Қырғызстаннан ұстап әкелді
Қазақстандық белсенді Ермек Нарымбаев Астана сотының шығарған шешіміне сай, 3 сәуірге дейін қамауда болады деп хабарлады Азаттыққа белсендінің адвокаты Василий Садықов.
– Ермек Нарымбаев қызы мен жиендеріне баруға 1 ақпанда Алматыдан Бішкекке ұшқан. 3 ақпанда күндіз сағат 12-де оны Қырғызстанның ішкі істер органы полковнигі мен подполковнигі ұстап, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекетіне апарып, сол жерде Қазақстан жағына тапсырған. Қордайдан Балқаш, одан ары Қарағанды арқылы Астанаға жеткізді. 4 ақпанда ол Астанада болды. Өткен түні сағат бірге дейін отырдық. Тергеу болды. Сот оны екі айға қамады, – деді адвокат Василий Садықов 5 ақпан күні.
Адвокат белсендіні қылмыстық бап бойынша жауапқа тартқалы жатқанын, мұндай шешімге келіспейтінін айтты.
2023 жылғы қыркүйекте шыққан сот үкімі бойынша Ермек Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешімді алға тартқан билік орындары белсендіге "сот үкімін орындамады" деген айып таққан.
Қамалардан бұрын Нарымбаев әлеуметтік желіде конституциялық реформаны талқылап жазба жариялаған. Facebook-те 3 ақпанда жарияланған кейінгі постында Нарымбаев: "Билік [Конституция жобасы бойынша] пікірталаста жеңілген соң ашуға басып, репрессияға көшті" деп жазған.
Адвокатының айтуынша, Нарымбаев "Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау" бабы (Қылмыстық кодекстің 430-бабы) бойынша айыпталып отыр. Айыбы дәлелденсе оған үш жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы кесілуі мүмкін.
Полиция әзірге Нарымбаевтың қамалуына қатысты пікір білдірген жоқ.
55 жастағы Ермек Нарымбаев бұған дейін 2024 жылғы қазан айында "сот шешімін орындамағаны үшін" әкімшілік жаза арқалап, бес күн қамауда отырып шыққан. Ол кезде сот белсендіні АЭС туралы референдум қарсаңында бақылаушылар жұмысы бойынша кеңес бергені үшін кінәлі деп таныған.
Сол референдум қарсаңында елде ондаған белсенді ұсталып, кейбірі қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген еді. Бұған байланысты пікір білдірген сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев пен мәжіліс спикері Ерлан Қошанов "барлығы заң аясында жүріп жатыр" деп мәлімдеген.
"Белсенділер саяси көзқарасына бола ұсталған жоқ, олардың заң бұзуына байланысты мәселе болған... Қазақстанда азаматтардың саяси құқығы шектелмейді", – деді Әшімбаев.
"Мемлекет басшысының жариялаған негізгі ұстанымы қандай? Ол заң мен тәртіп. Бізде заң бар, бізде тәртіп бар. Сол заңды ешкім бұзбауы керек, тәртіпті сақтауы керек. Сондай кезде ешқандай әңгіме болмайды деп ойлаймын", – деген Азаттыққа Қошанов.
Ал құқық қорғаушылар бұл биліктің белсенділерді оқшаулап, наразылық білдіруіне жол бермеу қарекеті болуы мүмкін деген пікір айтқан еді.
"Саяси астары бар" айыптармен қудаланған белсенді
2000 жылдардың басынан белсенділігімен көзге түскен Ермек Нарымбаевтың үстінен билік осы уақытқа дейін оннан астам іс қозғаған. Соның төртеуінде қылмыстық іс бойынша жаза кесіп, өзге істерде әкімшілік жауапқа тартқан.
2016 жылғы қаңтарда Қазақстан соты Мұрат Телібековтің "Ветер с улицы" кітабының үзіндісін әлеуметтік желіге жариялағаны үшін "Алауыздық тудырды" деген айып тағылған екі белсендіні кінәлі деп танып, Ермек Нарымбаевты үш жылға, Серікжан Мәмбеталинді екі жылға бостандығынан айырған. Кейін екеуі де ісіне "өкінетіні" жайлы хат жариялады.
Тергеу абақтысында бір айдан астам аштық жариялап жатқан Нарымбаевты үйқамаққа ауыстырған соң, ол наразылық акциясын тоқтатқан. Кейін апелляция соты белсендінің жазасын жеңілдетіп, қамау жазасын еркіндігін үш жылға шектеу жазасына ауыстырған. 2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбаев Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға кетіп қалды.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қантөгіспен аяқталған Қаңтар көтерілісінен кейін "билік пен халық арасында диалог құруға дәнекер болам" деп мәлімдеген Нарымбаев бес жарым жыл бұрын жасырын кетуге мәжбүр болған отанына 2022 жылғы 6 ақпанда оралған еді. Полиция оны Алматы әуежайының күту залына жеткізбей ұстап, қамаған. 17 ақпанда белсендіні "жазасының қалған бөлігін өтеу үшін" Заречныйдағы ЛА 155/14 мекемесіне ауыстырды. Ол шамамен 1,5 жыл түрмеде отырды. 2023 жылғы шілдеде жазасының өтелмеген бөлігі бостандықты шектеу жазасына алмастырылып, белсенді қамаудан босап шыққан.
Ермек Нарымбаев түрмеде отырған кезде қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізді. Белсенді бірнеше жыл бұрын да "саяси тұтқын" деп танылған. Қазақстан билігі елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси көзқарасына бола қудаланбайды дейді.
"Назарбаев, кет!"
Ермек Нарымбаев 2000-2001 жылдары Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген.
2001 жылы қазақ-өзбек шекарасын демаркациялаудан кейін Өзбекстанға берілетін сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бағыс пен Түркістан ауылдарын қорғау жөнінде жастар қоғамдық комитетін басқарды.
2000-жылдардың ортасында Нарымбаев Қазақстан орталық сайлау комиссиясының елде электрондық дауыс беру жүйесін енгізуіне қарсы қоғамдық бастама көтерді. Ол мұндай жүйе сайлау мен референдум кезінде дауыс беруді бұрмалау құралына айналады деп мәлімдеді.
2009 жылы Нарымбаев "Арман" қозғалысын құрып, ипотека несиесін алушылар құқығын қорғаумен айналысты. Сол кезден бері билік оның үстінен оннан астам іс қозғады. Соның төртеуінде қылмыстық іс бойынша жаза кесіп, өзге істерде әкімшілік жауапқа тартқан.
2010 жылғы 30 қаңтарда Алматыдағы "Сарыарқа" кинтотеатры артындағы саябақта "Азат" жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұйымдастырған билік рұқсат еткен митингі өтті. Онда қабылданған қарарда қазақ жері қандай да болмасын әдіс-тәсілмен шетелге жалға берілмесін және сатылмасын деген талап айтылды. Митингіні жүргізген ЖҰСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов сөз бермей қойған соң, Ермек Нарымбаев бастаған бірнеше адам сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орнынан кетуін талап етіп ұрандаған. Полиция оларды ұстап әкетіп, әкімшілік іс қозғады.
Сол жылғы 1 мамырда Алматыда ел президентінің қызметтен кетуін талап еткен демократиялық күштер жиынында Ермек Нарымбаев "Назарбаев, кет!" деп ұрандаған. Сол күні белсендіні полиция әкетіп, "тәртіп бұзды" деген айыппен 15 күнге абақтыға жапты.
Қамауда отырған кезде белсендіге "сотты сыйламады " және "полицейлерге қарсыласып, күш көрсетті" деген айыптар тағылды. Ал 26 маусымда Алматының Бостандық аудандық соты осы екі айып бойынша Ермек Нарымбаевты кінәлі деп тауып, төрт жылға бостандығынан айырып, түзеу мекемесіне жіберді. 2012 жылғы 25 ақпанда билік рақымшылық жасап Нарымбаевты қамаудан босатқан.
Белсенді қамауда болған кезде өзіне жасалған қысым мен азаптауларға аштық жариялап қарсылық білдірген. 2022 жылы кезектен тыс президент сайлау қарсаңында Нарымбаев сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап етіп, 54 күн қатарынан аштық жариялаған. Екі айға жуық тек су ішкен белсенді 20 келі салмақтан айырылып, денсаулығы сыр берген.
2010 жылы Алматы облысындағы түрмеде 73 күн аштық ұстаған Нарымбаев 41 келі салмақ тастаған. Сол кезде де белсенді өзі жариялаған аштық акциясы "жеке басына жасалған әділетсіздіктерге" қарсылық екенін айтқан.