаж жандарға таратып беруге шақырған үндеуге 300 мыңнан аса адам қол қойған» деп жазады Guardian.

Американың Wall Street Journal басылымы «Ресей санкцияның бір жылдығын ірімшікті бульдозермен таптап атап өтті» деген мақаласында батыс өнімдеріне қарсы бұл акцияны «ұлтшылдықтың аспаздық көрінісі», ал батыс өнімдеріне қарсы былтыр енгізілген эмбаргоны «Вашингтон мен оның одақтастары Ресейге қарсы санкция енгізгеннен кейін Мәскеудің Батыс елдеріне көрсеткен қыры» деп атаған.

Ресейде азық-түлікті өртеуге қарсылық білдіретін жазуы бар плакат. Санкт-Петербург, 8 тамыз 2015 жыл.
Ресейде азық-түлікті өртеуге қарсылық білдіретін жазуы бар плакат. Санкт-Петербург, 8 тамыз 2015 жыл.

Басылым Кремль азық-түлік эмбаргосын елдегі ауыл шаруашылығын дамытып, жергілікті өнімдерге сұранысты арттыруға көмектеседі деген уәжбен түсіндіретінін жазған. Бірақ «биыл жыл басынан бері азық-түлік бағасы 21 пайызға өскеннен кейін кейбір саясаткерлер еуропалық тауарларды мұқтаж жандарға таратып беруге шақырған, ал коммунистік партия жетекшісі Геннадий Зюганов санкциялық өнімдерді тіпті шығыс Украинаға жөнелтуді ұсынған».

Бірақ Ресей ауыл шаруашылығы министрі Александр Ткачев «азық-түлік сапасына ешкім кепілдік бере алмайды» деген уәжбен мұның мүмкін еместігін және контрабандалық жолмен келген тауарлар «халықаралық тәжірибеге сай жойылатынын мәлімдеген» деп жазады Wall Street Journal.

Reuters агенттігі «азық-түлік крематорийі» идеясы Кремльдің кейбір жақтастарын да шошытқанын, ал православие қызметкерлерінің бірі бейсенбіде басталған бұл науқанды тіпті «ессіздік пен үлкен күнә» деп атағанын жазған.

Азық-түлікті жоюға қарсылық акциясында тұрған адам. Санкт-Петербург, 8 тамыз 2015 жыл.
Азық-түлікті жоюға қарсылық акциясында тұрған адам. Санкт-Петербург, 8 тамыз 2015 жыл.

Әзірше 2016 жылдың тамызына дейін енгізілген азық-түлік эмбаргосына АҚШ, Еуропа Одағы, Канада, Австралия және Норвегиядан импортталатын көптеген азық-түлік өнімдері іліккен. Бірақ Reuters «коррупция жайлаған» Ресейде «жемқор шенеуніктердің пайдаға кенеліп, тойлауына тосқауыл қою үшін азық-түлікті жою туралы жаңа заң жеткіліксіз» деп жазады.

Азық-түлік импортына тыйым салынғанына қарамастан, азық-түлік өнімдерінің елеулі партиясы түрлі маршруттармен, мысалы Беларусь арқылы және жалған сертификаттармен дүкен сөрелеріне түсіп жатыр. Ресей билігі таратқан хабарларға қарағанда, жарлық күшіне енгеннен кейінгі екі күнде 350 тоннаға жуық санкциялық өнім жойылған, оның 312 тоннасы – өсімдік, ал 36 тоннасы – мал өнімдері.

Ресейдің «КоммерсантЪ» газеті азық-түлікті жою туралы мақалаларының бірін «Пармезан соғысы» деп атапты, ал «Торайлар хамонға қарсы» деген мақаласында супермаркеттерден батыс елдерінен контрабандалық жолмен әкелінген өнімдерді іздеу үшін «Ешь российское» жастар ұйымы еріктілері жүргізген рейдтерді сипаттаған. Басылым азық-түлікті жоймай, әлеуметтік мекемелерге жіберуді сұрап президент Владимир Путинге жолданған үндеулер мен Санкт-Петербург заң шығару органындағы «Яблоко» фракциясы депутаттарының сауалы және Change.org сайтындағы петиция туралы да жазған.

Владимир Путин Ресей эмбаргосына іліккен азық-түлік өнімдерін жою туралы жарлыққа 2015 жылдың 29 шілдесінде қол қойған. Ресейдегі дағдарыс кесірінен ресейліктердің көбі кедейлік шегіне жеткен тұста санкцияға іліккен өнімдерді тонналап жою Ресей қоғамында наразылыққа ұласқан.

XS
SM
MD
LG