Мемлекеттік айыптаушы саяси белсенді Ермек Нарымбаевқа 3 жыл бас бостандығынан айыру және бес жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салу жазасын сұрады. Астанадағы ауданаралық қылмыстық сотта өткен жарыссөзде прокурор Кристина Ким Нарымбаевқа заңды күшіне енген сот актісін орындамай, Қылмыстық кодекстің 430-бабын бұзды деген айып тақты.
Нарымбаев сотта әлі соңғы сөзін айтқан жоқ. Бұған дейін ол тағылған айыпты жоққа шығарып, оны негізсіз деп атаған.
Прокурордың айтуынша, Ермек Нарымбаев "дәл осындай әрекеттері үшін бұрын да әкімшілік жазаға кесіліп, пробация қызметінің ескерткеніне қарамастан құқыққа қарсы әрекеттерін жүйелі түрде жалғастырған".
Ақпанның басында ұсталып, қамауға алынған Ермек Нарымбаевтың соты биыл 10 маусымда басталған. Бірақ оған ақпарат құралдары кіргізілмеді. Туыстары сотта Нарымбаевтың құқықтары бұзылды деп судьяға сенімсіздік білдірген.
Нарымбаев Бішкекте ұсталып, күштік құрылым өкілдерінің көмегімен Астанаға жеткізілген. Адвокаты Василий Садықов қорғалушысына қатысты "заңсыз әрекеттер жасалды" және ол Қырғызстанда "депортациялау немесе экстрадициялау туралы сот қаулысы болмағанына қарамастан, құқықтық процедураларды бұза отырып ұрланып, Қазақстанға берілді» деп есептейді.
Бұған қоса ол Ермек Нарымбаев Конституция жобасын сынау арқылы "конституциялық құқығын пайдаланды" деп санайды. "Құқықтық мемлекет саяси плюрализмге ешқандай шартсыз мүмкіндік береді. Кез келген адам қоғамдық-саяси тақырыпқа пікір білдіріп, Конституция жобасының қай тұсымен келіспейтінін айта алады" деді Садықов Азаттыққа.
Іс бойынша келесі отырыс 27 шілдеге жоспарланған.
Қамалардан бұрын Нарымбаев әлеуметтік желіде конституциялық реформаны талқылап жазба жариялаған. Facebook-те 3 ақпанда жарияланған кейінгі постында Нарымбаев: "Билік [Конституция жобасы бойынша] пікірталаста жеңілген соң ашуға басып, репрессияға көшті" деп жазған.
2023 жылы қыркүйекте шыққан үкім бойынша Нарымбаевтың "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот үкімін орындамады” деген айып тағылған.
Ермек Нарымбаев 2000-жылдардың басынан белсенділігімен көзге түскен. Осы кезге дейін оның үстінен оннан астам іс қозғалған. Соның төртеуінде қылмыстық іс бойынша жаза кесіп, өзге істерде әкімшілік жауапқа тартқан.
- 2010 жылы Нарымбаев сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етіп, "Назарбаев, кет!" деп ұрандап, митингіге шыққан. Сол жылы "сотты құрметтемеді", "полицияға күш көрсетті" деген айыппен 4 жылға бостандығынан айырылып, колонияға жіберілді. 2012 жылы қамаудан босап шықты.
- 2016 жылы сот оны "Алауыздық тудырды" деген айыппен екі жылға бостандығынан айырған. Кейін апелляция соты белсендінің жазасын жеңілдетіп, қамау жазасын еркіндігін үш жылға шектеу жазасына ауыстырған. 2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбаев Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға эмиграцияға кетіп, 6 жыл Киевті паналады.
- 2022 жылы Алматыға ұшып келген бетте әуежайда ұсталып, 1,5 жыл бойы түрмеде отырып, 2023 жылдың жазында босап шыққан еді. Қазіргі процесс, қоғамдық-саяси қызметпен айналыспау туралы тыйым осы істен басталып отыр.