Accessibility links

Прокурор Оразалы Ержановтың бостандығын 4 жылға шектеуді сұрады

Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержанов (оң жақта) және оның адвокаты Виталий Воронов. Алматы, 28 сәуір 2026 жыл.
Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержанов (оң жақта) және оның адвокаты Виталий Воронов. Алматы, 28 сәуір 2026 жыл.

22 мамырда прокурор Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі Оразалы Ержановтың бостандығын 4 жылға шектеуді сұрады. 5 жыл қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салуды өтінді.

Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі Оразалы Ержанов "Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергi жасау" (150-бап, 2-бөлік, 3-тармақ) бабы бойынша айыпталып отыр. Ол Қазақстан Конституциясы жобасы бойынша референдумға "ақылды бойкот" жасау жөнінде бастама көтергеннен кейін ұсталған.

Айыптау актісінде Ержановтың 12 ақпанда Facebook желісінде жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға "EGOV қосымшасы арқылы бойкот жариялауға" және "Орталық сайлау комиссиясына референдумнан бас тартуға" шақырып, жазба жариялағаны жазылған. Бұған қоса, референдум өтетін күні "жаңа Конституция жобасын талқылау мақсатында Түркістанда нағыз халық құрылтайын өткізуге" үндегені жазылған.

Ержанов сотта өзіне тағылған айыппен келіспеді. Ол Конституция жобасына қарсы үгіт-насихат жүргізу қылмыс емес екенін алға тартты.

"Айыптау жағы менің позициямды дәлелдеді, бірақ қылмыс жасағанымды емес" деді Ержанов жарыссөз кезінде.

Ол соңғы сөзінде өзін ақтауды сұрады.

26 ақпанға қараған түні Ержановтың үйінде тінту жүргізілгеннен кейін ол әуелі 10 күнге қамауға алынды. Полиция "сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру фактісі бойынша" іс тергеліп жатқанын хабарлаған.

"Әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат, референдумға бойкот жариялауға шақырулар және шетелдік юрисдикцияда тіркелген байланыс нөмірлерін пайдалану арқылы азаматтарды жаңылыстыруды көздейтін өзге де мәліметтер қамтылған жарияланымдар анықталды" деген еді полиция өкілдері мәлімдемелерінде.

Жақтастарының айтуынша, Ержановтың Facebook-тегі аккаунтынан оның Конституцияны сынаған және референдумге бойкот жариялау идеясы жазылған барлық жазбасы жоғалып кеткен.

5 наурызда Алматы соты Ержановты екі ай қамауда ұстауға санкция берген еді. Ал 16 наурызда, Конституция бойынша референдум өткен күннің ертесіне сот шешімімен ол абақтыдан үйқамаққа ауыстырылды.

Оразалы Ержанов – заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелерімен айналысатын Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі.

Айдар
XS
SM
MD
LG