Accessibility links

"Біз білетін Путин режимі келмеске кетті". Саясаттанушы "Пригожин бүлігін" түсіндірді


Ресей президенті Владимир Путин халқына үндеу жолдап, бүлік бастағандарды айыптап тұр. Теледидар экранынан түсірілген сурет. 24 маусым 2023 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин халқына үндеу жолдап, бүлік бастағандарды айыптап тұр. Теледидар экранынан түсірілген сурет. 24 маусым 2023 жыл.

"Вагнер" тобының басшысы Евгений Пригожин әскерімен бірге Мәскеуге аттанып, орта жолдан райынан қайтты. Азаттықтың Грузин қызметі тәуелсіз журналист, саяси сарапшы Константин Эггертпен сөйлесіп, тез аяқталған "бүлік" Путин билігін қалай әлсіреткенін сұрады.

Эггерт Германияның Deutsche Welle халықаралық телекомпаниясына Ресей туралы саяси шолулар дайындайды. Ол бұрын BBC-дің Орыс қызметін басқарып, ресейлік "Дождь" тәуелсіз арнасында тележүргізуші болған.

Константин Эггерт
Константин Эггерт

– Ресейде не болды? Күні кеше ғана қандай оқиғаларға куә болдық?

– Көргенімізге анықтама беру қиын. Путиннің аты тікелей аталмаса да, оған қарсы нағыз әскери бүлікке ұқсайтын оқиғаға куә болдық. Бұл Путин жүйесіне кері әсер етті. Пригожин әскерін тоқтатып, "қантөгіс болғанын қаламаймын" деді. "Вагнерді" Мәскеуге жібергенде қантөгіс болуы мүмкін екенін ойламады ма? Ортадағы делдал – Беларусь президенті Александр Лукашенко екен. Сондықтан "Бұл не болды?" деген сұрақ маңызды, бірақ оның жауабы жоқ. Өйткені мұнда біз түсінбейтін механизмдер бар.

Бірақ бұл жағдай Путиннің өз жүйесіне ықпалын, соғыс жүргізу қабілетін әлсіретті. Режимді ұстап тұрған миллиондаған ресейлік мемлекеттік қызметкер арасында береке қашты. Біз білетін Путин режимінің ақыры таяды, Ресейде жаңа дәуір басталып келе жатыр деп ойлаймын. Бұл дәуір қазіргіден де жаман шығар, бірақ украиндарға қазіргіден сорақы не болуы мүмкін екенін елестету қиын. Енді Путин елді уысында ұстап отыр, өз тағдыры өз қолында деп ойламайтын болдық.

Пригожин осының бәрін не үшін жасады?

– Әзірге білмейміз. Бірақ Мәскеуге бара жатқан әскерді Лукашенко тоқтатқаны Путиннің ресейлік бюрократия алдында бұрынғы биігінен құлағанын көрсетеді. Пригожинмен сөйлесу үшін Лукашенкоға күні қарап қалды. Яғни, таңертең ғана "Пригожин сатқын" деген адам өзінен кіші серіктесі арқылы сол сатқынмен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды.

Бұған "Путин шынымен қорықты, оған тығырықтан шығар жол қажет болды" дегеннен басқа түсіндірме жоқ. Пригожин де қорықты. Өйткені жақсы дайындықтан өткен 15 мың жауынгер болды делік. Олар Мәскеуге басып кіре алар еді. Бірақ бұл әскер Мәскеуді немесе бүкіл елді бақылауда ұстап отыруға жетпейді. Қос тарап та келісімге келгендей кейіп танытуға тырысты деп ойлаймын. Бірақ бұл Пригожинді Путиннің деңгейіне көтерді. Бұл да Путиннің беделіне сын.

Қайткен күнде де жаңа саяси шынайылық басталды. Қарапайым халық не болғанын түсінді ме, жоқ па, маңызды емес. Азаматтардың көбі селқос күйінде қалды. Бірақ азаматтар, әсіресе, елдің оңтүстігіндегілер болған жағдайға қатты алаңдады. Екіншіден, Путин ел басқаруда арқа сүйеген жергілікті федералды қауіпсіздік қызметінің басшылары, полиция мен мемлекеттік корпорация өкілдері Путин жағдайды толық бақылауда ұстай алмайтынын түсінді. Бұл әлі хикаяның соңы емес.

– Пригожин тірі екенін, еркіндікте жүргенін біле тұра, Путин тыныш ұйықтай ала ма?

– Қазірге дейін көргеніміз Том Клэнси романының жақсартылған нұсқасы сияқты. Путин енді ұйықтай ала ма, отставкаға кете ме, әлде Пригожиннің көзін құрта ма, білмеймін. Пригожин тірі қалу ықтималдығы төмен екенін түсінеді. Бірақ бұл оқиғаның маңызды элементі соғыстан көрінеді. Осының бәрі Украинаға қарсы агрессиямен байланысты сияқты. Жақында белгілі болады. Алда болатын оқиғалардан хабар беріп жатқандай. Өйткені ондай шешімдерсіз бәрі қиындап кетеді.

– Путин жүйесіне сызат түсті дедіңіз. Жұрт Путин қанша жаман болса да, елде тұрақтылық болғаны үшін шыдап отырғандай еді. Бірақ осы жолы Украинадағы емес, Дондағы Ростов және Воронеж қалаларындағы үйлер өртенді. Енді Путиннің «тұрақтылығына» деген көзқарас өзгере ме?

– Қоғам тұрғысынан алғанда, Ресейдегі жағдай қарапайым. Қоғамның басым бөлігі әрекетсіз отырды. Пригожинді қолдайтын митингілер болмады. Мәскеуде де Путинді жақтап, Пригожинге қарсы пікір айтқан демонстранттарды байқамадық. Ресей әскерінде де жаппай бүлік болмады. Халық қантөгіс болмағанына шүкіршілік етіп отыр. Қалыпты өмірге оралуға тырысайық. Александр Пушкиннің XVII ғасырдың басында Ресейде болған аумалы-төкпелі кезең туралы "Борис Годунов" деп аталатын маңызды пьесасы "Халық үнсіз" деген жолмен аяқталады.

"Вагнер" жалдамалы әскерінің жетекшісі Евгений Пригожин Дондағы Ростов қаласын тастап шығып бара жатыр. 24 маусым 2023 жыл.
"Вагнер" жалдамалы әскерінің жетекшісі Евгений Пригожин Дондағы Ростов қаласын тастап шығып бара жатыр. 24 маусым 2023 жыл.

Бірақ халық үнсіз отырғанымен, билік үшін талас тоқтамайды. Бұл режим бұрынғыдай болмайды. Көбі Путинге енді басқаша қарайды. Не болғанын түсінуге тырысамыз. Тұрақтылық та, маңызды шешім қабылдаушы тұлғалар да жоғалды. Оны қалыпқа келтіре алмаймыз. Бұл Путиннің қолдан жасаған қойылымы болса (олай болғанына сенбеймін), өзіңді мазақ қылған адамға қалай сенуге болады? Путиннің қатысы болмаса, әзер орнында қалғаны түсінікті. Екі жағдайда да Ресей жүйесіне жік түседі. Путин Кремльде отыратын уақыт қысқарды.

Философиялық сұрақ қояйын. Пригожиннің ниеті қандай болса да, бұл жағдай орыстар украиндарға қарсы күш біріктіре алмай, бір-бірін өлтіруге көшті дегенді көрсетеді. Осыған қарап, қазіргі Ресей туралы не айтуға болады?

– Қоғам ішінде елеулі моральдық дағдарыс болып жатыр. Бұл Ресей қоғамын енді ешқашан аяққа тұрып, өз еліне жақсылық жасай алмайтын күйге жеткізуі мүмкін. Пригожин оқиғасы Ресей қоғамындағы моральдық дағдарыстың тереңдігін дәлелдеді. Олар Путинді қолдамайды, бірақ қарсы да шықпайды. Мемлекеттің басқаларды қырып жатқанында шаруасы жоқ. Қарулы топ қаланы басып алып, кейін кері шегінгеніне де таңғалмайды.

Бұл қоғамда азаматтар аз. Кремльде кім отырса да, халыққа таңдау ұсынады. Ал Ресей қоғамы оны сөзсіз қабылдайды. Елдегі басты мәселе – осы. Мәселе – қаруда немесе демографияда емес. Қоғам жоғарыдан түскен кез келген бұйрықпен келіседі. Көбі ерікті-еріксіз түрде шынайылықтан алыстағысы келеді. Мұндай жағдайда кез келген өзгеріске халықтық-демократиялық революция емес, элитааралық күрес себеп болады. Алдағы апталар мен айларда осыған куә боламыз деп ойлаймын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG