Accessibility links

Қазақ теннисінің қарқыны шетелдіктерді тамсандырды


Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс 2015 жылғы Уимблдон турнирінде.
Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс 2015 жылғы Уимблдон турнирінде.

Лондонда өтіп жатқан Уимблдон теннис турнирі қазақстандық спортшылар үшін табысты болды. Британдық Independent басылымы Қазақстан теннисінің бұлайша дамуы таңқаларлық деп жазады.

Әлемдегі ең ірі теннис додаларының бірі саналатын Ұлыбританиядағы Уимблдон турнирінде Қазақстан теннисшілері ешкім күтпеген жетістікке жетті. Зарина Дияс әлемнің 14-ракеткасы саналатын Андреа Петковичті жеңіп, Уимблдонның төртінші кезеңіне өтті. Енді ол Уимблдонның 2004 жылғы чемпионы, Ресей спортшысы Мария Шараповамен кездеседі.

Қазақстанның және бір теннисшісі Юлия Путинцева екінші раундта әлемнің 16-ракеткасы, америкалық спортшы Венус Уильямсқа 7-6, 6-4 есебімен жол берді. Қазақ теннисшісімен арадағы матчтан соң ВВС агенттігіне берген сұхбатында Уильямс: «Матч бітпей қойды. Қандай соққы жасасам да, ол жылдам қарымта жасап отырды» деген.

Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин.
Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин.

Ерлер арасында қазақстандық Михаил Кукушкиннің есімі ерекше аталды. Ол бірінші раундта әлемнің үшінші ракеткасы саналатын британдық Энди Меррейден 6-4, 7-6 (7-3), 6-4 есебімен жеңілді.

Матчтан соң ВВС-ге сұхбат берген Меррей ойынның өте ауыр болғанын айтты. Уимблдонның үш дүркін чемпионы, кезінде әлемнің бірінші ракеткасы аталған америкалық Джон Макинрой: «Кукушкин өте мықты қарсылас болды. Оның соққысы өте қатты, флет-бол болды. Меррейдікі қиыс кетіп, Кукушкинге мүмкіндік беріп жатты» деген.

«АДАМ СЕНГІСІЗ ЖЕТІСТІК»

Ұлыбританияның Independent газеті Зарина Диястың таңқаларлық жетістігін, Қазақстан теннисіндегі жалпы ахуалды талдап жазды. «Бұрынғы Совет одағының алыс түкпірінде, Қытаймен шекарада жатқан, кезінде ядролық қару түрлері сыналып, қуғындалғандар жер аударылатын аймақ болған Қазақстанда теннистің қарқынды дамуы британдықтардың түрлі кереғар пікірлеріне біраз өзгеріс әкелетін сыңайлы» деп жазады Independent басылымы.

Кезінде ядролық қару түрлері сыналып, қуғындалғандар жер аударылатын аймақ болған Қазақстанда теннистің қарқынды дамуы британдықтардың түрлі кереғар пікірлеріне біраз өзгеріс әкелетін сыңайлы.
Independent басылымы

Автордың пайымына жүгінсек, Қазақстанның суырылып алға шығуы осыдан жеті жыл бұрын спорттың бұл түріне салынған инвестицияның арқасы екен. Соның нәтижесінде Қазақстан «өз аумағында туған ойыншыларынсыз-ақ әлемнің элиталық Дэвис кубогына кіріп, одан тұрақты орын алды».

«Дегенмен, инвестицияның елдің өз ішінен салынғаны анық. Инвестор – Forbes журналының әлемдегі ең бай деген 800 адамның тізіміне енетін, теннисті құрмартатын әрі 1,32 миллиард фунт стерлингін қайда жұмсауды білмей жүрген қазақстандық банкир Болат Өтемұратов» деп жазады британ басылымы.

«Ресейліктер Михаил Кукушкинді, Андрей Голубевті, Евгений Королевті, Юрий Щукинді, болгариялық Сесилия Каратанщеваны «шетелден импорттап» жүргенде, Уимблдондағы үкілі үміт – 21 жастағы Зарина Диястың жарқ етіп көрінуі елді қаншалық марқайтып тастағанын бажайлауға болады» дейді мақала авторы.

Зарина Дияс 2015 жылғы Уимблдон турнирінде.
Зарина Дияс 2015 жылғы Уимблдон турнирінде.

Independent басылымының жазуынша, әу баста Қазақстан теннис федерациясы Зарина Диясқа аса мән бере қоймаған. Дегенмен, италиялық фитнес-бапкер Стефано Баральдо мен қытайлық олимпиадалық теннис бапкері Алан Маның арқасында Зарина Дияс осындай айрықша жетістікке жеткен.

«Алматыдан кетіп, Қытайда жаттыға бастағанда Зарина Дияс әлемдік рейтингте 230-орында тұрған. Былтыр Австралияда өткен Ашық чемпионатқа дейін ол Үлкен шлем турнирлеріне іліге алмай жүрді. Десе де, Мельбурндағы үшінші раунды оның суырылып алға шығуының басы болды. Содан соң Уимблдондағы төртінші раунд ойындары басталды.

Ол әлемдегі ең мықты жүз ракетканың тізіміне еніп, жоғары қарай өрлеп келеді. Уимблдонда аты дүниеге жайылып, әлемде 34-орынға шыққалы бері отандастары оған назар сала бастады» деп жазды Іndependent басылымы.

Орыс тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG