Accessibility links

Қазақстанға аттанған Top Gear тобы Мәскеуден қайтты


Британдық танымал Top Gear телебағдарламасы жүргізушісі Джереми Кларксон Мәскеудегі түсірілім кезінде. 22 ақпан 2013 жыл.
Британдық танымал Top Gear телебағдарламасы жүргізушісі Джереми Кларксон Мәскеудегі түсірілім кезінде. 22 ақпан 2013 жыл.

Батыс баспасөзі Ұлыбританияның Top Gear танымал телехабары журналистерінің Қазақстанға жете алмай, жолдан кері қайтқанына назар аударған. Басылымдар Қазақстанның ірі мұнай компаниясы дивиденд төлемеуді ұйғарғанын да жазған.

ДИВИДЕНДСІЗ БАРЛАУ МЕН ӨНДІРУ

Ұлыбританияның Financial Times газетінің жазуынша, мұнай бағасы құлдыраған тұста түсімнен қағылмау үшін «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» (ҚМГ БӨ) компаниясы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша – 2006 жылдан бері [акциялары Лондон биржасында сатылымға шыққан жыл – ред.] алғаш рет дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдаған. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, тәуелсіз директорлар «қомақтырақ жылдық дивиденд» пен арнайы дивиденд төлеуге кеңес бергенімен, компания басқармасы бұл ұсынысты құптамаған.

Мақалада Қазақстандағы мұнай өндіруші үшінші ірі компания – ҚМГ БӨ былтырғы жылғы операцияларынан 316 миллион долларға шығынға батқанын хабарлады деп жазылған.

«Қазақстан экономикасының негізгі тұтқасы саналатын ҚМГ БӨ өз мүлкі мен қолма-қол ақшасына бақылау орнату үшін құрылтайшы компаниямен таласып жатыр, ал мұнайдың арзандауы екі компанияға да қиын тиген» деп жазады Financial Times басылымы.

Мақала авторларының түсіндіруінше, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы былтыр ҚМГ БӨ еншілес компаниясымен бекіткен келісімге кей сарапшылардың пікірінше, еншілес компанияның өкілеттігін қысқартатын әрі шағын акционерлерге де зияны тиюі мүмкін өзгерістер енгізуді ұсынған. Sberbank CIB сарапшыларына сілтеме жасалған мақалада құрылтайшы компания «өз директорларын акционерлердің талап-арыздарынан осылай қорғағысы келеді» деп жазылған.

УКРАИНА ҚАЗАҚСТАННАН УРАН АЛМАЙТЫН БОЛДЫ

Австралияның Bull сайтының жазуынша, сәуірдің 1-і күні Австралияның сыртқы істер министрі Джули Бишоп Украинаға уран экспорттау жайлы екі жақты келісімге қол қойылғанын жариялаған. «Бұл қадам Киевтің іргедегі дұшпаны – Ресейге энергетика саласындағы дәстүрлі тәуелділігін азайтуға көмектесуі мүмкін» деп жазады сайт. Австралиядан көмір сатып алу ниетін ертеректе Украина да мәлімдеген.

Австралияның Рейнджер уран кенішіндегі жүк көлігі.
Австралияның Рейнджер уран кенішіндегі жүк көлігі.

Bull сайты Джули Бишоптың «Бұл келісім Украинаның энергия тасымалдаушыларды сату саласын әртараптандыруына мүмкіндік береді. Украинаға баратын бүкіл экспорт халықаралық қауіпсіздік стандарттарын орындауы тиіс әрі Австралияның ядролық материалын тек бейбіт мақсатта ғана пайдалануды қамтамасыз ету үшін қатаң қадағаланатын болады» деген мәлімдемесін келтірген. Бұған қоса, бұл келісім Украина мен Австралияның күзет, қауіпсіздік және ғылым сияқты ядролық саладағы өзге қарым-қатынастарын дамытуға да көмектеседі.

2014 жылдың шілдесінде Украинаның шығысында Австралияның 38 азаматы мен тұрғынын қоса алғанда, 298 адам мерт болған Malaysia Airlines MH17 ұшағы апатынан кейін Украина-Австралия қарым-қатынасы нығая түскен. Қазақстан мен Канададан кейін әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел саналатын Австралия 43 мемлекет пен территорияға уран экспорттайды. Былтыр Австралия ядролық қаруды таратпау конвенциясына кірмейтін Үндістанға уран сату жөніндегі әйгілі келісімге қол қойған.

TOP GEAR ҚАЗАҚСТАНҒА ЖЕТЕ АЛМАДЫ

Ал Мальтаның Times of Malta газеті «әуе компаниялары арасындағы даудың кесірінен» Ұлыбританияның Top Gear деген әйгілі телебағдарламасы тобы Қазақстанға сапарынан бас тартуға мәжбүр болғанын хабарлайды. Басылымның хабарлауынша, бағдарлама жүргізушілері мен Top Gear тобының 40 мүшесі фильм түсіру үшін Қазақстанға ұшып шыққан, бірақ «Мәскеуден ары ұша алмаған». Top Gear - автомобильдердің, тіпті тракторлардың жаңа әрі танымал маркаларына мониторинг жүргізіп, экстремалды жағдайда сынақтан өткізетін бағдарлама.

Британдық танымал Top Gear телебағдарламасының жүргізушісі Джереми Кларксон Румыниядағы түсірілім кезінде. Сибиу, 24 қыркүйек 2009 жыл.
Британдық танымал Top Gear телебағдарламасының жүргізушісі Джереми Кларксон Румыниядағы түсірілім кезінде. Сибиу, 24 қыркүйек 2009 жыл.

ВВС медиакомпаниясына сілтеме жасаған газеттің жазуынша, «топ мүшелері қызметін пайдаланған әуе компаниясына Мәскеуден Қазақстанға ұшуға рұқсат етпеген, сондықтан олар Лондонға кері оралған». Бірақ жоспарланған фильмді түсіру үшін олар Қазақстанға баруға бел буып отыр, ал ВВС «сапар құнын өндіріп алу үшін сотқа жүгінбек». «Sun дерегінше, сәті түспеген сапардың шығынышамамен 500 мың фунт тұрады. Топтың құр қол оралуына Қазақстан мен ресейлік «Аэрофлот» әуе компаниясының арасындағы дауға байланысты туған проблема себеп болған сияқты» деп жазады Times of Malta газеті.

Қазақстандық Air Astana компаниясы Ресей аумағы арқылы Монғолияға әуе рейстерін ашқаннан кейін туған бұл дау жайлы ертеректе Азаттық та жазған болатын. Air Astana компаниясы өкілдерінің айтуынша, Ресей өз территориясының үстінен ұшқаны үшін роялти төлеуді әрі «Аэрофлот» компаниясынан бөлек, тағы бір ресейлік әуе тасымалдаушысына Қазақстанға рейстер ашуға рұқсат беруді талап етеді. Air Astana өкілдері «Ресейдің бұл позициясы – Моңғолия бағытындағы бәсекелестікті жоюға тырысқан амал» деп болжаған. Ертеректе Ресей баспасөзі Қазақстанмен әуе қатынасын уақытша тоқтатқан «Аэрофлот» компаниясы өткен аптада Қазақстанға рейстер ұшыруға рұқсат алғанын жазған.

XS
SM
MD
LG